Мәслихат

Тұрғындармен жиі кездесеміз

Биыл – Астана қаласының жергілікті бірпалаталы заң шығарушы органы Астана қаласының мәслихатына 30 жыл. Елге қызметті абыройлы атқарған халық қалаулылары аз емес. Соның бірі – Астана қаласы мәслихатының VIII шақырылымының депутаты, Ерке­ғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның директоры Ерлан ДӘКЕНОВ.

Ерлан Ерғазыұлы – Астана қаласы мәслихатының VII, VIII сайланымының депутаты, Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары.

Халық қалаулыларының қоғамдағы рөлі туралы Ерлан Дәкенов былай деп әңгімелеп берді.

– Биыл – барлық деңгейдегі мәслихаттар үшін мерейтойлық жыл, мәслихатқа – 30 жыл. Депутат болу, әрине, үлкен міндет. Ал халық сенімін ақтау, шешім табу, айтқаныңды орындау зор жауапкершілік жүктейді. Қоғамның үнін тыңдап, қоғамның өзекті мәселелерін тыңдап жүргендіктен, Сарыарқа ауданынан депутат болып сайландым. Партияішілік праймеризде бағымды сынап көріп қатысып едім, нәтижесінде алғашқы депутаттың бірі ретінде сайлаушыларым мені таңдады. Сарыарқа ауданына қарасты Агроқалашық аумағында тұрғындармен кездесіп, түрлі мәселені шешуге тырыстым. Ауладағы гүлбақтар (сквер), жаяу жүргіншілер жолы (тротуар), түрлі үйірме, тағы басқа мәселелерін шешіп жүріп, тұрғындар талап-тілегін орындай отырып, тәжірибе жинақтадым. Халықтың көңілінен шығу – парыз, алғыс алу жігерлендіреді, сондықтан қызмет барысында түрлі мәдени іс-шараға атсалыстым. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелер маңызды. Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары болғандықтан, тұрғындар мәселесіне жіті көңіл бөлдік. Әрине, келушілер аз емес, көбіне алдыңа жағдайы төмен отбасылар, баспана мәселесіне қатысты жанайқайымен келетін адамдар бар. Шешімін табатын мәселелер де бар, қиындық туғызатын да проблемалар жетерлік. Ондайда депутаттық сауал жолдап, шешуге тырысамыз. Мүгедек жандар арбасына қатысты мәселелер, инватакси, пандус, автобустардың арбадағы мүмкіндігі шектеулі жандарды алмай кеткен қолайсыз жағдайлары, газ, су, азық-түлік мәселесі, тағы басқа өзекті проблемалармен келетін тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, барынша көмек береміз. Мектептерге қатысты да сұрақ көп. Жол картасы бойынша, жоспарға сәйкес, алдағы уақытта оқу орындары салынып жатқанын түсіндіріп өтеміз. Кей әлеуметтік нысандар, ғимараттарға бөлінген қаржының кешеуілдеуіне, я басқалай себептеріне байланысты себептерін түсіндіріп жатамыз, қолдан келгенше тұрғындар өтінішіне құлақ асамыз. Филармонияның директоры ретінде 13 өнер ұжымы, гастрольдік сапары, түрлі ұйымдастыру мәселесімен қоса депутаттық қызметті атқару үлкен жауапкершілік, тәжірибе жинақтау деп айтар едім. Астана қаласы мен үшін ыстық. Қаланың салынып жатқаны, көркейгені – бәрі көз алдымда. Елордада сонау 1994 жылдан бері тұрамын. Ақмоладан бастау алып, халықаралық деңгейдегі әсем қалаға айналғанына, жайқалып өскеніне қатты қуанамын. Астана – жастардың қаласы, мол мүмкіндіктер алаңы. Кәсіби қызметімді осындай халыққа қажетті қоғамдық қызметпен ұштастырғаныма қуаныштымын, – дейді Ерлан Ерғазыұлы.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button