Руханият

Туған үйді тастау трагедиясы

Халқымызда «Туған үйдің түтіні де ыстық» деген сөз бар. Осыған ұқсас «Туған үйдің түтіні жылы, Туған ананың күтімі жылы» деген мақалды да реті келгенде қолданып жатамыз. Қазақ поэзиясында туған үй туралы біраз өлең де кездеседі. Соның ішінде үш шығарманың бізге әсері ерекше. Бұл – көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің «Туған үй туралы баллада» өлеңі, талантты ақын Алмас Темірбайдың «Біздің ескі үй» және ақын, ғалым Ерболат Баятұлының «Мен өскен ағаш үй» атты жырлары.

Ауылда туып өскен, есейгенде арман қуып қалаға аттанған, ақыры шаһарда тұрақтап қалған қазақ баласын алтын бесік – ауыл, туған жер мәселелері толғантпай қоймайды. Қазақтың ауылдан қалаға көші кешегі қиын-қыстау 90-жылдары басталып, әлі де толастамай келе жатыр. Бүгіндері елімізде ауыл тұрғындарына қарағанда қала халқының саны басым. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың 1 мамырына дейін ел тұрғындарының саны 20118478 адамға жеткен. Соның ішінде қала халқының саны – 12533471, ауыл тұрғындары 7585007 адамды құрайды.

Сатып алатын адам болмаған соң, ауылдағы талай үй қаңырап қалып жатыр. Жоғарыда аттары аталған үш ақынның жырларында туған үйді тас­тау трагедиясы бейнеленген. Бұл – біздің де басымыздағы бар жағдай. Жуырда туған ауылымызға жол түсіп, ата-әжеміз, әке-шешеміздің басына барып, құран оқыған соң, тұрған үйі­мізді көрейік дедік. Қаңқасы ғана қалған екен. 1996 жылы ауылдан көшкенімізде үйіміз бос қалған еді. Содан әлдебіреулер есік-терезесін, төбесін бұзып алып кетіпті. Саманнан құйылғаннан кейін кірпішін керек қылмаған секілді. Бұл жүректі ауыр­татын көрініске тап болған соң, Ұлықбек Есдәулеттің өлең жолдары еріксіз еске түсті. Ақынның әкесі қалаға көшкенде үйін сатпай, Балуан атты ауылдасқа тастап кеткен екен. Соны ол мал қораға айналдырған. Мұны Ұлықбек ақын жыр тілінде былай кестеледі:

…Көшерде әкем қалаға:

«Тәңір жазса,

Балуан інім

Бұл үйге бауыр басса…

Көзім тірі кезімде кеп тұрам» деп»,

Сатпай кеткен ақшалы

ауылдасқа.

 

Сатпады әкем, сыйлады

туысқанға, –

«Жарайтұғын інім, деп,

ту ұстарға».

…Ата-анамның көзіндей сол

құтхана

Себеп болды туыспен суысқанға…

 

…Ну ағашын отынға

қырқып алған,

Бар жемістің түбірі –

жұрты қалған,

Гүл бағымыз айналып мал қораға,

Туған үй тұр қалқиып тұрқы

зордан…

 

Алмас Темірбайдың «Біздің ескі үй» мен Ерболат Баятұлының «Мен өскен ағаш үй» өлеңдерінің әндері бар. Бұл туындылармен сол әндерді тыңдау арқылы таныстық. Алғашқысының әуенінің авторы – Қанат Қалтай, орындаушысы – Ерлан Мұха­медьяров. Өлеңді толық келтірейік:

Осы үйде бәріміз өскенбіз,

Осы үйден ер жетіп кеткенбіз.

Шаңырағы киелі,

Шағын ғана үй еді.

Талай жыл өтіпті-ау арада,

Тарыдай шашылдық қалада.

 

Ескі үйім-ай, қалыпсың-ау

қартайып,

Кәрі шалдай бір жағыңа

жантайып;

Еніп тұрмын есігіңе еңкейіп,

Келіп тұрмын қара басым

қалқайып.

 

Сенде өткен бақытты балалық,

Сенде өсіп жан-жаққа тарадық.

Атам қайда, атам-ау,

Апам қайда, апам-ау?!

Ештеңе естімей құлағым,

Ешкімге көрсетпей жыладым.

 

Есігі бұзылған ескі үйім,

Не істейін мен саған, не істейін?!

Көп екен ғой қатеміз,

Айтушы еді әкеміз

«Осы үйге болар деп кім ие?»

Осы ма опасыз дүние…

Ерболат Баятұлының «Мен өскен ағаш үй» өлеңіне жазылған әннің авторы да, орындаушысы да – Жәнібек Кәрменовтің соңғы шәкірттерінің бірі, талантты әнші, актер Құмарбек Қалқатай. Автордың бізге тыңдатқаны болмаса, бұл туынды ән ретінде әлі көпшілікке жете қоймады.

Еріксіз қараймын өткенге,

Ауылда, анау бір шеткерде.

Әкемнің қолымен салынған,

Мен өскен ағаш үй төрт бөлме, – деп басталатын өлең 10 шумақтан тұрады. Соңғы шумақтарын ғана ­жариялайық:

Алаңсыз, амалсыз өтті күн,

Демеймін тірлікке ептімін.

Уақыт көшкіні астында,

Сол үйдің жұрты да жоқ бүгін.

 

Уақыт осылай көшеді,

Бар екен оның да есебі.

Мен өскен ағаш үй төрт бөлме –

Өткен өмір ғой кешегі.

 

Домбыра қоңыр үн шерткенде,

Мақсұтқа, сірә, адам жеткен бе.

Әкешім, анашым, төрт бөлме –

Үшеуі дәл қазір жоқ менде…

Жалпы туған үйге деген сағыныш әлем әдебиетінде де кездеседі. Туған үй түгілі, туған елден жырақта өмірі өтіп, жат жерден топырақ бұйырған, орыс қаламгерлері арасында Нобель сыйлығын тұңғыш иеленген Иван ­Буниннің бір қысқа өлеңін кезінде былай қазақшалаған едік:

Ұясы бар құстың,

апаны бар аңның,

Жас жүрегім қайғылы күйінде:

Ауласынан кетіп ата мен

анамның,

«Кешір» деп еді туған бұл үйіме.

 

Апаны бар аңның, ұясы бар

құстың,

Жүректің мұңды бір үні шығып:

Жалдап мен тағы да бөтен

үйге түстім,

Ал қолымда тозған түйіншегім.

Ерболат Баятұлы «Мен өскен ағаш үй» өлеңін былай түйіндейді:

Қарлығаш жетуші еді көктемде,

Сағыныш тұтатқан өрт кеуде.

Өткен күн – көрген түс сияқты,

Жаратқан, барымды көп көрме.

Бізге де шүкір етуден басқа амал жоқ…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button