Басты ақпаратҚала мен Сала

Туристерге тартымды шаһар



Жыл өткен сайын бас қала туристер үшін тартымды қалаға айналып келеді. Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметі бойынша өткен жылы елордаға 1036921 отандық турист келсе, 287126 шетелдік турист қонақ болған. Бас қалада ішкі туризмнің негізгі түрлері: mice-туризм, іскерлік туризм және медициналық туризмнің даму қарқыны көңіл қуантарлық.

Арқадағы Астана туристерді ­магнитше тартатын қалаға айналды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елордаға ағылған турис­тердің саны 2022 жылмен салыс­тырғанда 12,3 пайызға артып, 1324047 адамды құрады. Соның ішінде: 1036921-і – отандық туристер, 287126-сы – шетелдік туристер. Мұндай ресми ақпаратты қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының туризм бөлімінен алдық.

Ішкі туризмнің үш түрі дамып келеді

Астанада ішкі туризмнің негізгі түрлері: mice-туризм, іскерлік туризм және медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Осылардың ішінен медициналық туризмге нақты мысал келтірейік. Мәселен, биыл 27-28 сәуірде халықаралық деңгейдегі жетекші дәрігерлер мен медицина саласының ғалымдары Астанада бас қосты. Инновациялық-профилактикалық медицина институты ұйымдастырған ең ауқымды медициналық фестивальдің бірі – «Nobel Fest: медициналық инновациялар» атты халықаралық форум өтті. Әлемге әйгілі 40-тан астам ғалымдар мен дәрігерлер ғылым, инновация және білім беру мәселелерін бірігіп талқылады. Ресейдің бас геронтологы Ольга Ткачева, молекулалық патология саласындағы жетекші маман Игорь Кветной, про­фессор, медицина ғылым­дарының докторы, «Серпін» сыйлығының иегері Паскаль Майер және жетекші америкалық нейрохирург Сәлім Абдулрауф секілді медицина саласындағы сарапшылар алқалы жиынның негізгі спикерлері болды.

«Форум бізге дербес медицина, биоинформатика, жасанды интеллект және клиникалық медицинаның әртүрлі бағыты бойынша алдыңғы қатарлы халықаралық деректермен танысуға бірегей мүмкіндік ұсынды. Сондай-ақ бұл жерде адам ағзасының нейро-иммуноэндокриндік реттелуі саласындағы іргелі зерттеулер мен дің жасушаларын зерттеудегі соңғы жетістіктер туралы өзекті ақпарат берілді» деді жиынның ашылу салтанатында «Инновациялық-профилактикалық медицина институты» корпоративтік қорының директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Валерий Бенберин.
Ресей геронтологиялық ғы­лыми-клиникалық орталығының директоры, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс гериатры Ольга Ткачева бүгінгі таңда адамның ұзақ жасауы мен өмір сүру ұзақтығына қандай факторлар әсер ететіні жайлы айтты.

«Соңғы 100 жылда медициналық технологияның дамуы арқасында туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы шамамен 30 жылға ұзарды. Орташа өмір сүру ұзақтығы да артты, бірақ максималды өмір сүру ұзақтығы жоғарыламады. Қазіргі кезде тіркелген ең максималды өмір сүру ұзақтығы – Жанна Калмоньдікі, 122 жыл 164 күн. Жүйенің мүшелері әртүрлі қарқынмен қартаяды, биологиялық жасты қадағалау үшін жүрек-тамыр жүйесін, метаболизм жүйесін, когнитивті функцияларды, көру органдарын және т. б. қадағалау керек. Сондықтан қартаюдың әртүрлі биомаркеріне негізделген әртүрлі калькулятор жасалып жатыр. Осындай калькуляторды пайдаланып, қан тамырларының жасын анықтауға болады» деді ол.

Молекулалық патология саласындағы жетекші маман Игорь Кветной: «Мұндай ғылыми фес­тивальдерді өткізу – Қазақстан, Астана үшін орасан зор оқиға, әрі бұл іргелі білімнің дамуына ықпал етеді. Білім – біздің басты капиталымыз. Ал мақсатымыз – адамзатты сақтауға және адам өмірін құтқаруға бағытталған ғылым, өнер және кәсіпті біріктіретін заманауи медицина жетістіктерін сіздерге таныстыру» деген ойын жеткізді.
Фестивальдің басты мақсаты – мыңдаған қазақстандықты білім, ғылым және инновацияға шабыттандыру. Nobel Fest жыл сайын 100 елден 500 мың қатысушы мен 500 университетті жинай отырып, ұзақ мерзімді даму мен ең жақсы болашақты қалыптастырудағы білім мен жан-жақты оқытудың рөлі туралы идеяны таратады.

Елорда туристерге қолайлы ма?

Ресми мәліметтерге сүйен­сек, қазіргі кезде Астанада 17,5 мың төсек/орынға (9439 бөлме) арналған 257 қонақүй жұмыс істейді. Олардың бәрі eQonaq жүйесіне қосылған. Соның ішінде бес жұлдыздысы – 8, төрт жұлдыздысы – 11, үш жылдыздысы – 5. 205 қонақүй ешқандай санатқа жатпайды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне үңілсек, 2023 жылдың ІІІ тоқсанында елордадағы қонақүйлердің орташа толымдылығы 30,1 пайызды құраған.
Астана қаласының әкімдігі туристік инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Қалаға келген туристерге ең алдымен керек нәрсе – көлік пен ақпарат. Осындай мақсатпен Нұрсұлтан Назарбаев әуежа­йында және «Астана-Бәйтерек» монументінде туристерге арналған ақпараттық дүңгіршектер жұмыс істейді. Сонымен бірге izi.travel халықаралық платформасында Астана қаласы бойынша аудио-турларға қолжетімділіктің болуы әрбір турис­ке ыңғайлы. Онда елордадағы 164 танымал нысан бойынша экскурсия жүктелген. Бас қалада жаяу жүргіншілерге бағыт-бағдар сілтейтін бірыңғай жүйе де бар. Онда 15 афиша тұғыры, 139 бағыт сілтегіш, 108 пилон біріктірілген.

«Astana City Pass» туристік карта жобасының көмегімен кез келген турист қаланың көрікті жерлеріне лезде бара алады. Өйткені туристік карта 11 мәдениет нысанына 70 пайызға дейін жеңілдікпен баруға мүмкіндік береді. 1 картаның құны 24 сағатқа – 9990 теңге, 72 сағатқа – 13990 теңге. Сондай-ақ шетелдік туристерге «Red Bus» экскурсия автобусы қызмет көрсетеді. Бұл автобустардың барлығы аудиогидпен жабдықталған. Онда туристерге экскурсия 8 тілде: қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, түрік, француз, испан тілдерінде ұсынылады.

Қызмет түрлері қандай?

Туристерге арналған қызмет түрлерін жақсарту мақсатымен visitastana.kz ақпараттық жүйесі іске қосылған. Бұл жүйеде мынадай қызмет түрлері бар: aviata.kz қызметімен интеграциялаудың нәтижесінде әуе билеттерін оңай сатып алуға мүмкіндік бар; booking.com халықаралық жүйесімен кіріктірілген сервис қонақүйдегі бөлмелерді алдын ала броньдауға қолайлы; ticketon.kz платформасы Астанадағы барлық мәдени, спорттық, рухани іс-шаралардың афишасымен алдын ала танысуға, киноға я болмаса футбол ойынына баруды жоспарлауға жол ашады. Ал барлық қалада бар 2GIS іздестіру жүйесі турис­тік нысандарға адаспай жетуге мүмкіндік береді. Visitastana.kz брендін әлемге танымал ету және осы сервисті пайдаланушылар ағынын ұлғайту мақсатында visitastana.kz брендтік киім өндірісіне жәрдемдесу бағытында қызу жұмыс жүруде. Жалпы алғанда, Астананың туристік индус­триясын дамытудың әлеуеті өте зор. Сол себептен бас қаламыздың тартымдылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар үздіксіз атқарылып келеді. Елордада қазір 2435 тамақтану нысаны бар. Ол жерде ұлттық ас мәзірінен бастап көптеген халықтың тағамы қойылған. Бұл жерде ұлттық ас, ұлттық мейрамхана мәселесі өте өзекті.

Елордаға табаны тиген турис­тер тамашалайтын жерлер аз емес. Бір ғана Рес­публикалық мешітте бірнеше сағат қыдыруға болады. Одан бөлек, қалада 9 мұражай, орталықтар; 2 үлкен сарай, 8 театр ғимараты, 4 концерт залы, 11 діни нысан, 6 спорт ғимараты, 7 үлкен сауда-­саттық және ойын-­сауық орталықтары, 4 көркем галерея, Атырау көпірі сияқты көрнекті, көрікті жерлер бар. Еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар көбінесе ЭКСПО-
қалашыққа, «Ailand» отбасы демалыс орталығына, ­«Астана балет» театрына, «Астана-­Бәйтерек» монументіне, «Хан Шатыр» сауда-саттық және ойын-сауық орталығына барып демалады және серуендейді.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button