Қала мен Сала

Туристік автобус жүргізушісі



Елорда көшелерімен келе жатқанда екі қабатты, қызыл түсті, туристік автобусты көзіміз шалып қалды. Астанада 2016 жылдан бері туристерге қаланы аралатып, ақылы қызмет көрсететін бұл автобус биыл да көктемгі жұмыс маусымын бастады. «Astana Red Bus Tour» автобусының жалғыз көлік жүргізушісі Ерлан Есемсейітовті туристік бағдар бойынша бірінші аялдама, «Бәйтерек» монументі жанында тұрғанда кездестірдік. Оның айтуынша, биыл автобустың туристерді тасу қызметі сәуір айында басталды, енді жұмысы қалың қар түскенге дейін, яғни қарашаға дейін жалғасады.

Таңертең 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін туристер таситын Ерлан Есемсейітов әр бағдары 2 сағаттық бір туристік сапар барысында елордадағы 4 көрнекі нысанның қасына 15 минуттай аялдай отырып, күн сайын көлік айдайды. Барлығы күніне осындай 4 маршрут жасайды.

– Маршрут осы «Бәйтеректен» басталады, бірінші аялдама «Окенариум», екіншісі – «Хан Шатыр», үшіншісі – Ұлттық музей, төртіншісі – Қазақ елі алаңы, сосын осы жерге қайтып келеміз. Алдағы уақытта «ЭКСПО» көрмесін, Орталық мешітті және Салтанат қақпасын, сонымен қатар «Есіл» кеме саяхаты стансасын қосқалы жатыр. Сонда 8 аялдама болады. Билет бағасы – адам басына 6000 теңге, 3 жасқа дейінгі балаларға тегін, 3-14 жас аралығындағы балаларға, көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік және көпбалалы ананың тек бір баласына ақысыз қызмет көрсетіледі. Билеттер осы бірінші аялдамадағы арнайы дүңгіршекте сатылады. Туристік сапар құны биыл қымбаттады. Сондықтан болар көбіне бұл автобуспен шетелдік туристер саяхаттайды. Әрі олардың бізді таңдаудағы басты себебі, автобуста қала көшелерімен келе жатқанда барлық ғимараттарды 8 тілде таныстыратын аудиогид бар, – дейді автобус жүргізушісі.

62 орындық автобус іші әзірге толық тола қоймайды. Жазға таман адам қарасы көбейе түседі. Қазір ең көп дегенде 40-45 адамдай мінеді.

– Қазіргі таңда ресейлік туристер өте көп. Көрші елдегі жағдайға байланысты виза жасата алмаған соң, Қазақстанға келіп жасатуда. Олардан бөлек Италия, Малайзия, Үндістан елдерінің азаматтары да келеді. Маусымнан бастап екінші әріптесім жұмысқа шығады, сол кезде түнгі 23.00-ге дейін қатынайтын боламыз. Көлікте тоңазытқыш бар, күн ысығанда суды өзіміз беретін боламыз, су билет құнына кіреді, алайда желдеткіш жоқ, жазда әсіресе, екінші қабаты ысып кетеді, – дейді ол.

Елордаға Ақмола Астанаға ауысқан жылы келген көлік жүргізушісі қазіргі жұмысы жанына жайлы, тыныш екенін айтады. Жалақысы да салыс­тырмалы түрде біршама жоғары.

 

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button