Мәселе

Туристік нысандарды аралады

Астана қаласы мәслихатының депутаттары екі қабатты экскурсия­лық автобусқа мініп, елорданың туристік орталықтарын аралады.

Бас қаланың туристік нысандарын аралауды Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдан бастаған депутаттар экскурсия барысында туристерге қызмет көрсету саласындағы сапа мәселесін басты назарда ұстап, ондағы түйткілдерді Астана қаласы мәслихатының алдағы отырысында ортаға салмақ. Әуежайдың тыныс-тіршілігімен толықтай танысып шыққан депутаттар бас қалаға туристерді тартуда келіп-кететін жер мен түселханалардың жағдайының жасалуының маңызы зор екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте «Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайы­зы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады» деп жауапты адамдарға тапсырмалар жүктеген болатын. Міне, сол негізде қазіргі таңда көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Әрине, елімізге турист ретінде келген адамның алғашқы көретін жері аэропорт пен теміржол вокзалдары болғандықтан, біз де сапарымызды осы жерден бастағанды жөн көрдік. Қазір біз аэропорттың тыныс-тіршілігімен танысып шықтық. Халықаралық әуежай болғандықтан, барлық талаптарға сай жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. 2023 жылы елімізге әуежолдары арқылы келушілердің саны 7,5 миллион адамды құрапты. Оның ішінде 1,3 миллион адам туристер санатына жатады.  Шетелден келушілерге жағдайдың барлық түрі жасалған. Әуежайда, теміржол вокзалында, СОО-да Taxi Point аппараттары да орнатылған. Сонымен қатар тамақтану, жатын орын сияқты нысандар да қонақтарды барынша риза қылып шығарып салуға өз көмегін тигізіп жатыр. Алда тағы басқа да нысандарды аралап, өзіміз де туристердің көзімен қарап көретін боламыз, – деді Астана қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты Мәдина Әжікенова.

Әуежайдан кейін халық қалаулылары «Wyndham Garden Astana» қонақ үйі мен «Green Clinic» медициналық орталығына ат басын бұрды.

– Біздің медициналық орталық – 2018 жылдан бастап қыз­мет көрсете бастаған елордамыздағы бірден-бір заманауи орталық. Мұнда АҚШ, Жапония, Германия және Оңтүстік Кореяның жетекші әлемдік өндірушілерінің заманауи медициналық жабдықтарымен жабдықталған. Біздің барлық медициналық қызметкерлеріміз жоғары медициналық біліктілікке ие және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне қатаң сәйкестікте жұмыс істейді.

Біздің орталық пациенттерге дәрігердің алғашқы қабылдауынан, функционалдық және сәулелік диагностикадан терапиялық және хирургиялық бейін бойынша стационарлық емдеуге дейін медициналық қызметтердің кең спектрін алуға мүмкіндік береді. Әрі пациенттер үшін біз келісімшарт негізінде профилактикалық дербестендірілген медицина элементтерімен ұзақ мерзімді қатынас­тарды, сондай-ақ созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылауды қамтамасыз етеміз. Біздің басымдылығымыз – пациенттердің қауіпсіздігі және көрсетілетін медициналық қызметтердің қауіпсіздігі. Сондықтан бізде медициналық құралдарды зарарсыздандыруға арналған өз орталығымыз бар және тек заманауи жабдықтар мен дәлелденген зарарсыздандыру құралдарын пайдаланамыз, – деді медициналық орталықтың директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Рахат Байқошқарова.

Аталған орталық еліміздің Медициналық туризмін дамытуға үлес қосып отырған бірден-бір емхана болып саналады. Жалпы медициналық туризм терминіне тоқталсақ, ол – азаматты тұрғылықты жерінен тыс жерде демалыспен қоса, 5 түрлі мамандандырылған медициналық көмекпен, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметпен қамтуды көздейтін туризм түрі. Әуелде, бұл салада Батыс Еуропа және АҚШ елдері көшбасшы болса, бүгінде Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі медтуризм үздіктер қатарында. Соңғы уақытта медициналық туризм Қазақстанда да қарқын алып келе жатыр, дертіне шипа іздегендер елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Өз кезегінде бұл да бір елге туристерді тартудың тартымды жолы болмақ.

Ал енді түрлі бағалаулар бойынша, статистикалық ақпараттарға сүйенсек, Қазақстанға жыл сайын медициналық көмек алу мақсатында шамамен, екі мың шетел азаматы келеді. Түрлі деректерге сәйкес, 2017 жылы негізгі медициналық ұйымдардың стационарында емделген шетелдік емделушілер саны (жоспарлы емдеу) 1 600-ден астам адамды құраған. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш едәуір артып, 2 400-ден асып түсті. Сондай-ақ 2017-2018 жылдары шипажайлық-курорттық ұйымдарда сауықтыру шараларын алған шетелдік азаматтар саны тиісінше, 24 мың адамға жеткен.

Ал депутаттар «Wyndham Garden Astana» қонақ үйі мен «Green Clinic» медициналық орталығынан кейін «Атамекен» Этно-мемориалдық кешені мен «Sandyq» ұлттық тағамжайына да барып, аталған нысандардың тыныс-тіршілігімен, қызмет көрсету сапасымен та­ныс­ты.

Шапағат ӘБДІР

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button