Басты ақпаратМәселе

Туу неге төмендеді?

Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде бала туу көрсеткіші соңғы бес жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен. Нақты айтқанда, 2023 жылы Қазақстанда 388,4 мың сәби дүниеге келді. Мамандар бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай әлі де төмендейтінін айтады.

Айта кеткен жөн, елімізде демографиялық саясатты реттейтін құжат әзірге қабылданған жоқ. Бұрынғы тұжырымдаманың мерзімі бітті. Халықтың саны табиғи өсім мен сырттан келген қандастар есебінен көбейетінін ескерсек, ұлттың болашағы үшін жаңа бағдарламаның қабылдануы кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс.

Сонымен, бала туудың негізгі үлесін 25-29 жас аралығындағы әйелдер құрайды. 30-34 жас аралығындағылар – 26%. 20 жасқа дейінгі әйелдер өткен жылы 12 мыңдай баланы дүниеге әкелсе, 50 жастан асқан әйелдер 96 балаға жарық өмір сыйлады. Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау мен Түркістан облысына және  Шымкент қаласына тиесілі. Ал ең төменгі көрсеткішті  Солтүстік Қазақстан құрап отыр. Сондай-ақ ауылдық жерге қарағанда қалада туған балалардың саны артқан.

Алғашқы баланы кеш туады

«Бір бала туса, бір түп жусан артық шығады» деген нақылды қазіргінің коучтары күлкіге айналдырады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде таралған қысқа подкасттарда «Егер балаңа дұрыс білім бере алмасаң, дұрыс киім әпере алмасаң, сапалы қылып өсіре алмасаң, тума!» деген ақылдан бөлек, «Сені жігітің бағаламаса, астында үйі болмаса, қалауыңа қол жеткізе алмасаң, тұрмысқа шығуға асықпа» деген кеңестер де жетіп артылады. Ақылын тегін де айтатын, ақшаға да сататын психологтардың сабағын тыңдаған қыз-келіншектердің қабылдаған шешімі демографиялық ахуалға қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Дегенмен, дәл қазіргі таңда әйелдерде алғашқы баланы дүниеге әкелу жасы ұлғайып барады.

«Бала туу төмендейтінін екі жыл бұрын айтқанмын. 2020-2021 жылғы «беби бум» отбасында үшінші және төртінші балалардың туылуына байланысты болды. Жалпы, туудың негізгі көрсеткіштерін алып қарайтын болсақ, алғашқы некеге тұру жасы да, алғашқы баланы дүниеге әкелу жасы да ұлғайып барады. Соңғы санақ қорытындысы бойынша, әйелдер 1-2 баладан артық тууды қаламайды. Бұл, әсіресе, қазақтардың арасында кеңінен тарап келеді. Мұның себебін анықтау үшін, міндетті түрде әлеуметтік сауалнама жүргізуіміз керек» дейді ұлттық сарапшы-демограф Аяулым Сағынбаева. Оның айтуынша, демографияның заңдылықтарын алып қарайтын болсақ, қазіргі кезеңде еліміз демографиялық революцияның үшінші, төртінші фазасына өтіп келеді. Мұндай кезде туу деңгейінің төмендеуі анықталады. Бұл – дүние жүзінің бәрінде болып жатқан трендтердің бірі.

«Сонымен қатар активті репродуктивті жаста баланы дүниеге әкелетін 1998, 1999, 2000 жылдары туылған әйелдердің де саны аз. Бұл да бір себеп. Мұның бәрі бір күнде пайда болған дүние емес, біртіндеп-біртіндеп қалыптасқан жағдайдан туындап отыр. Ендігі кезекте туу деңгейі төмен өңірлерге арнайы бағдарлама енгізгені жөн. Бізде ондай өңірлерге туудың жалпы коэ­ффициенті 2/1 төмен өңірлерді жатқызуға болады. Оған Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары жатады» дейді ұлттық сарапшы.

12 мың теңге кімнің жыртығын жамайды?

Бала туу көрсеткішінің өзгеруіне кері әсер ететін факторлар көп. Бала туатын жастағы әйелердің санының аздығы, отбасы құндылықтарының өзгеруі,  жастар арасындағы ажырасу, соңғы кезде белең алған бедеулік және көпбалалы отбасыларға төленетін әлеуметтік төлемдердің түкке жетпейтінін атауға болады.

«Елдің әлеуметтік жағдайы керемет емес, қымбатшылық бір бүйірден қысып тұр. Аспандап кеткен бағаға тұсау жоқ. Қара халық қазір киімді емес, бірінші тамақ пен жол ақысын ойлап тұратын жағдайда. Көпбалалы аналардың еңбекқорлығын осы қымбатшылықпен, қамқорлықтың аздығымен байланыстырамын. Әр балаға берілетін 12 мың теңге кімнің жыртығын жамайды? «Баланы тудық, енді асырайық» деген жанкештілік жатқан сияқты. Біздегі демографиялық саясат әлі де дұрыс емес. Неге? Біріншіден, әр балаға бөлінетін жәрдемақы өте аз. Және оны төртінші балаң болғанда ғана бергені, тіпті, дұрыс емес. Оны әр отбасы бірінші баласынан бастап алсын. Тағы бір мәселе – «Күміс алқа», «Алтын алқа» төңірегінде. Бұл статусты анаға алтыншы баланы туа сала беру керек деп ойлаймын. Ал бізде баланың 1 жасқа келгенін күтеді. Ол дұрыс емес. Оны күтеді, құжатын өткізіп қойып, кемі алты ай тағы күтеді. Сондағы ардақты аналарға беретін жәрдемақысы 23-ақ мың теңге. Бұл атақты алтыншы, жетінші баланы туып жатқан анаға рақмет айтып, бірден бермей ме?! Берсе де, баланың өмірге келген күнінен бастап есептемейді. Менің ойымша, демографиялық саясатымыз­ға соны сипат, үлкен өзгеріс керек» дейді көпбалалы ана Гүлжан Оралбайқызы.

Әйелдердің бәріне қолдау керек

Астана қаласында 37 968 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде – 31 430 төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар. «Күміс алқа», «Алтын алқамен» марапатталғандар саны – 6538.

Ашығын айту керек, Қазақстанда көпбалалы отбасыларға қолдау барлық өңірлерде бірдей емес. Еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын аналардың көбі тек мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақымен ғана қамтамасыз етілген. Ал Астана, Алматы қалаларында жергілікті әкімдік тарапынан түрлі жеңілдіктер мен көмектер беріледі. Мәселен, астаналық көпбалалы әйелдер жолаушылар көлігінде тегін жүреді, атаулы әлеуметтік төлем алатындар екі жылда бір рет стоматологиялық протездеу қызметіне жүгінеді, 8 Наурыз мерекесінде аз болса да бірреттік ақшалай төлем алады,  күнкөріс деңгейіне сәйкес көмір сатып алуға көмек алатындар бар. Ал туу көрсеткіші төмен өңірлерде мұндай қолдау қарастырылған деп айта алмаймыз. Өйткені мәселенің барлығы айналып келгенде, жергілікті бюджеттің бүйіріне кеп тиеді.

«Көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүруі тиіс және оларға жылына бір рет шипажайда демалу мүмкіндігін берсе де жарасады. Жаз мезгілінде ең болмаса бір баламызға лагерьге жеңілдетілген жолдама қарастырылса екен. Мектеп асханасында тегін тамақтану болмаса да, бір стақан айран мен бәліш беруге Үкіметтің неге шамасы жетпейтініне таң қаламын. Өткенде әрбір ит-мысықты қорғауға ақша бөлінетінін оқып, алдымен неге елдің болашағы балаларымызға көңіл бөлмеске деген ойдың келгені жасырын емес. Егер қажетті деңгейде қолдау болмаса, қазақтың саны қалай көбейеді?» дейді Астана іргесінде тұратын «Алтын алқалы» ана Салтанат Базарбекқызы.

Көрші елдердің көші қалай?

Қырғызстанда және Молдовада көпбалалы отбасылар үшін бөлек төлемдер қарастырылмаған. Бірақ мемлекет аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы төлейді. Ал Әзербайжанда бес немесе одан да көп баласы бар отбасыларға мемлекеттен әр балаға 105 манат, яғни 27 650 теңгеден беріледі. Арменияда үш баласы барлар көпбалалы болып саналады. Үшінші және әрбір келесі бала үшін мемлекет балалары алты жасқа толғанға дейін ай сайын біздіңше, 47 мың теңгеден төлейді. Сондай-ақ біржолғы жәрдемақылар бар. Үшінші және төртінші бала туылған кезде әр анаға 947 мың теңгеден, ал бесінші бала дүниеге келгенде 1 млн 420 мыңдай алады. Белоруссияда да үш баладан бастап көпбалалы болып саналады. Басқа елдерге қарағанда аталмыш елде көпбалалы аналарды қолдау жағы әу бастан тиімді жолға қойыл­ған. Мәселен, үшінші және одан кейінгі балалар туылған немесе асырап алынған кезде әр анаға бір реттік 4 млн теңгеден беріледі. Тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несиеден бөлек, еңбек, салық және зейнетақы салаларында қосымша жеңілдіктер бар.

Кему процесін тоқтату қиын

«Көрші елдермен салыстыр­ғанда біздің жағдайымыз жақсы. Әлеуметтік төлемдер аз деп айтқанмен, демографиялық ахуал жағынан, даму деңгейі жағынан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдерде біздегідей бәріне бірдей төлем жасалынбайды. Бірыңғай төлемдер тек әлеуметтік осал топтарға ғана беріледі. Бізде табыс көзіне қарамастан берілетін төлемдер бірдей. Жұмыссыз­дарға бөлек төленеді. Көбінде Ресейдегі «Ана капиталымен» салыстырып жатады. Бірақ, ол елдің ахуалы мен проблемалары әлдеқайда күрделі екенін ұмытпауымыз керек» дейді ұлттық сарапшы-демограф Аяулым Сағынбаева. Оның баяндауынша, мемлекетте әлі демографиялық саясат жоқ. Сондықтан нақты қандай межеге жетуіміз керек, бағытымыз қандай деген сұраққа жауап беру қиындау. Алдымен демографиялық саясатқа жауап­ты орган тағайындалу керек. Қазіргі таңда Қазақстанның туу деңгейінде негізінен, өңірлердің проблемасын шешу маңызды. «Өйткені бірінші тоқсанды алып қарайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан облысында  бірнеше жылдан бері табиғи демографиялық кему болып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында да кему басталды. Бір басталған процесті дер кезінде қолға алмаса, ары қарай тоқтату қиын болады» дейді маман.

Ендігі үміт – құжатта

Осыдан төрт ай бұрын сенатор Әсем Рахметова Қазақ­станның 2050 жылға дейінгі демографиялық саясатының тұжырымдамасын әзірлеу туралы ұсынысын айтқан болатын. Өйткені халық санының өсу-төмендеу динамикасы соңғы 30 жылда түбегейлі өзгеріске ұшырады.

«Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік деңгейде қолданылып келген декларативті сипаттағы демографиялық болжамдар елдің даму перспективаларына сәйкес келмейді. Ал біз осы уақытқа дейін қолданып келген Аумақтық даму жоспарында белгіленген болжамдар бойынша, 2025 жылға қарай Қазақстан халқының саны 19,8 млн құрауы тиіс еді. Демек, елімізде соңғы уақыттарда қабылданып жатқан саяси, стратегиялық даму бағдарламаларында, еңбек нарығында, білім гранттарын бөлуде және басқа да экономикалық-әлеуметтік шешімдерде халықтың демографиялық өсімдері тиісінше ескерілмеуде. Бұл кез келген бағдарламалардың сапалы орындалуына, жоспарлы индикаторларға қол жеткізуіне айқын кедергі болады» деген еді сенатор. Елімізде демографиялық теңгерімсіздік мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі көңіл көншітпейтінін ашық айтқан еді. Сондықтан қолданыстағы бағдарламаларды кешенді түрде қайта қарастыру үшін тиісті бірнеше шараларды қабылдауды ұсынды. Дегенмен, бәрі – уақыттың еншісінде.

Маман мінбері

Шынар ТӨЛЕШОВА, демограф-сарапшы:

-Нақты деректерге сүйенсек, 2023 жылы бір әйелге шаққанда 2,96 баланы құрады. Бұл карантинге дейінгі 2019 жылғы деңгейден сәл жоғары. Жалпы,  2020, 2021 пандемия жылдарында туу бір әйелге 3,32 бала деңгейіне көтерілді. Әдетте мұндай жағдай 1-2 жылға ғана созылады. Одан кейін туу біртіндеп түседі. Сондықтан 2022-2023 жылдардағы туу көрсеткішінің төмендеуін осымен байланыстыруға болады. Енді туу көрсеткіші одан әрі қарай төмендей бере ме деген сұрақ туындайды. Төмендеуі мүмкін, бірақ елімізде ешқандай саяси, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар болмаса, бір әйелге 2,0 баладан төмен түспейді деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта демографиялық саясат жолға қойылмаған. Көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдіктер әлеуметтік саясат ретінде, өлім-жітімді азайту денсаулық сақтау саласындағы саясат, көші-қон бөлек саясат ретінде жүзеге асырылуда. Ал демографиялық саясат жеке саясат ретінде тек халық саны азайып, қолайсыз демографиялық жағдай қалыптасқан кезде болуы мүмкін. Бүгінде қолайсыз демографиялық ахуал тек солтүстік өңірлерде қалыптасқан.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button