Әлеумет

ҰБТ жүйесіне тағы өзгеріс енгізіледі



Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлерге екі рет мүмкіндік берілетіні белгілі. Оқуға талаптанған білімді жасқа қазір мүмкіндік мол. Алайда Ұлттық Бірыңғай Тестілеу жүйесі жылдан жылға жетілдіріліп, түрлі өзгерістер мен түзетулер енгізілуде.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру туралы сертификат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар дайындады. Онда тестілеу тапсырмалары мен бағалау бойынша балдар санын өзгерту бөлігінде ұлттық бірыңғай тестілеу форматын жетілдіру көзделген.

Мәселен, қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша түсушілерді қоспағанда, орта және техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:

Қазақстан тарихы бойынша – 20;

математикалық сауаттылық бойынша – 10 (қазір 15);

оқу сауаттылығы бойынша (оқыту тілі) – 10 (қазір 15);

бірінші бейіндік пән бойынша – 40 (қазір 35);

екінші бейіндік пән бойынша – 40 (қазір 35).

Бұл ретте мүгедектігі бар балалар мен көру қабілеті бұзылған мүгедектер ҰБТ пәндері бойынша тест тапсыр­маларының нұсқаларын орындау барысында схемаларды, кестелерді, карталар мен графиктердің суреттерін пайдаланбай тапсыруына болады.

Шығармашылық дайындықты талап ететін және ақылы негізде білім беру бағдарламаларының басқа топтарына ауысқысы келетін жоғары оқу орындарының білім алушылары үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:

бірінші бейіндік пән бойынша – 40 (қазір 35);

екінші бейіндік пән бойынша – 40 (қазір 35).

Бұдан басқа, Бейіндік пән ретінде қазақ тілін таңдаған оқуға түсетін жастардың қалауы да жаңа өзгертулерде ескерілген. Сондай-ақ шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсетін тұлғалар үшін ең жоғары балл саны ұлғайтылды. Ол 125 орнына ҰБТ-да 130 балды құрайды. Сонымен қатар, өзгерістер ҰБТ нәтижелері бойынша апелляцияны қарауға да әсер етті.

Мәселен, апелляцияға келіп түскен өтініштерді Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды. Бұл ретте Республикалық апелляциялық комиссия өтініштерді қарау­ды күнтізбелік жылдың 13 шілдесіне дейін аяқтайды. Түсушінің жеке кабинетінде Республикалық апелляция­лық комиссияның отырысын өткізу мерзімдері туралы ақпарат көрсетіледі. Түсушінің қалауы бойынша Республикалық апелляция­лық комиссияның отырысы басталғанға дейін жеке кабинеті арқылы апелляцияға өтінішті кері қайтарып алу жүзеге асырылады.

Апелляцияға өтінішті қайтарып алу кезінде бір жұмыс күні ішінде түсушінің жеке кабинетінде ҰБТ сертификаты көрсетіледі. Құжат 26 желтоқсанға дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button