ӘлеуметБасты ақпарат

Үміт оты өшпесін



Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығында жұмыс істеген күннен бастап 2337 адамға қызмет көрсетілген. Оның ішінде 758-і – әйел, 1579-ы – бала. Мұнда қызмет алушылар үшін барлық қажетті әрі қолайлы жағдай жасалған. Жалпы көлемі 1809,2 шаршы метрді құрайтын ғимарат алты қабаттан тұрады. Орталықтың сыйымдылығы 50 төсек-орынға есептелген, қызметкерлер саны 41 адамды құрайды. Дағдарыс орталығы 18-ден 58 жасқа дейінгі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын өз өтініштерімен, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының бастамаларымен қабылдап, 1 айдан 6 айға дейін стационарлық жағдайда әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Орталыққа қабылданатын қызмет алушы әйелдердің басым көпшілігі – жетіспеушіліктен, ер азаматтарының маскүнемдігінен, құмар ойындарға тәуелді болуынан қиындық көріп, тұрмыстың түрлі қыспағына түсіп, психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар. Олардың 90 пайызының жеке тұрғын үйі, тұрақты жұмыс орны жоқ, тіпті ресми түрде некеге тіркелмеген.  Көпшілігінің Астана қаласында туған-туыстары да жоқ. Осыған байланысты олардың жалпы ортамен қарым-қатынастары шектеліп, жан-жағынан, көршілерінен, өзге адамдардан, құқық қорғау қызметкерлерінен көмек сұрай алмай, жылдар бойы өз-өздерін төмен бағалап, зорлық-зомбылыққа төзуге мәжбүр болған.

Тынымсыз жұмыс

Барар жер, басар тауы қал­ма­ғанда, дағдарыс орталығы әйел­дер мен олардың балаларына қауіпсіз орын-жай ұсына отырып, психологиялық жағдайларын жеңілдету және оның салдарын жойып, қажет болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша тіркеуге алу, жұмысқа орналастыру, тұрғын үйге кезекке қою, ажырасу, алимент өндіру процестері бойынша құқықтық көмек көрсетіп келеді. Орталықты паналап келген әрбір әйелдің тұрмыстық зорлық-зомбылық, қатыгез қарым-қатынаста болған кезеңдерін ескере отырып, қиын жағдайдан шығу жолдарын белгілейтін жеке жұмыс жоспары әзірленеді. Олар дағдарыс орталығына келген күннен бастап 72 сағат ішінде медициналық тексеруден, Астана қаласы Полиция департаментінің жолдамасы негізінде жәбірленуші сот-медициналық сараптамасын жүргізуге жіберіледі. Медициналық қызмет көрсету №14 қалалық емханада жүргізіледі. Астана қаласының Білім басқармасымен жасалған меморандумға сәйкес қызмет алушылардың балалары дағдарыс орталығында тұру кезеңінде жақын маңдағы мектептерге ауыстырылады.

2023 жылы жүргізілген талдауға сәйкес 60 әйел бойынша мынадай критерийлер анықталды. Қабылданған әйелдердің ең көп саны психологиялық зорлық-зомбылыққа – 100%, физикалық зорлық-зомбылыққа – 100%, экономикалық зорлық-зомбылыққа – 82%, жыныстық зорлық-зомбылыққа – 18% ұшыраған. Олардың 19-ы – жоғары білімді, 19-ы – орта-арнайы білімді, 21-і – орта білімді, магистратура дәрежесі 1 әйелде бар. Қыз­мет алушылар арасында 30 жастан 39 жасқа дейінгі жас санаты басым.

Орталық мамандарының үздіксіз жұмысының арқасында 24 қызмет алушы 74 баласымен тараптардың татуласуы бойынша шығарылды. 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларын қоса алғанда, қызмет алушыларға 766 қызмет көрсетілді. Әлеуметтік қызметкерлер орталықтың қызмет алушыларына 691 консультация өткізді.

Сенім телефонын пайдалан!

Орталықта тәулік бойы 49-78-89, 8-707-336-20-36 нөмірі бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардан 492 қоңырау түсті (2022 жылы қоңыраулар саны – 299). Бұл тұрмыстық зорлық-­зомбылықтың өсу тенденция­сын, сондай-ақ орталықтың жұмысы туралы ақпараттың қолжетімділігін көрсетеді. Орталықтан шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде қызмет алушылармен өмір сүру жағдайлары, жұмысқа орналасу жағдайлары бойынша байланыс сақталады және мүмкіндігінше көмек көрсетіледі.

Орталықтың басты қызметтерінің бірі – әлеуметтік-медициналық қызметтер. Орталыққа келіп түскен қызмет алушыларға алғашқы медициналық тексеру жүргізіледі, қажет болған жағдайда дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетіледі және Астана қаласы Полиция департаментінің жолдамасы негізінде жәбірленуші сот-меди­циналық сараптамасын жүргізуге жіберіледі.

2023 жылы медициналық персоналмен 555 әлеуметтік-
медициналық қызмет көрсетілді, оның ішінде 382 – дәрігерге дейінгі көмек, 9 – жүкті әйелдерді есепке алу, 4 – мүгедектік, 13 – стационарлық емдеу,  98 – дәрігерлік тексеру, 64 жедел жәрдем шақырудан өтті.

Орталықта екі психолог маман жұмыс істейді. Қызмет алу­шыларды орталыққа қабылдау кезінде психологтармен әңгімелесу, қарым-қатынас, тыңдау түрінде шұғыл психологиялық көмек көрсетіледі. Жұмыс барысында қызмет алушыларға жеке диагностикалық тексеру мен өзін-өзі бағалауын арттыру жұмыстары жүргізіледі.

Балалар психологиясына – ерекше назар

Отбасындағы зорлық-зомбы­лықтың нәтижесінде бала өмірінің барлық салаларының қалыпты жұмысы бұзылып, мінез-құлқында түзетілуі қиын, терең жеке өзгерістер орын алады.

Отбасындағы зорлық-зомбылықты көрген балаларда еш­қандай себепсіз ашу, агрессия қалыптасады, көптеген жағдайларда балалар пассивті келеді, құрдастарымен қарым-қатынастары бұзылады. Кейбір жасөспірімдерде суицид әрекеттерінің байқалуы да мүмкін. Бұндай отбасыларда балалар агрессорға немесе құрбанға айналады.

Кәмелетке толмаған балалардың психологиялық денсаулығын сақтау мақсатында орталықтың психологтары балалармен 505 рет психологиялық тренингтер, тәрбиешілермен бірлесіп іс-шара өткізді.

Психолог мамандардың жүргізген жұмыстарының нәтижесінде қызмет алушылардың өздеріне деген сенімділігі артып, эмоцияларын бақылай алуы, агрессияның төмендеуі байқалып, өз бетінше шешім қабылдауға, таңдау жасауға, өзін бағалауға және құрметтеуге үйренеді.

2023 жылы мамандардың жұмыс жоспарына сәйкес 826 психологиялық қызмет көрсетілді, оның ішінде аналарға 294 консультация мен 27 топтық тренинг жүргізілді. Орталық тәрбиешілерінің жұмысы кәмелетке толмаған балалардың педагогикалық консультациядан өтуіне жәрдемдесуге, құндылық бағдарларын, көзқарастарын және мінез-құлық дағдыларын өзгерту бойынша сабақтар өткізуге бағытталған. Орталықта 2 тәрбиеші мен 2 тәрбиешінің көмекшісі мектепке дейінгі балалалармен жұмыс жүргізеді.

Еңбек терапиясы да маңызды

Қызмет алушылар арасында еңбек терапиясы жолға қойыл­ған. Орталық мамандары қыз­мет алушылардың қолда бар еңбек дағдыларын тексеру және кәсіптік бағдарлауға жәрдемдесу, қызмет алушыларды қолжетімді кәсіптер мен практикалық дағдыларға, оның ішінде емдеу-еңбек қызметі, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете отырып, қоғамдық пайдалы жұмыстар арқылы оқыту жөніндегі іс-шараларды өткізеді.

10 жастан асқан балалармен 68 іс-шара (қолөнер, моншақ тоқу, иірілген жіптен гүлдер, оригами, майлықтан гүлдер, 8 наурызға арналған ашық хаттар, суреттерді жағу, шұлық қуыр­шақтарын тігу, папье-маше,
тұзды қамырмен жұмыс, моншақ, сурет салу, жіппен жұмыс, «Ертегілер» тақырыбындағы пластилиннен модельдеу). Өткен жылы әйелдермен 123 іс-шара өткізілді (тоқуды үйрету, моншақтардан «ағаш» тоқу, тәпішке тігу, тәпішке тоқу, балалар шұлықтарын тоқу, балаға снуд (шарф) тоқу, балалар шалбарын тігу, моншақтардан білезік тоқу, патчворк техникасында тігуді үйрету).

Әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандармен әлеуметтік-эконо­микалық қызметтер көрсету бойынша жұмыс жүргізіліп, тиісті жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтемақылар алуға жәрдем көрсетілді.

2023 жылы орталыққа келіп түскен екі әйелге денсаулығына байланысты мүгедектік рәсімделді. 11 қызмет алушы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға өтінім берді. Он қызмет алушы тұрғын үй алу кезегіне қойылды. 11 қызмет алушыға соттан тыс банкроттық рәсімдеу жүргізілді. Тұрғын үй мәселесіне қатысты бірнеше қызметтер көрсетілді. 30 әйел алушы жұмысқа орналастырылды.

Орталықтың «Baby eye clinic» клиникасымен және Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен уағдаластығы бойынша қызмет алушыларға жетекші офтальмологтар мен невропотологтардың тегін тексеру және кеңес беру қызметтері ұсынылды. Қызмет алушыларға ақысыз негізде «Талмас Медикус» клиникасында дәрігер-гинеколог пен дәрігер-проктологтың консультациясы мен тексеруі жүргізілді. Демеушілер жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында  қызмет алушылар үшін мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтары бар оқушы сөмкесін сатып алуға көмек көрсетеді.

Әлеуметтік- құқықтық қолдау

Түрлі мәдени іс-шаралармен қатар, мұнда келушілер әлеуметтік-құқықтық қызметтерге де мұқтаж. Сол себепті орталықтың заңгерлері арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру және көмек алу құқықтарына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жәбірленушінің және оның балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция инспекторлары, кәмелетке толмаған істер жөніндегі инспекторлар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар жәбірленушінің пікірін ескере отырып, қорғау нұсқамасын шығарады. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған не оны жасау қаупі төнген адамға қолхатпен орындау үшін тапсырылады.

Қорғаныс нұсқамасымен жәбірленушінің еркіне қайшы, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, іздеуге, қудалауға, орталыққа келуге, ауызша телефон арқылы сөйлесуге және онымен басқа тәсілдермен байланысуға тыйым салынады. Өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамды ішкі істер органдары есепке қояды және оған қатыс­ты профилактикалық бақылау жүзеге асырылады. Қызмет алушылардың қауіпсіздігі мақсатында бақылау камералары орнатылып, жоспар бойынша өртке қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар, орталық құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істейді.

Сарыарқа, Есіл, Алматы, Байқоңыр, Нұра аудандарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дағдарыс орталығында айына екі рет азаматтарды қабылдау жүргізіледі, оның барысында туындаған қиын өмірлік жағдайды шешу жолдары талқыланады. Орталықта әйелдердің «Amanat» партиясы өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды.

«Жанұя» отбасы институтының қолдауымен орталықпен ынтымақтастықтың арқасында Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп, жыл бойы «Жанұя» орталығының аумағында азаматтарды қабылдау жүргізіледі.

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, орталыққа келіп, соның барысында орталықтың жұмысына оң баға берді. 2023 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жолақтар, мнемотаспалар, шұғыл шақыру түймесі орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мамандар кабинеттері мен бөлмелердің есіктері, санитарлық бөлмелер, пандустар талаптарға сай орнатылып, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүріп-тұруына барлық жағдайлар жасалған. Биыл ақпан айынан бастап қыз­мет алушылар үшін тамақпен қамтамасыз ету қызметі аутсорсингке ауыстырылды. Сонымен қатар қызмет алушылар санын 70 адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Орталық қызметкерлеріне көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасалған.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button