Ел тынысы

Ұлт болудың азабы

немесе ниет дұрыс па, ал әрекет ше?

Менің алдымда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы дайындаған «Жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екенін айқындау қағидалары» аталатын құжаттың жобасы жатыр.

Бұл құжат идеясы бізге ұнайды, себебі басты мәселе этникалық қазақтарға ҚР азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға бағытталған, бірақ негізгі идеясы өте маңызды бұл құжаттың іске асырылу тетіктері «ҚР азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуды» бірнеше есе қиындатады. Неге? Біз осы мәселелерді талқыға салып көреміз.

Біріншіден, осы маңызды құжатты дайындаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «ұлт» және «этнос» ұғымдарын айырмаған. Ұлт пен этностың арасын айыра алмау – қоғамдық ғылымдардың үлкен ауруы. Біз советтік анықтамалармен әлі де «ғылым жасап» келе жатқан елміз. Мәселен, Сталин «Марксизм и национальный вопрос» еңбегінде «Нация есть исторически сложившаяся устойчивая общность людей, возникшая на базе общности языка, территории, экономи­ческой жизни и психологического склада, проявляющаяся в общности культуры» дейді (Сталин И. Марксизм и национальный вопрос. М., Госполиздат, 1952, с. 12). Шын мәнінде, бұл этностың анықтамасы, яғни тіл бірлігі, ортақ қонысы, шаруашылығы, мінез-құлқы – этносты өзгелерден оқшаулайтын белгілер. Кембридж әлеуметтік антропология ка­федрасының профессоры Э.Геллнер «Nations maketh man; nations are the artefacts of men s convictions and loyalties and solidarities» дейді, яғни ұлтты адам жасайды, ұлт – адамның сенім-нанымының, құмарлығы мен ынтызарлығының, бейімділігі мен дағдыларының жемісі (Gellner E. Nations and nationalism. Library of the Central European university, Budapest. Oxford, Blackwell Publishers,1983, р. 7). Егер жоғарыдағы анықтаманы тікелей түсіндіретін болсақ, ұлт болу үшін адамдарға ортақ шығу тегі міндетті емес, бастысы – сол қауымға ортақ символдарды және тіршілік ережелерін қабылдауы. Қазақ ұлтының өкілі болу үшін 77 атаңнан бері этникалық қазақ болу шарт емес.

Екіншіден, жоба авторлары ҚР азаматы болу үшін өтініш берген адамның қазақ ұлтына жататынын анықтау үшін молекула-генетика сараптамасын жасау керек дейді. Бұл – түбірімен адами және ғылыми тұрғыдан қате түсінік. Енді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін бұл қателікке итермелеген алғышарттарды талдайық:

Біріншіден, соңғы он жылдықта Қазақстанда әр түрлі деңгейде қан туралы әңгіме көбейіп кетті. Бұл әңгімелер генетикаға, қан туралы ілімдерге еш қатысы жоқ адамдар тарапынан қоғамға таңылды. Оның ең бір айшықты көрінісі «Нұр Отан» партиясының ықпалын пайдаланып, «оралман» атауының «қандасқа» өзгеруі (Ауыт Мұқибекұлы, т. б.). Терең ойластырылмаған өзгерістің нәтижесінде сыртқы елдерден көшіп келген қазақтар ғана емес, қазір өзінің туған жеріне, яғни Қазақстанға қайта оралған өзге (орыс, неміс, кәріс, т. б.) этнос өкілдері де қандас атанды.

Қазіргі күні халықтың қараңғылығы, «аборигендік ­синдром», шенеуніктерінің үстірттігі себепті қан туралы әңгіме күннен-күнге асқынып барады. Бұл белгілі дәрежеде Қазақстанда кең көлемде жүргізіліп жатқан ДНҚ зерттеулерге қатысты. Біздің ойымызша, ҚР-да бұл бағытта зерттеулер жүргізілгенінде еш оғаштық жоқ, мәселе оны тым дәріптеп, жарнамалап жіберуде (Жақсылық Сәбитов, т. б.). Біз қан туралы зерттеулерді арнайы да­йындығы және азаматтық түсініктері мықты генетика мамандары жүргізуі керек деп санаймыз.
Жас кезімде профессор Оразақ Смағұловтың антропологиялық экспедицияларына қатыстым. Бір жолы Оразақ ағай өзінің қалай антрополог болғанын баяндады. Қазақ университетін бітірген соң Алматы медицина институтында профессор Бөкейханов қарамағында екі жыл бойы адам сүйектерімен жұмыс істегенін айтты. Егер біздің жаңадан пайда болған «генетиктер» екі жыл бойы арнайы дайындықтан өтсе олардың сөзіне сенер едім.

ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің «өтініш берушінің қазақ екенін анықтау үшін молекула-генетика сараптамасын (этникалық тест) өткізу туралы» шешімі қандай ғылыми негізге сүйенеді? Менің білуімше, молекула-­генетика сараптамасы адамның әке-шешесін айырып береді, тұқым қуатын ауруларын анықтау­ға көмектеседі, бірақ ешқашан адамның этникалық шығу тегі туралы ақпарат бере алмайды. Себебі әлемде бір атадан тараған этнос жоқ, жер бетінде мыңдаған этнос болса, соның көпшілігі құрама. Мысалы, қазақ этносы ХV ғасыр басында жүздеген ру-тайпадан құралды. Көптеген ру-тайпаның өзінің мемлекеттік тарихымен қатар өзінің қандық ерекшелігі болды. Мысалы, Ұлы жүз ішінде дулат, албан, суан, т. б. С3 гаплотобына жатады, яғни қаны жағынан моңғолға жақын, жалайырда С3-пен қатар R1а1а бар деп есептеледі. Орта жүз арғында G1 басым, яғни ирандықтарға жақын, ал арғын ішіндегі бөрші атасының қаны I 2a 2a M-223 Еуропада көп кездеседі. Енді осы I 2a 2a M-223 қанымен сізге испандық өтініш берсе, оны сіз этникалық қазақ деп қабылдай аласыз ба?! Сөз жоқ, ертеде халықтардың ұлы көші-қоны кезінде қазақ жерінен аттанған қауымдар Еуропаға да, Солтүстік Африкаға да, Үндістанға да қоныстанды, бірақ қазіргі уақытта олардың бәрі де өзге этнос өкілдері. Осы сияқты Кіші жүзде де бір басым қан тобы жоқ, мысалы беріш ішінде С3, J2a1, R1b гаплотоптары бар делінеді. Осы үшеуінің қайсысын сіз қазақ гаплотобы деп қабылдайсыз? Ендігі бір сұрақ – бұл зерттеулер халықтың қанша пайызын қамтыды? Менің ойымша, өте аз бөлігін, оған қарап мынау қазақ, мынау қазақ емес деп шешім шығару қаншалықты дұрыс?! Ал егер сіз жер бетіндегі 17 млн қазақты түгел ДНҚ зерттеулермен қамтысаңыз, гаплотоптар саны бірнеше есе өсетіні күмәнсіз. Себебі қазақ этносы Орталық Азияның далалық аймағын бірнеше мыңдаған жыл бойы мекен еткен және Еуразиялық әлемнің барлық аймағына тараған көне және ортағасырлық халықтардан құралады. Қазақ жері – Мағжан Жұмабаев жазатын өзге халық енші алып кеткен кезде бізге бұйырған «қара қазан».

Сонымен қорыта айтатын болсақ:
1) қанға байланысты зерттеулер, сараптамалар ерте замандағы көші-қон бағыттарын, тұқым қуалайтын ауруларды, әке-шешені айырғанмен, қазақтықты айқындайтын этникалық тест қызметін атқара алмайды;
2) молекула-генетика сараптамасын өткізу туралы идея шешім қабылданып, бұйрық шыққан күннен бастап қулықпен ақша табу құралына айналады. Сырттан ҚР азаматы боламын деп өтінішпен келген қазақ текті адам молекула-генетика сараптамасын жасау үшін кемі 100 мың теңге шығарады, егер 5 адамдық отбасы болса 500 мың теңге (орташа есеппен). Сараптама идеясының құжатқа енуі де осы мүддеден туындауы әбден мүмкін;
3) қандас мәртебесін және ҚР азаматтығын беру үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қазақ тілі мен Қазақстан тарихы саласындағы мамандар, этнографтар кіретін комиссия құрылса жеткілікті;
4) өтініш берушілердің өзін этникалық қазақ ретінде сәйкестендіруге мүмкіндік беретін салт-дәстүрлерін, мәдениетін білуі жеткілікті;
5) қандас мәртебесін және ҚР азаматтығын алу үшін өтініш берушінің өзге де ҚР азаматтығына үміткер адамдар сияқты қазақ тілін білуі негізгі шарт;
6) өтініш берушінің қазақ екенін айырудың басты жолы – өзінің руы, жеті атасы туралы білуі. Бұл маңызды индикатор деп есептейміз. ҚР-да ру құрылымы бұрынғы дәрежеде өмір сүруін тоқтатқанмен, шыққан руы, жеті атасы туралы тарихи мәлімет әр қазақтың жадында бар.
7) Өзге елдерден ҚР азаматтығын аламыз деп келген қазақ текті азаматтарға молекула-­генетика сараптамасын өткізу идеясы қауіпті.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button