Басты ақпаратРуханият

Ұлт мүддесін ұлықтаған

Түркістан өлкесі мен қазақ жеріндегі саяси қызметінде жарқырай танылған Сұлтанбек Қожанов шын мәнінде жеке харизмасы мықты элиталық тұлға бола алды. Оның өз төңірегіне ұлттық элита өкілдерін топтастырып, оларды ортақ идеяға жұмылдыра алуы жеке басының мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қоятын биік азаматтық және саяси кредосын айқындайды.

Ұлттық мемлекеттілік қалыптастыру жолында ол қазақтың небір игі жақсыларымен идеялас, пікірлес, мүдделес немесе қарама-қарсы көзқараста болса да қоян-қолтық қызмет істеді. Осыған байланысты Қожанов – Шоқай, Қожанов – Меңдешов, Қожанов – Сәдуақасов, Қожанов – Рысқұлов, Қожанов – Төреқұлов, Қожанов – Жұмабаев, Қожанов – Дулатов, Қожанов – Асфендияров қарым-қатынастары барынша жемісті болды. Солардың арасынан «әлем таныған тұлға» (Көшім Есмағамбетов) Мұстафа Шоқаймен байланысын қайраткердің ұлтжанды тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен бастау ретінде бағалай аламыз.

Түркістан мұғалімдер семинариясының студенті Сұлтанбектің саяси күреске араласуы 1916-1917 жж. Ташкент қаласында жұмыс істеген қазақ зиялыларының «Кеңес» атты астыртын саяси үйірмесінен басталды. Шоқай мен Қожановтың қарым-қатынасында Түркістан өлкесіндегі алғашқы тәуелсіз қазақ газеті «Бірлік туы» газетінің алар орны ерекше. Газет 1917 жылдың 24 маусымнан 1918 жылдың сәуір айының ортасына дейін Ташкент қаласында шығып тұрған. «Кеңес» үйірмесінің мүшелері Көлбай Төгісовтің редакторлығымен Ташкентте шығып тұрған «Алаш» газетінің негізінде жаңа басылым шығаруды ойластырып, С.Қожановты К.Төгісовпен келіссөз жүргізуге жіберді. Бірақ К.Төгісов «Алаш» газетінен айырылғысы келмейтіндігін танытқан соң ұйым мүшелері серіктік ашып, «Бірлік туы» атты жеке газет шығару жөнінде шешім қабылдайды. Кейіннен үйірме бюросының ұйғарымымен газеттің шығарушысы Қ.Болғанбаев болды. Газетті шығару ісіне М.Шоқай редактор ретінде атсалысты. Газет 1917 ж. 26 қарашада Қоқан қаласында өткен Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезі жариялаған Түркістан Мұхтариятының өзбек тіліндегі «Ұлұғ Туркистон», орыс тіліндегі «Голос Туркестана» газеттерімен бірге қазақ тіліндегі баспасөз органы болып бекітілді.

Осы съезге қатысқан С.Қожанов газетте «Түркістанда орыс сиездері», «Түркістаннан» атты мақалалар жариялады. 1917 ж. 24 маусымнан шыға бастаған газеттің алғашқы екі санына М.Шоқай, одан кейінгі он үш санына Х.Болғанбаев, он алтыншы санынан бастап С.Қожанов редакторлық жасады, барлығы 29 саны жарық көрді. Газет кеңестік биліктің орнығуымен қысымшылыққа түсіп, жабылды.

С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісі болды. Ол айтыс-тартыспен, қитұрқылығы мол саяси күреспен өткен сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық, тіпті таптық мүдделердің деңгейінде қалып қоймай әркез ұлттық, мемлекеттік биіктен табылды

Шоқай мен Қожановтың қарым-қатынастарында 1917 ж. 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесіндегі қазақ халқы өкілдерінің съезі де ерекше орын алады. Съезге Сырдария, Жетісу, Самарқанд, Ферғана облыстарынан 82 өкіл қатысты. Делегаттар қатарында Қ.Сармолдаев, Қ.Қожықов, Ә.Кенесарин, С.Аспандияров, М.Тынышбаев, Қ.Әлімбеков, И.Қасымов секілді секілді қайраткерлер болды. Съезд төралқасына құрметті төраға болып Сейджағыпар Аспандиров, төрағалыққа М.Тынышпаев, оның орынбасарлары болып Алдабек Мангелдин мен Ибрагим Қасымов, мүшелері болып Қоңырқожа Қожықов, Серікбай Ақаев, Әзімхан Кенесарин және Садық Өтегеновтер, хатшылыққа Зұлқарнайн Сейдалин, Шахмардан Капсалямов және Сұлтанбек Қожановтар сайланды. Съезд күн тәртібіне барлығы 18 мәселе ұсынылды. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде съезд атынан 15 адам, соның арасында М.Шоқаймен бірге С.Қожанов та ұсынылған. Делегаттар Түркістан өлкесінде және оның облыстары мен уездерінде қазақ-қырғыз кеңесі ашылсын деген ұйғарым жасап, Сырдария облыстық қазақ кеңесінің құрамына С.Өтегенов, Ә.Көтібаров, И.Қасымов, Т.Рысқұлов, С.Қожановтар сайланды.

1917 ж. қаңтардың 6-9 аралығында Түркістан қаласында Алашорда үкіметі арнайы ұйымдастырған Сырдария облысы қазақтарының съезі де Шоқай – Қожанов қарым-қатынасынан хабар береді. Съезге 82 өкіл жиналған. Олардың құрамында Перовск, Әулиеата, Ташкент, Қазалы, Черняев, Түркістан уездерінен өкілдер болды. Съезде Алаш зиялылары ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық ­ қол жеткізу идеясын көтерді. 5-13 желтоқсан 1917 ж. Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезінің Түркістан қазақтарын Алаш автономиясына қосу мәселесі шешімін таба алмаған себепті осы съезді шақыруға шешім қабылданып, Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың «Қазақ» және «Бірлік туы» (№17 1917 ж. 14 желтоқсаны) газеттерінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында «съезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылды» деп арнайы тізім ұсынған. Съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан төңірегінде туып өскен С.Өтегенов, С.Қожанов, Қ.Қожықов және С.Алдабергеновтер белсене қызмет жасаған. С.Қожанов съезде сөйлеген сөзінде жиын «Бірлік туы» газетінің идеясы негізінде болды және оның большевиктермен бітіспестігін танытты» деді. Съезде Сырдария қазақтары қосылғанда Алаш автономиясының астанасы Түркістан қаласы болады деп шешім қабылданғандығын да айта кетуіміз керек.

С.Қожановтың Түркістан өлкесінде Сырдария облаткомының төрағасы, Ішкі істер, Халық ағарту, Жер-су істері халкомы, Түркатком төрағасының орынбасары, төрағасы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі болып қызмет істеді. Бірыңғай партиялық саясаттың сойылын соққан кейбір қайраткерлерден ерекшелігі осы қызметтерінде ол алаштық негіздегі ұлттық идеядан бір сәт те қол үзген емес.

Алаштық идеяның кеңестік билік жағдайында жалғасын тапқандығына өлкедегі қазақ облыстарында жер-су реформасының ұлттық мүдде тұрғысында сәтті жүргізілуі жарқын мысал болады. Осы жер-су реформасының басы-қасында Жер істері халкомы, алашшыл қайраткер Сұлтанбек Қожанов тұрды. И.Сталин 1922 ж. 17 шілдесінде Ортаазиялық бюроның хатшысы Зеленскийге, көшірмесін Қожановқа арнап жолдаған жеделхатта «Рудзутактың үш қайтара шақыруынан түрлі себептермен жалтарған Қожанов Жетісуда көшіріп жіберу (қоныстанушыларды – авт.) мен тұтқынға алуды жалғастыруда. Тез арада Жетісуда көшіріп жіберу атаулыны тоқтатып, Қожановты түсінік беру үшін Мәскеуге жіберіңіз» дейді. Қоныстанушылар үшін тартып алынған жерлерді өз иелері – қазақтарға қайтару туралы алаштық идеяны кеңестік биліктің саясатын пайдаланып, батыл іске асыра бастаған С.Қожановтың бұл әрекеті әсте де таптық мүдденің шотын шабу емес, ең алдымен ұлттық мүддеге қызмет ету еді.

Түркістан Мұхтарияты большевиктер тарапынан қан-жоса етіп қуып таратылған соң мұғажырлық жағдайда күрес жүргізуге мәжбүр болған Шоқай Баку қаласында жүргенде Сұлтанбек Қожановтан Түркістанға оралып, қызметке араласуға шақырған жеделхат алғандығын жазады. Қожанов бұл кезде Ташкентте Ағарту халкомы болып қызмет істейтін еді.

С.Қожановтың Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшысы болған кезі оның қызметінің ең биік шыңы болды. Ұлттық мүддені мемлекетшілдікке ұлас­тырған әрекеті оның үстінен қазақ большевиктері мен орыс шовинистері тарапынан жоғары партиялық инстанцияларға құпия хаттардың қардай борауына негіз болған. Олардың мазмұны «ұлтшыл», «алашордашыл», «оңшыл ауытқушы», «топшыл» деген саяси айыптауларға негіз қалап, соңы Ф.И.Голощекин шығармашылығының «жемісі» – «қожановшылық» деген саяси айдарға айналды. Республиканың саяси басшысы болғанымен оның әрбір ізін аңдыған мұндай әрекетті Орталықтың қолдап отырғаны да жасырын емес. Саяси еркі шектелген жағдайда С.Қожановтың Қазақстанда қалыпты жұмыс істеуі және ұлттық идеяны іске асыруға еркін кірісуі мүмкін емес еді. Қайта осындай үлкен саяси қысымға қарамастан республика басшылығында он бір ай қызмет жасай алуы ерлікке пара-пар іс еді. Ф.Голощекиннің келуі С.Қожановты айыптайтын саяси науқанға кең өріс ашты. Осыған байланысты С.Қожанов И.Сталиннің қабылдауында болып, оның кеңесімен Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 ж. ашық хат жазып, ақталуға мәжбүр болған. Осы хатында С.Қожанов «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мәселелерге белсене қатыстым: Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға; Жерге орналастыру және жер-су реформасын жүргізуге; «Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына; Орта Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға; Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым» деп жазады.

Қай кезде де тарихи танымның рухани өзегі, ғылыми негізі болады. Кеңестік қоғамда алаштық үлгідегі қайраткерлердің тұлғасын танудағы рухани өзек таптық-партиялық құндылықтар болса, оның ғылыми негізі маркстік-лениндік дүниетаным болғаны белгілі. Ал бүгінгі тәуелсіз қоғамымызда тарихи танымның талабы өзгерді. Мақсат та өзгерді. Қоғам жаңарды, қоғаммен бірге адам да жаңарды. Ендігі кезекте тарихи таным да жаңаруы тиіс. Тарихи танымды жаңартудың жөні осы екен деп жергілікті, аймақтық деңгейдегі тұлғаларды дәріптеу бүгінгі интеллектуалдық тарихқа жараспайды. Тұлғаларды танудағы әрекеттің алтын арқауы, жібек желісі – ұлттық мүдде болуы керек. Яғни, мәселе тура мағынасында қойылғанда, ол тұлға ұлты үшін не істей алды деген сауалға жауап беруді қажет етеді. Сол сияқты, кейбір зерттеулерде кеңестік дәуірдегі партия-кеңес қайраткерлерін біржақты айыптау тенденциясы да жоқ емес. Ал саяси қайраткер ретіндегі қызметіне берілер баға да олардың қызметінен ұлт тағдырына қандай және қаншалықты зиян келді? деген сауалдың жауабымен айқындалады.

Тоталитарлық қоғамдағы тарихи тұлғалар туралы жаңа ғылыми көзқарас қалыптастыра алған тарихшы Д.А.Волкогоновтың «көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйе­сіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы» дегенін ескерер болсақ, сол қоғамның тарихи тұлғалары алдағы уақытта да ғылыми ойдың нысаны болып қала бермек. Осыған байланысты Сұлтанбекті «қызу қанды қазақ» деп атаған большевиктер көсемі В.И.Лениннің өзіне тән категориялықпен «Пролетариатқа саяси қайраткерлердің тірісі және өлісі туралы да шындық керек, өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олар саясат үшін өлмейді» деген тұжырымының мәні қоғам өзгерсе де ауыса қойған жоқ. Демек, кешегі көзқараспен бағаласақ та, бүгінгі таным биігінен ой толғасақ та С.Қожановтың тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасай бермек. Ұлт барда ұлттық мүдде бар. Қазақтың ұлттық мүддесі бар жерде өмірі мен қызметі ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің өлшеміне айналған С.Қожановтың тұлғасына көлеңке түспей, жарқырай танылатын болады.

Сұлтанбектің саяси ұстазы, кеңестік биліктің Орта Азия мен Қазақстандағы ұлт саясатын әшкерелеген өткір мақалаларымен И.Сталиннің түн ұйқысын төрт бөлген М.Шоқай партия қатарына енгенімен өздерінің шынайы ұлттық элитаға тән азаматтық, отаншылдық биігінен төмендемеген қандастарына ризалық сезімін білдіреді. Ол «Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұлтанбек және Сейітқали Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде кеңес өкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар, өткен тәжірибелері көрсетіп отырғандай, кеңес өкіметіне тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз» деген еді.

Сұлтанбек осы сенімнен шыға алды. Өмірінің соңына дейін осы қасиеттерінен айнымады һәм ұлтының болашағына деген сенімін жоғалтпады. Бұл бағаны Сұлтанбекке көзі тірісінде берілген әбден лайықты баға деп қабылдаймыз. Ұлтының ұлы көсеміне лайықты тұлғаның бағасы. Ұлтын ұлықтаған ұлылардың бірін-бірі тануының жарқын мысалы.

С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісі болды. Ол айтыс-тартыспен, қитұрқылығы мол саяси күреспен өткен сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық, тіпті таптық мүдделердің деңгейінде қалып қоймай әркез ұлттық, мемлекеттік биіктен табылды. С.Қожанов сияқты ұлтжандылығы мемлекетшілікке ұласқан, мемлекетшілігі ұлтына қалтқысыз қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер алаштың Сұлтанбегі болып халықтың жадынан мәртебелі орын алуға әбден лайық.

Хазретәлі ТҰРСҰН, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button