Ел тынысы

Ұлттық архивте «Әлкей Марғұланның әлемі» атты көрме ашылды



Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, археолог, тарихшы, этнограф Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Әлкей Марғұланның әлемі» атты құжаттық көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Әлкей Марғұланның қызы Данель Марғұлан, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Тұрсын Жұртбай және т.б қоғам қайраткерлері қатысты.

«Әлкей Хақанұлының аударған хаттары, мақалалары, қазақ даласынан тапқан ерекше суреттері, оқу орындарында жазған еңбектері бүгінгі ғылыми айналымның сүбелі материалдарының қатарына кіреді. Әлкей Хақанұлы көп ашыла бермеген көне дәуірлерге саяхат жасап, біздің байырғы мәдениетімізді ақ қағазға алтын әріптермен жазған ғалым. Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерей тойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдында және 2007 жылы Алматыдағы Ұлттық Ғылым Академиясының жанында қоладан бюст-ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылындағы жалпы орта білім беру мектебі мен Баянауыл орталығында орналасқан көшеге есімі берілді», – деді вице-министр Ербол Әліқұлов.

Әлкей Хақанұлының қызы Данель Марғұлан ғалымның есімін ардақтаған ауқымды іс-шара үшін алғыс айтып, әкесі туралы ескірмес естеліктерімен бөлісті.

Көрмеге Әлкей Марғұланның өмірінен сыр шертетін 90-нан астам құнды құжат қойылды. Атап айтсақ, «Шоқан Уәлихановтың көркем мұрасы мақаласы», «Қазан университетінен алынған қолжазбалар», «Қола дәуірі қорымдары мақаласы», сондай-ақ Жошы хан кесенесі мен Айша бибі мазарының сызбасы, Маңғыстау өлкесінің этнографиялық жазбалары,  ру таңбалары, архитектуралық құрылыс материалдарының сызбалары, суреттер таныстырылды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button