Руханият

Ұлтын ұлықтаған ғұлама



Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті әдебиет­танушы ғалым, фольклор зерт­теушісі, сыншы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Рахманқұл Бердібайдың ғылыми мұрасына арналған «Ұлтын ұлықтаған ғұлама» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Парламент депутаттары, белгілі ғалымдар, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында Рахманқұл Бердібайдың кезінде телеарналардың біріне берген сұхбаты ұсынылды. Іс-шараны жүргізген Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанұлы ғалымның әдебиеттануға, жалпы қазақ руханиятына қосқан үлкен үлесіне тоқталды. Соның ішінде Рахманқұл Бердібай шығармашылығы мен еңбектері 32 кітап пен мыңнан аса ғылыми мақаладан тұратынын, ол тарихи ақиқаттарды бұрмаламай көрсетіп, тоқырау жылдарындағы ұлттың шыңдалу процесінде белсене қатысқанын атап өтті. Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында Наурыз мерекесінің қазаққа қайтып оралуына атсалысты. Бұл жайлы көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков айтып кетті.

«Әлі есімде, маған Орталық Комитетке хатшы болып сайланысымен арада 10 күн өтпей жатып, Қазақстан Жазушылар одағының пленумында сөйлеуге тура келген еді. Рахманқұл Бердібай сол кездесуде зиялы қауымнан бірінші болып Наурыз мейрамын атап өту жөнінде мәселе қойған болатын» деп жазды Өзбекәлі Жәнібекұлы.

Жиында ғалымның биік тұлғасы, эн­циклопедиялық зердесі, азаматтық ұстанымы, қазақ әдебиеті ғылымына ғана емес, түркі дүниесінің руханиятына қосқан үлесі сөз болды. Рахманқұл Бердібай қазақ даласындағы қуғын-сүргін әлі толық басылмай тұрған 50-жылдары ұлт мүддесін қорғап, батыл үн шығара білді. Кеңес саясатына қайшы келсе де, 1956 жылы өзі қызмет істеген «Қазақ әдебиеті» газетіне қазақ тілі мен қазақ мектептерінің мәселесін көтеріп, сол үшін біраз қуғын көрді, ұлтшылдығы үшін қызметінен қуылды.

Әсіресе Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейі жанындағы «Халық университеті» атты ұлттық-рухани жобаны дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбиелік мәні зор іс атқарды.

«Халық университеті» елдің санасын оятты, рухын көтерді. Әуезов музейін шабыт шаңырағына, ұлттық ұлағат ұясына айналдырды. Осында оқылған лекциялар бірнеше буын ұрпақты кейінірек әйтеуір бір келуі мүмкін тәуелсіздік кезеңіне дайындады. Соны аңсап, саналы түрде сарылып сабақ өткізді» деді жиында белгілі қаламгер, ғалым, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы.

Сондай-ақ іс-шарада Рахманқұл Бердібайдың қазақ ауыз әдебиетін зерттеудегі тың сүрлеу салған сара жолы, фольклорды жаңаша стильде қарастыруы, қазақ музыкасы мен тарихи мұраларды қалпына келтірудегі зор еңбегі туралы айтылды.

Бір атап өтерлігі, Астанада Рахманқұл Бердібай көшесі бар. Көрнекті ғалымға бас қаладан көше беру туралы тиісті шешім осыдан 2 жыл бұрын шықты. Аталған көше қаланың Алматы ауданында орналасқан


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button