Руханият

Ұлылықты ұлықтау

Қазан федералды университетінде Абай орталығының ашылуы – екі ел арасындағы ғылыми және рухани байланыстың нәтижесі.

Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Адамзаттың барлығын «бауырым» деп сүй деген Абай өзінің гуманистік, даналық тағылымы арқылы әлемдік деңгейдегі ойшылдар қатарынан табыла отырып, адам бойындағы кереғарлықтарды жою мақсатында ұлағатты терең ойларын қалдырды.

Күллі адамзатқа ортақ дара ой алыбы Абайдың әрбір даналық сөзін, қоғамдық мәні аса жоғары философиялық түйіндерін, ғылыми-танымдық көзқарасын елімізде ғана емес, әлем жұртшылығына насихаттау – біздің басты міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында да нақты міндеттерді жүктеген еді.

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын жүйелі зерттеу, талдамалық, әлеу­меттанулық зерттеулер жүргізу, абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарды академияның төңірегіне топтас­тыру, ғылыми тұрғыдан үйлестіру бағытында ғана емес, қазіргі таңда алыс-жақын шетелдердегі ұлы ақынға қатысты ұйымдармен тікелей жұмыс істеуде. «Абай – мемлекет ісінің мүдделесі», «Абай – ұлттық болмыстың үлгісі», «Абай – әлемдік мәдениет тұлғасы», «Абай мұрасы – түркі әлемінің мәдени капиталы», «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» т. б. бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыс­тары жүргізілуде.

«Абай академиясы» ғылыми жобасының жетекшісі, академик Ерлан Сыдықов басшылығымен бүгінгі күнге дейін университетаралық келісімшарт негізінде әлемнің төрт жоғары оқу орында Абай орталықтары ашылған болатын. Баку мемлекеттік университеті, Беларусь ұлттық техникалық университеті, Иорданияның Петра университетінде және Ереван мемлекеттік университетінде Абай мұрасын насихаттау негізінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазан қаласындағы Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов­пен кездесу барысында: «Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтас­тықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын» деген еді.

Екі ел арасындағы ынтымақтас­тықты дамытуға, достық пен рухани жақындықты нығайту барысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті екі университет арасындағы келісім аясында осы жылдың 15 мамыр күні Қазан федералды университетінің Филология және мәдениетаралық коммуникация институтында «Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығын» ашты. Екі жүз жиырма жылдық тарихы бар, білім беру саласында орасан зор тәжірибесі мен ғылыми ізденістерге бай Қазан федералды университетінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған орталықтың ашылуы – еліміз үшін маңыздың жаңалықтың бірі. Бұл – абайтанудың жаңа белесінің нәтижелі жұмыстарының, игі істердің бастамасы болары да анық.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы бас консулы Ерлан Ысқақов, ҚФУ президенті Рияз Минзарипов, ЕҰУ басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, Татарстан халықтар достығы үйінің директоры Тимур Кадыров және «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» форумының құрметті қонақтары қатысты.

Іс-шара барысында Абайдың шығармашылық мұрасы жаңаша тұрғыда зерделенген ғылыми-­танымдық еңбектер мен ғылыми-танымдық кітаптарды табыстап, ұлы ақын мұрасын насихаттау бағытындағы келелі жоспарларымызды бір талқылап алдық.

Абай орталығының ашылуы халықтар достығы мен университеттердің адамзаттың рухани құндылықтарын сақтау мен көбейтудегі миссиясын жүзеге асырудың көрінісі деп санаймын. Орталық болашақта хакім мұрасын жан-жақты зерттеу, насихаттау жұмыстарымен қатар, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, қазақ тілін оқыту және насихаттау, мәдени байланыстарды нығайту, халықтың бай және төл мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін таныту, сондай-ақ екі университет арасындағы заманауи жетістіктерімен және даму жоспарларын іске асыру бағытында ауқымды жұмыс істейді деген зор үмітіміз бар.

Абай орталығының Татар елінде ашылуының маңызы да ерекше. Екі туыс елдің рухани жақындығымен қатар, Абайдың ұлы ақын болып қалыптасуында татар халқының алатын орны ерекше. Абай білім алған, азаматтық көзқарасы қалыптасқан Семей қаласында татар халқының көптеп қоныстанғаны тарихтан белгілі. Ақынның даналығы терең толғамдарының қалыптасуына ықпал еткен тұлғалар туралы айтқанда татар халқының ұлы перзенті Шихабеддин Маржани еске түсері анық. Абай дала дәстүрі мен халық философиясын бала жасынан бойына сіңіріп, медреседе оқып, таным көкжиегін кеңейткенде, өзі де жан-жақты іздену барысында да оқыған кітаптары мен тәлім алған ұстаздарының тигізген әсері айрықша. Маржанидің ағартушылық бағытын ұстанған Ахмет Ризаның медресінде оқу жас Абайға үлкен мектеп болғаны анық. Семей қаласындағы терең рухани бiлiм беруге баса назар аударылған медреседе Абай ислам дiнiнiң қағидаларын, сонымен бiрге сопылық iлiмді де меңгеріп, жалпы түркілік, шығыстық әдебиет пен мәдениетке, ғылым-білімге сусындап шыққаны ақиқат. Заманында қазақ даласына келген Татар молдалары елімізді ислам дініне баулып, медреселер ашып, мешіттер салып, діни кітаптар таратып, білімге шақырды.

Абай – жаңашыл тұлға. Ол жаңа жазба әдебиеттің негізін қалап, қазақ даласында бұрын болмаған әдеби мектеп қалыптастырды. Бұл ретте арғы тегі Қырым татарларынан тарайтын Ысмайыл Гаспыралы мен Абайдың үндестігін аңғармау мүмкін емес. Жаңашыл бағыттағы «Ахмет Риза» медресесінде Маржани шәкірттерінен тәлім алған Абай «Тәржіман» газетін жаздырып алып, үзбей оқып тұрғаны баршаға аян.

Қазан – архивтік құжаттарға бай, ғылым-білім байлығы жинақталған қаланың бірі. Осы сапар барысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшылығы Татарстан мемлекеттік ғылым академиясымен ортақ өзара ынтымақтастық келісімге отыруының өзі, болашақта бірлесіп атқаратын игі ғылыми істердің бастамасы болары хақ.

 Жандос ӘУБӘКІР,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Абай академиясы» ҒЗИ

директоры, ф.ғ.к., доцент, PһD

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button