Қоғам

Ұрпақ қамы – басты назарда



Бала дүние есігін ашқаннан ата-анасының қамқорлығында, өз әулетінде алаңсыз өмір сүріп, мейіріміне бөленіп ержетуі тиіс. Баланың өз отбасында тәрбиелену құқығы сақтала отырып, қоғамға бейімделуі, дені сау, рухы мықты болып өсуі айналасындағы қолайлы жағдайға да тікелей қатысты. Алайда өмірде басқаша болып жатады. Кейде баланың заңды бұзып, бұралаң жолға түсуі де ерте бастан басталып жатады.

Астана қаласы Абай даңғылы 92/3 мекенжайында орналасқан «Шанс» әлеуметтік-құқықтық қолдау орталығында заңнан аттап өткен жастарды бейімдеумен бірге, кәмелетке толмағандардың қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайында құқықтық қолдау көрсетеді. Яғни жас басынан қылмыс жасағандармен немесе қылмыстың құрбаны болған балалармен жұмыс істейді. Еліміздің қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес кәмелетке толмаған жәбірленушіден, куәгерден, кәмелетке толмаған күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу кезінде психологтың немесе педагогтың қатысуы қарастырылған. Осы талаптарға сәйкес балалардың психикасына орасан зор қысым түсетін жайттардан барынша сақтанып, оның салдары зардапсыз өтуіне  күш салады.  Мысалы, қалада кәмелетке толмағандардың қатысуымен қылмыс жасалды делік. Көбіне төбелесіп, ұрлық жасайды. Құқық қорғау органдары алдымен бала құқығын қорғайтын осы орталықпен байланысып, жағдайды хабарлайды. Осыдан кейін орталықтың мамандары тәуліктің қай кезі болғанына қарамастан (психологтар, әлеуметтік педагогтар) оқиға болған жерге барып, жағдайды сараптап, өз қызметіне кіріседі.

«Право» қоғамдық қорының төрағасы Ольга Рыль – осы қыз­меттің негізін қалаған жан. Көп жылдан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқығын қорғау­ға белсене атсалысып келеді.

«Жаңылыс басқан бір қателіктен баланың жас өмірін бүлдіру – дұрыс емес. Өмірде қиын жағдайларға тап болған бала көп. Біздің қолдауымызға зәру жандар да – солар. Олар арнайы әлеуметтік-психологиялық бағдарламадан өтіп, қылмыстың не екенін, құқығы қандай, басқа адамдар алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі қай тұрғыда деген сұрақтардың жауабын алуы тиіс» деді Ольга Владимировна.

Орталық мамандары сексуал­дық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және қылмыстық сипаттағы өзге де қысымдардың құрбаны болған кәмелетке толмағандарға қатысты жедел-іздестіру іс-шараларына тікелей араласады. Тек қана  жасөспірімдер мәселелері бойын­ша нақты істерге араласып қана қоймай, қолданыстағы заңдылықтарға өзгерістер мен түзетулер енгізумен айналысып келеді. Жиырма жылдан бері кәмелетке толмағандармен жүргізілген жұмыстың мол тәжірибесінің арқасында қолданыстағы заңнамаларға осы орталықтың ұсыныстары қаперге алынып, заңнамалар біршама жетілдірілді деуге болады.

Заңға қиғаш келгендерге, яғни қылмыс жасағандарға қажетті  әлеуметтік бағдарлама аясында қолайлы жағдай жасалады. Жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарының тергеу процесінде арнайы кабинеттерде оңашада тергеу, баланың психикасына әсер етпейтін жағдайда өткізу қажеттігін орталық қыз­меткерлері дәлелдеп, енгізді деуге болады.

Сонымен бірге балалар құқығының бұзылатыны ата-­аналары ажырасқан жағдайда көрініс табады. Сот шешімі шығып, неке бұзылғаннан ­кейін орталықтың психологтары бала мен оның ата-анасымен кездесіп, олардың психикалық жағдайын анықтап, баланың кіммен қолайлы болатынын анықтайды. Осы зерттеу бойын­ша,  яғни тек  әңгімелесу  ғана емес түрлі тест арқылы жағдайды барлап, ол қорытынды сот шешімінің негізіне қаланады. Одан бөлек, ажырасқан болса да, бала тәрбие­сіне ата-анасының қатысуын, кездесудің мерзімі мен уақытын, реттілігін анықтайды. Кейбір жағдайда ажырасу процесінде өзара тіл табыса алмай, бір мәмілеге келе алмайтын жағдайлар болады. Сондайда ара ағайын есебінде, баланың мүддесін орталық мамандары қорғайды.

– Мысал үшін айтайық, баланың әкесі баласымен таңғы сегізде апта сайын кездесуін талап етті. Бұл бала үшін қолайлы емес. Жоғары сыныптың оқушысы болатын, апта бойында сабақтан, одан қалды қосымша үйірмеге қатысатындықтан демалыста таңғы ұйқысын бұзбауы керек. Осы ерекшеліктерді ескеріп, біздің психологтар басқаша шешім шығарды. Ең бастысы балаға қолайлы болып, оның өміріне зияны тимеуі керек.

Ата-анасы ажырасып жатқандағы баланың мінез-құлқы тіпті ушығып кетеді. Ол өзін ешкімге керек еместей сезінеді. Психолог осы ретте  жауапкершілікті мойнына алып, қарым-қатынасты барынша қалпына келтіруге тырысады. Ата-анасы ерлі-зайыпты емес, бөлек тұрса да, бала екеумен де бірге араласып тұруға құқылы екенін үлкеніне де, кішісіне де жеткізе білу керек. Өйткені өмірлері өзгергенмен, ата-анасы болып қала береді. Арадағы сыйластықты жоғалтпай, жаңа деңгейде ортақ баланың мүддесі үшін мәдениетті түрде байланыса алатын жол табуға  көмектесеміз. Ортадағы баланы кек алу үшін, айтқанын істету үшін пайдалануға жол берілмеуі керек.

Мен көп жылдар Ішкі істер жүйесінде жұмыс істеген едім. Сотталғандардың балалар мәселесі де маңызды. Осы санаттағы балалармен айналысып, олардың ата-аналарының тағдырын қайталамауы үшін бағдарламалар аштық. Бұл да күрделі нәрсе. Бұл жерде балалар ата-аналарының бірінің заңды түрде сотталғанын, олардың заңды бұзғанын түсініп, дұрыс қабылдауы тиіс. Егер сенде заң бұзсаң, дәл осындай жауапкершілікті тартасың деген ұстанымды біліп өсуі тиіс. Бұл олардың қоғамнан оқшауланбай, құқықтық сауатының дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Сирияға кеткен ата-аналарды жазаға тартқан кезде, балалары үшін бұл түсініксіз жағдай болды. Олармен жұмыс істеу барысында, заң бәріне ортақ, егер соны бұзсаң жазасын өтеуі тиіс. Сенің құқығың шектелген, аяқталған  жерде бөтен адам алдындағы жауапкершілігін басталады. Ендігі жерде оның құқығын бұзуға болмайды.  Осылайша  құқықтық мемлекет қалыптасады. Оны сақтамай, толыққанды мемлекет болмайды, – дейді орталық басшысы.

«Право» қоғамдық қоры қыз­метінің басты бағыттарының бірі – жасөспірімдерді жыныстық қорлықтан қорғау, жыныстық тиіспеушілігіне қолсұғуға ешкімнің құқығы жоқ. Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 8 маусымдағы заңымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы Конвенцияның 34-бабына сәйкес қатысушы мемлекеттер баланы сексуалдық қанаудың және сексуалдық азғырудың барлық нысандарынан қорғауға міндеттенеді.

– 16 жасқа дейінгілерге автобустарда, қоғамдық орындарда осы тұрғыда  қорлық көрсетілетінін білеміз. Ересектер жағымсыз әрекеті үшін жауап­қа тартылуы тиіс. Кез келген адамның өмірінде, баланың қатысында да ешқандай жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу түгілі, тұспалдап болса да, жаманшылыққа жол бермеу керек. Бала ересектер тарапынан ешқандай оғаш нәрселерді білмей өсуі керек. Неге десеңіз, осы кезде баланың психикасы қалыптасады. Жаны жараланып, өмірлік жарақат алуы әбден мүмкін.

Кейде ата-анасы тарапынан түсіністік, қолдау болмайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Олар үшін бала жерде өсіп тұрған шөп сияқты. Қалай өсті, солай өсе берсін дегендей өз еркіне жібереді. Мұның ақырында бала қылмысқа барып, өмірін тығырыққа тіреуі әбден мүмкін. Туғандары безіп, қоғам теріс айналып, біз сияқты орталықтар жұмыс істемесе, онда әрқайсысымыз осы қылмыстың құрбаны болуымыз әбден мүмкін. Өкініштісі, мұндай жастардың артында ересек қылмыскерлер тұрады. Олар баланың жастығын пайдаланып қылмысқа итермелейді, солардың қолымен қылмыс жасайды, – деді О.Рыль.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button