ӘлеуметБасты ақпарат

Вейптің «кәйпі» қауіпті

Астана қаласында жоғары сынып оқушыларының үзіліс кезінде электронды сигарет шегетіні талай айтылды. Алайда «оның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Бұл – тек темекіні ауыстыратын тәтті түтін» деген пікірлер айтылып, бұл өнімдерге «шаң жуытпай», қызғыштай қорыған мүдделілер көп болды.

Жалған желеу жарға жығар

Дендеп күрескен табанды­лықтың арқасында вейптің ұрпақ денсаулығына өте зиян әрі отбасы бюджетіне қып-қызыл шығын келтіретіні жан-жақты дәлелденді. Нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 19 сәуірде елімізге вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұдан былай оның жарнамасына қатаң шектеу қойылып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, бұған қол жеткізу үшін 2-3 жыл бойы тер төгуге тура келгенін айтпасқа болмайды. Себебі алғаш әңгіме көтерілгенде, қарсылық білдірген шетелдік компаниялармен қатар, іштегі лоббистер табан тіреп отырып алды. Алайда халықтың денсаулығы мен балалардың болашағын ойлаған зиялы қауым қоғамдық пікірге сүйене отырып, «экономикалық мақсат» деген жалған желеудің алдына тосқауыл қоя білді. Адам ағзасына өлшеусіз залал келтіретін никотин аэрозолін тоқтату үшін блогерлерден бастап министрлер, депутаттар, әкімдер атсалысты. Соңында көпшіліктің уәжі ескеріліп, заңға өзгерістер мен түзетулер енді.

Жалпы қазақы ұғымға жат «вейп» деген сөз қайдан шыққаны жөнінде мәліметтерге назар аударып көрейікші. Вейп – ағылшынның vaping, яғни «булану» деген сөзінен шыққан шылым шегу үдерісі. Тек мұнда темекі өнімі сұйық күйінде құрылғыға (вейпке) құйылып, қызған соң бу (түтін) шығады. Кейінгі кезде оны жақтаушылар «оның ағзаға зияны жоқ» деген қып-қызыл өтірікті беті бүлк етпей айтып келеді. Шындығында, вейп адам ағзасына (әсіресе балалар мен жасөспірімдерге) темекі мен алкоголь ішімдігінен де зиянды екені дәлелдене бастады. Дегенмен темекі өндірісінің өкілдері одан түсетін орасан зор пайда мен табысқа құныққаны сонша, оны еселеп өндіріп, жанын салып қорғауға тырысуда.

Мойындау керек, Азия мен кейбір Батыс елдерінде қазір қоғамдық орындарда темекі тартатындарға қарсы бітіспес майдан ашылған. Шылым шегудің зияны туралы жаппай насихатталып, тіпті баласының көзінше көк түтінді будақтататындарды ата-
ана құқығынан айыру жөнінде мәселе көтерілген жағдайлар бар. Айыппұл салынып, азаматтар тарапынан наразылық болған соң, талап-арыз беріле бастаған соң, қоғамда темекі шегушілер қатары сирепті. Осы тұста ел ішінде вейп деген шыға бастаған. Алғашқы электронды сигаретті 2003 жылы қытай фармацевті, коммерсант Хун Лик деген адам ойлап тауыпты. Ал 2004 жылы оның ашқан жаңалығын Гонконгтың ірі компаниясы – Golden Dragon Holdings өндіріске енгізіп үлгерген. Осыдан кейін-ақ аспан асты елінде темекі өндірісі мен одан түсетін табыс өрлеп жүре берген.

Түтінге тәуелділік күшеюде

Қазір әлемде атынан ат үркетін алып компаниялар вейп өндірісін дамытып, қалтасын қампитуда. Кейбірі брендтік вейптер мен электронды сигареттерді кәсіпорынның басты маркасына айналдырып алған. Осы төңіректе IQOS бренді мен ірі-ірі компаниялар вейптердің алпауыт өндірісін қыздыра түсуде. Ал электронды сигареттер шығаруда Green Smoke, Nicocigs, Intellicig, CN Creative, Blue Cigs, Dragonite, Skycig кәсіпорындары никотин өндірісінің көш басында көрініп келеді. Осылардың өнімдерін ел ішінде еркін тарату үшін лобби жасайтындар Қазақстанда кейінгі кезде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Тіпті «Темекі түтінінен бас тартайық» деп аталатын бір қауымдастық «вейпке тыйым салып, электронды сигареттерді қалдырайық» деген сыңайда ұран тастап, өзінің кімнің мүддесін қорғап тұрғанын айқын аңғартып қойды. Қарапайым халық үшін вейпің не, электронды сигаретің не – бәрі бірдей емес пе? Екеуі де зиянды түтін. Маркетинг тұрғысынан «жану үдерісі жоқ», «никотин бөлінбейді» деп аңқау елге арамза молда болғанша, оның синтетикалық никотин екенін ашып айтатын уақыт жетті.

Қоғам белсендісі Аймұрат Есентемірдің айтуынша, вейптен де, электронды сигареттен де едәуір никотин бөлінеді. Оларға тәуелділік, әсіресе балалар мен жасөспірімдерде, екі-үш рет сор­ғаннан кейін-ақ пайда болатын көрінеді. Қазір көптеген мектепте кейбір оқушылардың 45 минуттық сабаққа шыдай алмай: «тамақ жыбырлап, құлағымыз шуылдап бара жатыр» деп сыртқа жүгіре жөнелетіні туралы арыз-шағым көп. Міне, бұл – вейп шегетін жет­­кіншектердің оған тәуелді болуының салдары. Егер күнделікті сигаретте 0,7-0,9 миллиграмм никотин болса, вейпте 20, 40, 60 миллиграмға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан «темекі тастап, вейп тартыңдар» дейтіндердің жайын алыстан түсінуге болады. Олар – көкейін ақша тескен қулар.

Талап қатаң сақталуы керек

Астана қаласының тұрғыны, мектепте 40 жылдан аса ұстаз бол­ған Айбол Асқарұлы бұл мәселені көптен көтеріп келе жатқанын айтады.

«Білім шаңырағында ұл да, қыз да үзіліс кезінде болсын, былайғы уақытта болсын, көк түтінді бұрқыратып тұрғанын талай көріп, өздеріне де, мұғалімдеріне де ескерту жасағанмын. Немерем оқитын мектептің директорымен сөйлесіп, бірігіп қимыл-әрекет жасап, нәтижеге қол жеткізгендей болдық. Ал енді қоғамдағы, көшедегі осы тұрғыдағы келеңсіздікті бірнеше құзырлы органның есігін қағып жүріп енді ғана бір жүйеге түсіргендей болып отырмыз. Өйткені қолымызда Мемлекет басшысы қол қойған заң бар. Ол күшіне енген соң біз де күш аламыз ба деп ойлаймын».

Қазақстанда арнаулы вейп-­дүкен үшін жабдықталған 800-ден аса орын мен электронды сигарет сататын 8000-нан аса сауда нүктесі бар. Вейптер дүкен сөрелерінде көрнекті жерде баланың көзін қызықтыратындай жерде жарқырап тұрады. Ал оны бақылап, қадағалап жатқан тірі пендені байқамайсыз. Оны айтасыз, осы заң шыққалы «вейптер мен электронды сигареттерде никотиннің аздығын дәлелдегісі келіп, жанұшыра қимылдаған ұйымдасқан адамдар тобы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен лицензия сұрап, бірнеше рет ұсыныс түсіргені белгілі болды. Әрине, мұндай ұсыныстар қабылданбайтыны түсінікті. Өйткені оқушылардың денсаулығын бүлдіріп, келешек өміріне орны толмастай нұқсан келтіретін вейп, электронды темекі сияқты зияны мол заттарды қоғамнан аластауға енді ғана қол жетіп жатқанда, жеке мүддесі мен құлқынының қамын ойлаған санаулы топтың әрекетіне бұдан былай жол берілмесі анық.

Бажайлап қарасақ, бұған дейін Денсаулық кодексінің 110-бабы 17-тармағында бізде вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарға тыйым салынғанын көреміз. Бірақ ол жасы кәмелетке толмағандарға ғана қатысты болатын. Ал осы талапты күнделікті өмірде кім сақтапты? Вейп-дүкендер мен сауда орындары ешкімнің жеке куәлігін сұрамайды. Ақшасы бар ма, 10 жасар бала келіп тұрса да сата береді. Айтпақшы, арнайы жүргізілген зерттеулер елде 11-15 жастағы балалар арасында ұлдардың 14 пайызы және қыздардың 6 пайызы вейп қолданатынын анықтаған.

«Вейп деген – өте зымиян нәрсе. Оны баланың тұтынып жүргенін білу аса қиын. Өйткені түтінінің иісі білінбейді, сағыз шайнаған сияқты сезіледі. Баланы қызықтыратыны да осы. Ал шын мәнінде ол – никотин. Соны жеткіншек сезбей жұта береді. Оқушылар бір вейпті бірлесіп те қолданады екен. Бұл өте қауіпті, бірінің жұқпалы дерті біріне жұғуы әбден мүмкін» дейді тәжірибелі ұстаз.

Темекі өндірісімен айналысатындардың мектептердің түтінге көміліп, шәкірттердің болашағына балта шабылып жатқанымен шаруасы шамалы. Дегенмен алғашқы 30 елдің қатарында Қазақстан да өзінің жас ұрпағын қорғап, заң шығарды. Бұл алдағы уақытта барлық келеңсіздікті реттейді деген сенім зор.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button