Әлеумет

Жәрмеңке – берекелі үрдіс



Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, оны сату, әрбір дақылды рәсуа етпей қайта өңдеу – тауар өндірушілердің, бір сөзбен айтқанда, диқандардың маңдай тері, табан ақысы адалынан келіп, қырманы қызыл болуының бір белгісі. Бәрі сәтімен болса, шаруақордың ала жаздай бейнетінің қайтарымы ретінде қаржы тұрақтылығын арттырудың ең маңызды бағыты.

Нарық қатынасы жүйесі дамыған елдерде ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларына тікелей сату – менеджменттің құрамдас бөлігі. Бұл, бір жағынан, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен өңдеу өнеркәсібінде, осы іспен айналысатын ұжымдарда маркетинг стратегиясының негізін құрайды. Яғни сатушы мен сатып алушының арасындағы делдалдардың қолын қысқартып, өнімді тұтынушыға жеткізуде тиімсіз шығындарды болдырмауға көмектеседі. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті тарату, өңірлердің бренд тауарларын насихаттаудағы орны бөлек Астанада өтетін жыл сайынғы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі диқан мен халық арасындағы алтын көпір деп айтуға әбден болады.

Үрдіс 2017 жылдары басталған еді. Бас қаламыз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезінде әр аймақтан келген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өңірдің мәдени күндерімен қатар өтті. Біртіндеп мәдениет ауқымы жаңа форматқа ауысса да, жыл сайынғы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қалалықтардың асыға күтетін, көңілге тоқтық әкелетін берекелі мерекесіне айналды.

Сол жылдан бері шығыстың балы, Сырдың күріші, Атыраудың балығы, Жаңаарқаның қымызы, Ақтөбенің тарысы, Жетісудың алмасы, солтүстіктің ұны мен Түркістанның көкөнісі астаналықтар дастарқанының көркін кіргізіп келеді.

Әдетте, өңірлерден келген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесі күздің алғашқы айында әр сенбі-жексенбіде өтеді. Биыл да берекелі мезгілдің басты оқиғасы болып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы сәтті аяқталды. Жалпы алғанда, оған республиканың әр өңірінен 600-ден астам фермер қатыс­ты. Олар 10 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан етіп жеткізіп, қала тұрғындарына сатты.

Жәрмеңкелер халықтың көңіл күйін көтеріп, жақындастыратын қасиеті де бар. Ұзын-сонар сауда сөрелері, жүк тиелген көліктері қатар орналасып, сатып алушылар топ-тобымен келіп-кетіп жатуы да ерекше көрініс. Бұл кәдімгі базарларға қарағанда айырмашылығы бар. Диқандармен бірге келген көркемөнерпаздар ұжымы да осы ән мен дәннің мерекесіне үлесін қосып, думандатып жібереді. Байқаған жанға сатып алушылардың тауар өндірушілеріне деген құрметі сезіліп тұрады. Жыл сайын алыстан ат арытып азық-түлік жеткізген диқандарға деген алғысы да болар. Сатушылар астаналықтарға қызметін жылы қабақпен көрсеткеніне куә болдық. Әркім әр облыстан өз керегін іздейді. Расында, Астана тұрғындарын құрайтындар – осыдан 30 жыл бұрын келген әр өңірдің тумасы. Қызмет бабымен не болмаса үлкен шаһарда өмір сүргісі келгендердің санасында жас күннен дәмін біліп, жеп өскен сүйікті асы болады. Мінеки, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жылдан-жылға дәстүрге айналып, оның тиімділігін дәлелдейтін де бір себебі осы өнімдердің өтімділігі болса керек.

«Бренд» деп соңғы кезде айтып жүрміз. Әр өңірдің климат жағдайына қарай тек сол жердің суы мен күніне, көп жылдық диқандардың тәжірибесіне негізделген өтімді өнімі бар. Жыл сайынғы жәрмеңкенің арқасында әр облыстан келетін өнімді күтіп, сол дәмді жегіміз келіп дәметіп отыратын әдетіміз де бар.

Осы кезең елдің тісі қызылға тиіп, аузы аққа жаритын кезеңі деуге болады. Өйткені бұрындары күздік деп аталатын соғымға дейінгі етті осы жәрмеңкеден бастап сатып алады. Қаламызда ет дүкендері не болмаса базарлар да жоқ емес. Алайда жәрмеңкеден ет сатып алудың сәні бөлек. Еттің бабын білетіндер өңірлердің өсетін шөбі мен шабындығына қарай сол жерде өскен малдың дәмін келтіреді дейді. Егер өңір шөлейтті, шөбі ащы болса, оны жеген малдың еті де татымды келеді. Оған қосарлана сатылатын шұжықтар мен ет өнімдері де тәбетті көрінді. Бүгінде ет өңдеуді жақсылап үйреніп алды. Қайнатылған, ысталған, кептірілген дейсіз бе, әртүрлі дәмдеуіш қосылғаны бар. Дәмі тіл үйіреді. Осы әдіспен қазіргі күні қазының да түр-түрін жасайтын болды. Жәрмеңкеге түскен заттың бәрі ветеринарлық тексеруден өткен, әдемілеп орап қойған заттың бағасы да қуантады.

Жетісу мен Алматы алмасымен атақты. Шетелден келген алмалармен салыстырғанда өз елімізде өсетін алманың дәмі ерекше, иісі аңқып тұрады. Көпке дейін сақталмайтындықтан, мезгілінде жеп алғанға не жетсін! Жыл бойы ауыз­дан дәмі кетпейтіндей молынан алып, артылғаны – түрлі тоспа жасайтын қалалықтар үшін жақсы мүмкіндік.

Батыс Қазақстан облысымен бірігіп келген Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің өз ерекшелігі бар. Алдыңғы облыс өнімді қайта өңдеуге мән берсе, Сырдың ақ күрішін қаппен алып жатқандардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Тегінде, қала базарында күріштің түр-түрі бар. Алды Бұхара, Ташкент, Қытайдан да келіп жатыр. Алайда Қызылорда ақ маржанының жөні бөлек. Сауда жасаудың да мәдениеті қалыптасып жатқанын осы өңір шаруа қожалықтарының қызметінен көрдік. Сатушылардың біртекті киімі көзге түсті. Сауда қатарындағы тазалық та ұйымдастырушылардың дайындығын білдіреді. Бұл жәрмеңке – «Қазалы» кәмпитінің күні. Астаналықтар келілеп алып жатуына қарағанда, бұл тауар нарықтан ойып тұрып өз орнын алған секілді.

Жүк көлігіне лық тиелген қауынның барлық түріне қарап сұраныс болса тауардың да табылатынына сенімдіміз. Бұрын жоғалып бара жатқан күләбі, сарала, торлама, шытырлақ, тағы басқа Сырдың бойында өсетін қауындар ерте пісетін өзбектердің қауындарын ысыра алмаса да, жәрмеңке болғанда елордалықтар сатып алып бір жасап қалады. Бағасы да жақсы.

Шығыс Қазақстан облысы балымен белгілі. Биыл күзде шығыстан келген 50 тонна балды астаналықтар екі күнде үлестіріп әкетті. Балдың да түр-түрі бар. Бал өндірушілер сатушыларға әр балдың емдік қасиетін айтып, нағыз балды қант қосылған қойыртпақтан қалай ажыратуға болатынын түсіндіріп жатады. Бұл да дәстүрлі жәрмеңкенің бір көрінісі.

Расында да, жәрмеңке осындай жаңалықтарымен таңғалдырды. Ең бастысы, шаруаға да, тұрғындарға да қолайлы жаңа нарықтың қажетін дәлелдеді. Халық та Арқаның ұзақ қысына қажетті азық-түлігін осы жәрмеңкеден қамдап алуға үйреніп, жаңа дәстүр қалыптасты.

Бұған тағы да қосарымыз, елордада екі аудан аумағында демалыс күндері жәрмеңкелер өтеді. Есіл ауданында Сауран көшесі, 7 мекенжайында сенбі-жексенбі күндері ашық аспан астында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты жұмыс істейді. Оған Т.Жүргенов көшесі, 27-де өтетін жәрмеңкеге азық-түлік тауарларын көтерме бағамен жеткізушілер, Қарағанды және Ақмола облыстарының жақын аудандарындағы шаруа қожалықтары, сондай-ақ, «Шапағат» базарының көтерме саудамен айналысушылары қатысады.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button