Басты ақпаратҚала мен Сала

Жайлы да сәнді жаңа аулалар

Астананың Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандарында Халықаралық балаларды қорғау күнінде тағы 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылды. Бүгінгі таңда бас қаланы жүйелі деңгейде абаттандыру жалғасуда. Бұл ретте Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қоғамдық кеңістіктер қатары көбейіп, ағаштар отырғызу, бақтарда жүгіруге арналған жолақшалар мен веложолдарды жаңарту, жарықтандыруды қалпына келтіру және т. б. жұмыс жүріп жатқанын айта келе, биыл елордада 170 қоғамдық кеңістік пен аула аумағын абаттандырудың жоспарланып отырғанын жеткізген болатын. Бұл жұмыс қаланың барлық бес ауданын, оның ішінде елді мекендерді де қамтиды.

7 аула пайдалануға берілді

Алматы ауданының аумағында биыл 50 ауланы абаттандыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, тағы 100 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысын жүргізу жоспарда бар.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балалар мерекесі күні Майлин 8, Күйші Дина 44/1, Абылай хан 25, Жұмабаев 12а және Мүсірепов 6/1, 6/2, 6/3 мекенжайлары бойынша абаттандырылған 7 аула пайдалануға берілді. Аулалардың ашылу салтанатында өскелең ұрпаққа арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аниматорлар балақайларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл аумақтарда шағын сәулет нысандарын, балалар ойын кешендерін орнату, алдыңғы бақтарды, ойын алаңдарындағы жабындарды ауыстыру, футбол және баскетбол алаңдарын жөндеу, сондай-ақ жаңа спорт алаңдары мен тұрақ аймақтарын ашу секілді ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, қала тұрғындарының жайлылығы үшін орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.

Аудан әкімдігі баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, бұл жобаның ерекшелігі қос әткеншек, теңгергіш әткеншек, карусель және т.б. ұлттық стиль элементтері бар шағын сәулет нысандарын орнату болды. Өз кезегінде бұл қала инфрақұрылымын дамытудағы бірегей қадам және Алматы ауданының тұрғындарына арналған демалыс үшін жаңа мүмкіндіктер туғызды.

Аула аумақтарын абаттандырумен қатар, 3 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы да жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік даңғылының жаяу жүргіншілер бөлігін дамыту мақсатында Ақбұлақ өзенінің жағалауынан Б.Момышұлы даңғылына дейін­гі жаяу жүргіншілер бөлігін жайластырылып, даңғыл көгалдандырылды және жарықтандырылды. Тәуелсіздік даңғылы бойында мүгедектер арбасына таңылғандар үшін кедергісіз орта құрылады. Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау үшін көлеңкелі шатырлар жасау да назарға алынған. Сонымен бірге Т.Жүргенов көшесін абаттандыру арқылы Айнакөл көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аймақтарын жайластыра отырып, жаяу жүргіншілер бөлігін жөндеп, абаттандыру және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумаққа 6 мыңнан астам ағаш және 44 мың бұта отырғызу жоспарланып отыр. Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыру мақсатында Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейінгі қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қоғамдық кеңістіктер қатары көбейді

Байқоңыр ауданының ау­мағында орналасқан Бөгенбай батыр даңғылы 54, Абай даңғылы 71 және Республика даңғылы 10, 10/1 мекенжайларындағы аула аумақтары тұрғындар игілігіне тапсырылды.

Абай даңғылы 71 мекен- жайын­да 13 жылдан бері ­абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Ағымдағы жылы осы үйдің тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқасында өз аулаларын абаттандыруға қатысуға мүмкіндік алды.

Аулалардың ашылуы салтанатты түрде аталып өтті. Барлық аула аумақтарында кішкентай тұрғындар үшін футболдан турнир өткізілді. Үздік ойыншылар мен командаларға арнайы сыйлықтар және дипломдар табысталды. Сондай-ақ, түрлі аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, іс-шараға қатысқан танымал елордалық спортшылар балалар мен тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Биыл ауданында барлығы 44 аула аумағы, 6 қоғамдық кеңістік жаңадан абаттандырылады. Бұдан бөлек, 70 аула аумағында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауданда өткен жылы ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Оның аясында барлығы 11 қоғамдық кеңістік жайластырылды.

4 жоба іске асырылады

Есіл ауданының «Пригородный» тұрғын алабындағы Қабанбай батыр даңғылы, 105 және Қабанбай батыр даңғылы, 105 «А» мекенжайларында абаттандырылған екі аула аумағының салтанатты ашылуы өтті. Балаларды қорғау күніне орай, кішкентай қонақтар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аниматорлар шақырылды. Іс-шараға «Пригородный» тұрғындары қатысты. Аулаларда кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді, шағын архитектуралық формалар қойылды. Жерге тартан және асфальт жабыны төселді, әткеншектер, карусельдер, ең кішкентай бүлдіршіндерге  құмсалғыштар, ал ересектерге спорттық тренажерлер орнатылды. Аулаларда орындықтар мен қоқыс жәшіктері де қойылды.

Биыл тағы 7 аулада жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кей аулалардың спорттық алаңдарына жаңа тартан төселсе, кейбірінде балалар ойын алаңдары боялып, қираған орындықтары ауыстырылды. Сондай-ақ, биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауданда 4 аула қайта жөндеуден өтіп, толықтай жаңартылатын болады. Жалпы осы жоба бойынша Есіл ауданы тұрғындарынан 30 өтініш қабылданған еді. Оның 11-і Ережеге сәйкес, дауыс беруге жіберіліп, нәтижесінде, ең көп дауыс жинаған 4 жоба биыл іске асырылады. Олар: Алматы көшесі, 13 үй немесе «Отандастар» тұрғын үй кешені тұрғындарының «Отандастар ТК ауласын абаттандыру» жобасы; Сарайшық көшесі, 5/1 үй тұрғындарының «Балалар алаңы мен аула аумағын қайта құру» жобасы; Қабанбай батыр даңғылы, 42 үйде орналасқан «Инфинити-2» ТК тұрғындарының «Бақытты балалық шақ» жобасы және Қабанбай батыр даңғылы, 40 үйдегі «Инфинити-1» ТК тұрғындарының жобасы.

Аула аумақтарын ұйымдастырумен қатар, қоғамдық кеңістіктерде де жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Ботаникалық бақта вело және жүгіру жолдарын ауыстыру, ескірген төсеніштерді қайта төсеу, көпірді бояу жұмыс­тары жүргізілуде. Сонымен қатар, бүкіл Ботаникалық бақта жарықшамдар қалпына келтіріліп, спорт алаңдары және т. б. жаңартылады.

Абаттандырылған ойын алаңдары

Елорданың Нұра ауданында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай абаттандырылған жаңа балалар алаңы пайдалануға берілді. Жөндеу барысында балалар алаңы жаңартылып, work out аумағы және үй аумағы абаттандырылып, шыршалар егілді. Қыз Жібек, 32 мекенжайын­да орналасқан аулада жөндеу жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында өтті.

Биыл аудан бойынша барлығы 17 аула жаңартылса, 65-інде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Толықтай абаттандыру жұмыстары жоспарланған аулаларда жаңа шағын сәулеттік формалар мен спорттық жабдықтар орнатылып, брусчатка ауыстырылады, аула ішіндегі аумақтар асфальт төселіп, жарықтандыру қалпына келтіріліп, жасыл желектер отырғызылады.

Жағалау ықшам ауданында 18 гектар аумақты кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс аясында 2 қоғамдық кеңістік пен 7 ойын алаңы абаттандырылады. Жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 20 бейнебақылау камерасы, 150 саябақ жарықтандыру бағаналары, 150 қосымша тұрақ орны абаттандырылып, 9 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы желісі жөнделіп, салынады. Абаттандыру аймағы мен іргелес көшелердің бойына 1125-ке жуық ағаштар отырғызылды. Мұндай ауқымды жұмыстар 10 мыңнан астам астаналық тұратын 19 үйдің ауласында жүргізілуде.

Баспасөз қызметінің мәлі­метінше, биыл Нұра ауданында 3 сквер абаттандырылады. Оның ішінде көгалдандырылған 2 қоғамдық кеңістік Тұран даңғылында, бұрын сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған учаскелерде пайда болады. Алдағы уақытта ЕК-32 көшесінде түрікмендік ақын Махтумкулидің ескерткіші орнатылған қоғамдық кеңістіктің абаттандырылуы аяқталады.

«Ақжайық» саябағы жаңартылды

Сарыарқа ауданында «Халық қатысатын бюджет-2024» жобасы аясында Д.Бабатайұлы көшесі 6, 8, 14, 16, 18 және Кеңдала көшесі 2, Боталы көшесі 26 мекенжайларындағы аулалар күрделі жөндеуден өтті.

Күрделі жөндеу жүргізілген аулаларда жаңа резеңке жабыны жайластырылып, ойын элементтері жаңартылды, спорт алаңдары мен футбол алаңдары жабдықталды. Бұл жобалардың барлығы да өз бастамаларын іске асыруға елеулі үлес қосқан тұрғындардың өтініштері негізінде жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Халық қатысатын бюджет-2024» жобасы бойынша 30 ауланы абаттандыру жоспарланған. Жөнделген аулалардың ресми ашылуынан кейін балалар өздерінің сүйікті мультфильм кейіпкерлерімен кездесіп, ойындар мен байқауларға қатысып, сыйлықтар алды.

Ауданды абаттандыру жұмыс­тары мұнымен шектелмейді. Ағымдағы жылы Біржан сал, Гете, Құтпанов көшелері мен Республика даңғылын қайта жөндеу жоспарланған. Алдағы уақытта көшелердегі ескі жарық тіректерін жаңасымен алмастыра отырып, қосымша жарықтандыру жүргізіледі. Сондай-ақ, биыл Сарыарқа ауданы аумағында Юбилейная көшесі, 22 және Жеңіс даңғылы, 34 мекенжайлары бойынша екі жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button