Елорда тынысы

Жаңа аудан атауын қолдады

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек және елорданың жаңа алтыншы ауданына атау беру мәселелері қаралды.  

Былтыр күзде елорда мәслихатының шешімен бекітілген «Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарын айқындау ережесіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тиісті өзгерістермен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб таныстырды.

Оның айтуынша, аталмыш құжатқа сәйкес асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатындарға коммуналдық төлемдер төленеді. Алайда бұл төлемдерді беру тәртібі, қажет құжаттар тізімі нақтыланбаған еді. Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы да жалдамалы пәтерге 50 пайыз мөлшерінде субсидия бергенде коммуналдық төлемдерді өтейді.

– Бұл жағдай екі жақты қаржыландыруды тудырып отыр. Сондықтан тиісті ережеге субсидия алатындар коммуналдық төлемдерге көмекті Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан алмасын деген өзгеріс енгізіп отырмыз, – деді Илья Скуб.

Басқарма басшысы зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Қатаркөлдегі бейімдеу орталығындағы баға өзгергенін айтты. Бәрінің қымбаттауына байланысты тиісті орталық ұсынатын қызметтің бағасы өсті. Сондықтан мемлекеттен бұған берілетін көмек артып отыр. Мәселен, бұрын зейнеткер ем алу қаржысының 25 пайызын төлесе, мемлекет 75 пайызын өтеп беретін. Енді мемлекет тарапынан 80 пайыз көмек берілсе, зейнеткер 20 пайызын төлейді. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл шешімді бірауыздан қолдады.

Елорданың жаңа ауданына атау беруге қатысты қалалық ономастика комиссиясының шешімімен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп таныс­тырды. Оның мәлімдеуінше, тиісті комиссия, Тұран, Сауран, Жерұйық, Сарайшық атауларынан соңғысын таңдады. Баяндамашы бұл атаудың тарихи мәніне, мән-маңызына тоқталды. Сарайшықта ғылымның да негізі қаланғанын айтты. Мәселен, күннің жердің айналатынын Коперниктен бірнеше ғасыр бұрын Сарайшықта тұрған Сайф Сарайи дәлелдеп кеткенін жеткізді. Бұл шешім де Қоғамдық кеңес тарапынан қолдау тауып, кеңес төрағасы Зулфухар Ғайыпов тарихи шешім қабылдап отырғандарын ерекше атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button