Басты ақпаратҚала мен Сала

Жаңа дизайн-код жобасы әзірленуде

Астана әкімдігі Лондон, Берлин, Мәскеу және Сеул сияқты әлемдік мегаполистердің тәжірибесі мен үлгілеріне сүйене отырып, бас қаланың жаңа «Дизайн-кодының» жобасын әзірлеуде.  

Елорда әкімдігінің мәлімдеуінше, 2023 жылғы 31 қазанда мәслихат шешімімен қаланың бұрынғы «Дизайн-кодын» көздейтін қала құрылысының регламенті күшін жойды.

Қазіргі кезде орталық уәкілетті орган сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне, оның ішінде қаланың стилистикалық бірыңғай келбетін, жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін ҚР Құрылыс кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл өзгерістер абаттандыру элементтерін, ақпараттық құрылымдарды (маңдайшалар, қалалық навигация), жарнамалық құрылымдарды, стационарлық емес объектілерді (маусымдық кафелер, дүңгіршектер) көгалдандыруды, жарықтандыруды, қасбеттерді, қоршауларды орналастыруға әсер етеді.

«Дизайн-код» жобасыН көпшілік талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылатын болады

Заңнамалық актілермен жұмыс аяқталғаннан кейін «Дизайн-код» жобасын көпшілік талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылатын болады. Эскиздер бюджет бөлінгеннен кейін дайындала бастайды.

– Астана өзінің сәулеттік келбетін үнемі дамытуға және жетілдіруге ұмтылады. Қазіргі уақытта қала инфрақұрылымды жақсарту, жайлы қалалық ортаны құру және экология­лық тұрақты аудандарды дамыту бойынша жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда, – деп хабарлады әкімдік Қазақпарат тілшісінің сұрауына жауап ретінде.

Ведомство Астананың жаңа сәулеттік келбеті әлемдік озық тәжірибелер мен қалалық абаттандырудағы инновацияларды ескере отырып қалыптасатынын атап өтті.

– Қала тұрақты және ыңғайлы қалалық өмір салтын насихаттайтын озық технологияларды, инфрақұрылымды және дизайнды енгізу үшін Лондон, Берлин, Мәскеу және Сеул сияқты мегаполистерді қоса алғанда, әртүрлі әлемдік қалалардың сан алуан үлгілері мен тәжірибелеріне жүгінеді. Астана бұл қалалардың көгалдандыру, кедергісіз және инклюзивті орта құру, сондай-ақ декоративті жарықтандыру және стандартталған шағын сәулет нысандары мен көше жиһаздарын қолдану арқылы бірыңғай көрініс жасау мәселелеріндегі тәжірибесіне жүгінеді, – делінген хабарламада.

Алайда қалада жаңа қызықты инфрақұрылымдық нысандар салу жоспарлары әлі жоқ. Бүгінде әлеу­меттік нысандардың, дене шынықтыру-­сауықтыру кешендерінің, қоғамдық кеңістіктердің құрылысына ерекше көңіл бөліну деді.

– Астанада соңғы жылдары архитектурасы бойынша көптеген бірегей және мәнерлі нысандар тұрғызылды. Бұл – көпқабатты тұрғын үй кешендері және қоғамдық ғимараттар ансамбльдері. Өз кезегінде, әрбір нысан бірегей, әрине, әлемде теңдесі жоқ бірегей ғимараттар мен құрылыстардың құрылысы да маңызды, өйткені ол елорданың имиджіне, оның даңқы мен беделіне жұмыс істейді. Алайда қала адамдар үшін жобалануы және салынуы тиіс екенін ұмытпаған жөн, – деді әкімдікте.

Сондай-ақ ведомство Астананың сәулеттік келбеті қаланы сәулет жағынан бірегей ғылыми, мәдени, білім беру және саяси кеңістіктің ең әдемі, жайлы, орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған бағдарламалар аясында қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button