Мәслихат

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан жоба

Астанада «JOLTAP» әлеу­меттік жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба елордалықтардың нарыққа қажетті мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік тудырып отыр.

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап іске қосылған «JOLTAP» әлеуметтік жобасы күні бүгінге дейін нәтижелі жалғасуда. Соның арқасында астаналықтар қысқа мерзімді бағдарламалар арқылы белгілі бір кәсіп түріне тегін оқуға мүмкіндік алды. Елорда әкімдігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында мемлекеттік қолдау шаралары, атау­лы әлеуметтік көмек, бизнес ашуға құжаттарды ресімдеу және жұмыс табу үшін кеңес беріледі.

«JOLTAP» жобасы аясында қала тұрғындары екі қысқа мерзімді бағдарлама бойынша тегін білім ала алады. Бірінші бағдарлама наубайшы, барис­та, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтандырудың әмбебап қызметкері, тігінші сияқты 5 жұмысшы мамандығын оқытуға арналған. Екінші бағдарлама – «Freelance мүмкіндік» деп аталады, бұл 7 цифрлық дағдыларды оқытуды ұсынады. Олар: таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс менеджері, мобилограф, графикалық дизайнер және веб-дизайнер.

Қалалық әкімдіктің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаның аясында елорданың 18 бен 50 жас аралығындағы кез келген тұрғыны цифрлық және жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді оқытудан тегін өтіп, сертификат алады. Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам елордалық түрлі мамандықтар бойынша оқыту курстарынан өткен.

Осы уақытқа дейін жобаға қатысушылардың бір бөлігі техникалық мамандықтарды игерсе, енді бір бөлігі цифрлық саланың тілін меңгерді. Солардың бірнешеуі төменде пікір білдірді.

Абылбек САДЫҚОВ, 30 жаста:

– Астанаға көшіп келген соң, біраз уақыт құрылыста жұмыс істедім. Алайда кейін компанияда қысқарту болып, соңғы келгендермен бірге жұмыссыз қалдым. Содан бір күні көшеде кетіп бара жатып осы жоба туралы жарнаманы көзім шалды. Содан қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктінің біріне барып, дәнекерлеуші саласы бойынша тегін оқыту курсына жазылдым. Бұл қаңтар айының ортасы болатын, ал оқыту ақпан айының бас кезінде басталды. Күн сайын сабаққа қатысып, бір айдың ішінде жаңа мамандықты меңгеріп шықтым. Курс барысында көптеген сұраққа жауап алып, біршама жаңа нәрсені үйрендім.

Мен дәріс алған топта адам көп болмады, дегенмен сабақтар өте қызықты және мазмұнды өтті. Қазіргі кезде қаладағы зауыттардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрмін. Бұл жобаның көпке тигізер пайдасы мол. Себебі «JolTap» арқылы әр адам өзі үшін жаңа мамандықты игере алады және біліктілігін арттырады. Бастысы бұл жоба – жұмыс істеймін деген әр адамға жақсы мүмкіндік.

Элеонора НАХИПОВА, 50 жаста:

– Бұған дейін дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Жаңа жоба туралы кездейсоқ білдім. «JOLTAP» мүмкіндіктері туралы мен бағдарлама павильонының жанынан өтіп бара жатқанда білдім. Өзім қосымша жұмыс іздеп жүрген едім. Содан не болса да, кіріп сөйлесіп, мән-жайды білейін деп шешім қабылдадым. Кеңесші маған бағыттар мен шарттар туралы айтып берді. Осылайша, мен оқуға жазылдым. Ол кезде мен дүкенде сатушы болып жұмыс істеп жүрген едім және жаңа дағдыға ие болғым келді. Сөйтіп бұл жерде кассамен жұмыс істеуді үйренуді көздеп, кассир-сатушы мамандығын таңдадым.

Жалпы, «JOLTAP»-та оқу маған ұнады. Курстарда өз саласының мамандары сабақ берді, бәрі оңай және түсінікті болды. Біз жаңа білім мен дағдыларды тез меңгердік. Курс­ты аяқтаған кезде мен жұмыс істеген дүкенге касса орнатылған еді. Қазір мен кассада сатушы кассир болып жұмыс істеймін. Әкімдікке және осы жобаны енгізгендердің барлығына алғысым шексіз.

Маржан БАУЫРЖАН, 35 жаста:

– Бүгінде жолдасым екеу­міз 4 баланы тәрбиелеп отырмыз. Өзім он жылдан бері бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. Бала-шағама, отбасыма өзім киім-кешек тіккім келетін. Бір күні әлеуметтік желіден осы жоба туралы хабарландыруды көріп қалдым. Содан дереу қаладағы пункттердің біріне барып, тігінші курсына жазылдым. Арада көп уақыт өтпей курсты бастап кеттім. Сөйтіп, бір айдың ішінде тігіншілікті толық меңгеріп шықтым.

Курс бір ай бойы күнделікті болды. Кіріспе сабақта тігін тігудің негізін және түрлерін үйрендік. Одан әрі киімді пішу мен тігуді көрсетті. Оқыту процесі өте қызықты өтті. Оқытушылар барлығын қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Кейін алған білімді іс жүзінде көрсетіп, үйретті. Курсты аяқтаған соң сертификат алдым.

Әр адам аз уақытта тегін мамандық игере алады. Менің ойымша, тігін тігуді әр келіншек білгені абзал. Осы жобаның арқасында жаңа орта, жаңа таныстар таптым.

Жомарт ЖОЛАМАНОВ, 38 жаста:

– Бұған дейін мен экспедитор-жүргізуші болып жұмыс істедім. «JOLTAP» бағдарламасы туралы танысымнан естіп, бардым. Мені жобаның шарттары қызықтырды, екі бағыт бойынша оқуға өтініш қалдыр­дым. Алдымен электрмен дәнекерлеуші және мобилограф болғым келді. Дәнекерлеу бойынша оқыту ертерек басталды, мен оқуға толығымен қатыстым, сондықтан екінші бағыттан бас тартуға мәжбүр болдым.

Қазақстанда кәсіби дәнекерлеушілерге қажеттілік бар екенін білетінмін. Біреу үшін бұл мамандық қиын болуы мүмкін. Мұнда мұқият болу және зейін қажет. Кейбір жерлерде бұл қауіпті. Бірақ мен пайдалы мамандық тапқым келді. Алдымен нарықты зерттеп, кәсіби дәнекерлеушілердің шынымен де өте лайықты жалақысы бар екенін, олардың еңбегі қоғам үшін көп пайда әкелетінін білген соң осы сала бойынша оқуға кірістім.

Сабақтар жоғары деңгейде өтті. Бірінші күннен бастап бәрі жақсы ұйымдастырылды. Оқудан кейін бірден жұмыс таптым. Олардың ағымында сынақ жүргізіліп, дәнекерленген тұстардың сапасын көрсету қажет болды. Тапсырманы ойдағыдай орындап, қазіргі таңда YDA түрік көпсалалы зауытында жұмыс істеп жүрмін. Оқу және жұмысқа орналасу процесі шамамен бір айға созылды. Бүгінде барлық достарым мен таныстарымды осы тегін бағдарламаға қатысып, жаңа кәсіп үйренуге шақырамын.

Иә, «JOLTAP» жобасы арқылы кез келген мамандықты бір айда меңгеріп шығуға болады. Елордалықтар осы жобаға қатысып, мобилограф, SMM, таргет секілді трендтегі мамандықтарды үйреніп жүр. Әрі осы бағыт бойынша жұмысқа орналасып жатыр. Қысқа мерзімді оқытуға жазылу қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде өтеді.

Елордада «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері келесі мекенжайларда орналасқан:

* Жастар сарайы, Республика даңғылы, 34;

* «Ailand» ОДО, Қорғалжын тасжолы, 2;

* «Встреча» СҮ Абылай хан даңғылы, 31;

* «Азия парк» СОО, Қабанбай батыр даңғылы, 21;

* «Тұлпар» СО, Ш.Уәлиханов көшесі, 24;

* «Euromall» СҮ, Қосшы­ғұлұлы көшесі, 23;

* «Mechta» СҮ, Сығанақ көшесі, 3;

* «Рахмет» СҮ, Тілендиев даңғылы, 15;

* «ЕМО, Бейбітшілік көшесі, 9;

* «Рахмет» СҮ, Момышұлы даңғылы, 10;

* «Жанұя», Бейбітшілік көшесі, 14.

Астана тұрғындары осы мекенжайларда орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде ұсынылатын барлық мүмкіндікті пайдалану арқылы тегін оқып, жаңа кәсіпті меңгере алады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button