Мәдениет

Жарқын фестиваль жарқылы

Елорда тағы да тамаша өнер жұлдыздарының басын қосты. «Астана Операда» «Опералия» халықаралық фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Фестивальдің биік деңгейін, айрықша талғамы мен ауқымын көрсеткен кеш «Гала-опера» деп аталды. Кеште опера өнерінің хас шеберлерімен қатар, осынау жарқын жанрмен енді ғана таныса бастаған жастар да өнер майталмандарымен бір сахнада өнер көрсетті.

Кештің шымылдығы ғажайып композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы айтыспен ашылды. Сахнаға жырқырап шыққан Бибігүл Жанұзақ пен Мейір Байнеш кештің шырайын келтірді. Олар өздерінің әсерлі, әрі шебер орындауымен, көрікті ұлттық нақыштағы костюмдерімен көпшілікті ерекше баурап алды. Қайықта отырып Абай операсынан үзінділер шырқаған опера жұлдыздары ертегідей ғажайып көрінісімен, әуезді әнімен көрерменнің ду қол шапалақтауымен айрықша ықыласқа ие болды. Сосын Еуропаның танымал опералық шығармалары ойналды. Оған дирижер Джузеппе Акуавива жетекшілік етті. Концерт барысында итальян тілінде операдан үзінділер орындалса, Ғазиза Жұбанованың “Еңлік-Кебек” операсынан Еңлік ариясын Жұпар Ғабдуллина тамаша орындап шықты.

«Опералия» фестивалі танымал италиялық әртістердің өнер көрсетуімен, вокалдық жоғары деңгейін паш етуімен есте қалды. Олардың қатарында сопрано Дезире Ранкаторе, баритон Альберто Газале мен  тенор Джулио Пеллигра бар еді. Симфониялық оркестрге бағдарлама авторы – Джузеппе Акуавива мен маэстро Абзал Мұхитдин дирижерлік етті, музыка әлемінің биік деңгейін көрсеткен оркестр әлем таңдай қаққан туындыларды нақышына келтіре отырып жеткізді.

Астаналық тіс қаққан кәнігі көрерменді италиялық өнер жұлдыздары – Дезире Ранкаторе, Альберто Газале мен Джулио Пеллигра «Астана Опера» солистерімен бірлесіп, опера өнері жауһарларынан арияларды ұсынды. Олардың Джузеппе Вердидің «Риголетто» және «Травиата», сондай-ақ Джакомо Пуччинидің «Тоска» және «Богема» операларынан үзінділерді орындауы көрермендердің зор қошеметін туғызды. Әсіресе, Альберто Газале Руджеро Леонкаваллоның «Паяцтар» операсынан прологпен сахнаға шығып, өзінің ешкімге ұқсамайтын ерекше дарыны мен драмалық ойынның тереңдігін паш етті.

Астана опера сахнасында хордың қатысуымен орындалған “Қыпшақ биі” – ешбір көшірмесіз, керемет көрініс, өнердің таңғажайып көрінісі дер едік.  Хор дауысының динамизмі, ашықтығы, тереңдігі, партитуралардың ерекшелігін дәл ескері талғампаз көрерменнің үлесінде еді. Даланың дауысын салып, халқымыздың үнін, арманын жеткізген ғажайып орындау болды. Таңданысымызды жасыра алмадық, отандық опера әншілері әлемнің кез келген музыка майталмандарымен иық тіресе өнер көрсете алатындығына айқын көз жеткізіп, қуаныштан қол соқтық.

«Гала-операда» қос маэстро – Абзал Мұхитдин мен Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен «Астана Опера» оркестрі мен хоры таңғалдырарлық музыкалық мәнерімен солистерге қолдау көрсетті, сахнада орындалған әрбір нөмірге тереңдік үстей түсті.

– «Астана Опера» театрындағы фестивальде өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын және мені шақырғаны үшін «Астана Операға» рақметімді айтқым келеді. Қазақстанға алғаш келгеніме бақыттымын, осындағы маңызды дебюттік өнер көрсетуге қуанып отырмын. Қазақстандық көрермендердің италиялық биік операға деген махаббаты мен зор ықыласына ризамын. Болашақта да әріптестеріммен опера сахнасында немесе арнайы концерттік бағдарламамен өнер көрсетіп, қазақ музыкасын,  мәдениетін өзіме басқа қырынан ашқым келеді, сол үшін де Қазақстанға тағы да келгім келеді. Фестиваль мен кештер әртістер мен көрермендерге екі елдің классикалық шығармаларының мелодрама жанрынан ғажап музыкасы арқылы естен кетпес жағымды эмоция сыйлады деген үміттемін, – деді тенор Джулио Пеллигра сахна сыртындағы сұхбатында.

Биыл Қазақстан мен Италия арасында өзара түсіністік пен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. «Опералия» екі ел арасында әртістерді өзара алмастыру туралы жоспарларды жүзеге асырудың мақсатты бір бөлшегіне айналды. > Райхан Рахметова: Бұл меморандум қазақ мәдениетіне әлемдік мәдени кеңістікте ойып тұрып орын алуға  мүмкіндік берері сөзсіз.
Фестиваль барысында қазақстандық опера өнерінің шоқтығы биік шығармалары орындалады. Олар – Ғазиза Жұбанованың «Еңлік – Кебегі», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамысы» мен «Қамар сұлу» опералары талғамы биік көрермендерге ұсынылады.

«Опералия-2024» әлемнің 9 елінен келген опера жұлдыздарының басын қосады. «Астана Опера»  сахнасында Грузия, Испания, Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Украина мен Чехиядан танымал әртістер қатысатын жиырмадан астам қызықты концерттік бағдарламалар көрсетіледі. Түрлі елдер мен дәуірлердің мәдениетін біріктіретін мәдени марафон 31 мамырдан 13 шілдеге дейін жалғасып, көрермендерге опералық қойылымдар, балеттер мен концерттік өнер көрсетулерді қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынбақ.
– 20 жылдық тарихы бар осынау керемет «Опералия» фестивалін театрымыздың сахнасында осымен екінші рет өткізгелі отырғанымызды мақтан етеміз. Айтулы фестивальдің бізде өтуі театр өнерінің беделін асқақтатып, елорданың мәдени өмірін байыта түспек, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.

Фестивальдің ашылу рәсімінде театр фойесінде театрландырылған шоу өткізіліп,  опералық нөмірлер орындалды,  «Опералия» бағдарламасына енген спектакльдердің костюмдері мен реквизиттері таныстырылды. Фестиваль аясында опера мен балет өнерінің озық үлгілері көрсетілді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button