Қала мен Сала

Жарысқа қатысушылар қоқыс жинады

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция аясында Астананың орталық саябағында «Plogging және спорттық бағдарлау» жарысы өтті.

Мұндай акциялар өскелең ұрпақты қоршаған ортаға байыппен қарауға үйретеді және қарапайым экологиялық әдеттерді бойына сіңіреді. Осыны ескере келе, Астананың спорттық бағдарлау федерациясы Балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығымен бірлесіп, Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа елордалық мектептерден барлығы 31 команда қатысты.

Қалалық Спорттық бағдарлау федерациясының өкілі Әсел Баяхметованың айтуынша, акцияның ерекшелігі сол, жас спортшылар жарыс барысында жол бойындағы қоқысты жинады.

– Әр команда 4 қатысушыдан тұрды: 10-14 жас аралығындағы 2 ұл және 2 қыз. Қатысушылардың бәрі қоқыс дорбалары мен қолғаптармен жабдықталды. Спорттық іс-шара барысында қатысушылар карта мен компастың көмегімен жергілікті жерде орналасқан бақылау пункттерін, олардың 8-ін табуы керек және мәреге мүмкіндігінше тез жетуі қажет. Жарыстың басты ерекшелігі – спортшылар жол бойында кездескен қоқысты жинауы тиіс. Мәре сызығында жиналған қоқыс өлшенеді. Яғни, жарыс қорытындысында спортшылардың мәреге жету жылдамдығы да, жиналған қоқыстың салмағы да ескерілді, – деді Әсел Баяхметова.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар денсаулықты жақсартуға ықпал ететініне және сонымен бірге қоршаған ортаны тазартуға үлкен үлес қосатынына сенімді. Бұл ретте Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы директорының міндетін атқарушы Асылан Кенжеғалиев пікір білдірді. Айтуынша, мұндай іс-шара оқушылар арасында экологиялық белсенділікті дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру, плогингті кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі.

–  Жүгіру кезінде жарысқа қатысушылар саябақтағы немесе жағалау бойындағы қоқысты жинауға басымдық береді. Плогингтің артықшылықтарының бірі – жұрт назарын қоршаған ортаның ластануына аудару. Демек, жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларын көбірек ұйымдастырудың пайдасы мол, – деді Асылан Кенжеғалиев.

Жарыс қорытындысы бойынша спорттық іс-шараға белсене қатыса отырып, қаланың тазалығына да үлес қосқан К.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Ал Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-­гимназиясының қатысушылары екінші орынға ие болды. Үшінші орынды қаладағы №53 мектеп-лицейі, Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейі, А.Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицей және №21 орта мектеп командалары өзара бөлісті.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button