Ел тынысы

Жас сарбаздар ант берді



Қарулы күштердің елордалық әскери бөлімнің жас сарбаздары ант берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

68665 әскери бөліміне биылғы көктемде шақырылған жас жауынгерлердің әскери ант қабылдау рәсімі «Отан қорғаушылар» алаңында өтті.

Іс-шараға Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының өкілдері, 68665 әскери бөлімінің офицерлері, Қарулы күштердің ардагерлері,  сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. Осы көктемде әскерге шақырылған 165 бозбала бір ай ішінде жас жауынгер курсынан өтіп, саптық және атыс дайындықтарының негізін игерді. Алғашқы атыс жаттығуларын орындап, жарғыларды, әскери техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеді. Әскери бөлімнің тарихымен және дәстүрлерімен танысты.

Командирлер тәуелсіз ел Қарулы күштерінің қалыптасу тарихындағы айтулы тұлға – тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, дарынды әскери қолбасшы армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында әскери ант беріп тұрғанын жас жауынгерлердің есіне салды. Бас штаб бастығы – ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Мереке Көшекбаев жас Отан қорғаушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.

– Отанды қорғау әрбір азаматтың парызы әрі бұл борыш қатардағы жауынгерден генералға дейін тәуелсіз Қазақстанның егемендігі мен тұтастығын қорғауға дайын болуға міндеттейді. Сіздердің мерзімді қызметті абыроймен атқарып, туыстарыңыз бен жақындарыңызға аман-есен оралуларыңызға тілектеспін, – деп атап өтті генерал-майор Мереке Көшекбаев.

68665 әскери бөлімінің жауынгерлері жиналғандарға қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен қару-жарақпен дефиле көрсетті. Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымының күшімен концерттік бағдарлама ұсынылды. Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды.

Салтанатты бөлімнен кейін қолбасшылық сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button