Басты ақпаратМәселе

Жасөспірімдер суициді алаңдатады



Астана қаласында жасөспірімдер суициді мәселесі сөз бола қалса, еске өткен жылғы көпқабатты үйдің төбесінен қол ұстасып секіріп кеткен бозбала мен бойжеткен түседі. Тіпті оларды көрген куәгердің айтуынша, балконда шылым шегіп тұрған оның көз алдынан зыр етіп өте шығып жерге барып құлағанда, тосын оқиғадан көзі бұлдырап, даусы шықпай қалыпты. Әрі бұл қалада болып отырған алғашқы жағдай емес. Осыған дейін де көпірден секіріп, өмірмен қоштасқысы келген бір ұл мен дәрі ішіп, өзін-өзі өлтірмекші болған бір қыз баланы қоғамдық тәртіп сақшылары мен дәрігерлер әупірімдеп аман алып қалыпты.

Тосын жайлар көп

Статистика мәліметтеріне жүгінетін болсақ, елордада кейінгі бес жылда 460 жасөспірім өзіне қол салған. Ал тек осы жылдың он айында 94 елордалық мектеп оқушысы өмірімен қоштасуға әрекет жасапты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда он есе көп болып отыр. Өкінішке қарай, олардың 16-сы бақилық болды.

Балаларды осындай соңғы әрекетке баруға не мәжбүрлейді? Біз осы сауалды психолог-дәрігер Айша Оразбаеваға қойдық.

– Әрине, жасөспірімді өмірден кетуге итермелеген нақты қандай жағдай екенін тап басып айту өте қиын. Дегенмен, қызметтік тәжірибемізде кездескен жайларға сүйеніп айтар болсақ, ол – ең бірінші баланың сәби кезінде психологиялық жарақат алуы. Әке-шешесінің тастап кетуі, адамдық намысының қорлануы немесе оны отбасы мүшелерінің елемеуі, кемсітуі, міне, осы жайлар келе-келе қордаланып, оның өзіне-өзі қол жұмсауына себеп болады. Бұдан басқа да толып жатқан жайлар бар. Мәселен, достарымен қатты шекісіп қалуы, бұрын араласып жүрген ортасының  шеттетуі – жасөспірімнің орны толмас қадамға баруының негізгі себептері болуы әбден мүмкін.

Елордада кейінгі бес жылда 460 жасөспірім өзіне қол салған

Құқықтық статистика комитеті мен Бас прокуратураның арнайы есептерінде биыл қаңтар-қазан айлары аралығында тіркелген 180 жасөспірім суицидінің тек 21-інің ғана оларды өлімге итермелеген қандай жағдай екенін анықтау мүмкіндігі туған. Айталық, осы тұрғыда 7 бала жалғызсырап, ешкімге керегі жоқтығын сезінгендіктен, 6-уы отбасындағы ауыр материалдық жағдайға байланысты, 5-еуі ата-анасы немесе жақын адамдары қатты ренжіткеннен, 2-еуі алғашқы махаббатта жолы болмағаннан, 1-еуі аяғы ауыр болып қалғаннан өмірмен қоштасқан.

Ересектер арасында да, жасөспірімдер арасында да суицидтен ерлер көбірек көз жұмады екен. Бұған биыл он айдың қорытындысында өзіне-өзі қол жұмсаған 115 адамның 72-сі ұл болғаны толық дәлел.

Тамыз айында елордада Міржақып Дулатов көшесіндегі бір үйде оқыс оқиға болды. Ішімдік ішіп алған үй иесі аяқ астынан жанжал шығарып, «түк пайдаң жоқ, арамтамақсың» деп он төрт жасар ұлын көршілерінің көзінше ауласында көк ала қойдай қылып сабаған. Бұған қатты күйінген ұлы қораға барып, кендір жіппен асылып қалған. Абырой болғанда, оны тоғыз жасар қызы байқап қойып, «аулада ағам асылып қалды» деп айқай салған. Жанұшырып анасы барса, бала көкпеңбек болып асылып тұр екен. Жанында жатқан әйнектің сынығымен кендір жіпті кесіп, ес-түссіз жатқан баласына қолдан дем сала бастайды. Жедел жәрдем келгенше осы әрекетін бірнеше рет қайталап, содан болса керек, жасөспірім ауруханада есін жинайды.

Кешенді жұмыс жүруде

Психосарапшы Айгүл ­Есімованың айтуынша, бәрі керемет болып жүріп, бала бір күнде өлімге бас тікпейді. Оған апаратын әрекет тасқа тамған тамшыдай бірте-бірте ұзақ уақыт жанкүйзелісін туғызады.

– Суицид жан иесінің ішкі терең дағдарысынан туады. Екінші сөзбен айтқында, адам басына түскен ауыртпалықты бөлісетін жан таба алмай жаны қиналады. Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, «оның өзіне қол жұмсауына мына жағдай нақты әсер еткен» деп біржақты шешім шығару мүмкін емес. Жасөспірімнің өмірден кетуіне әкелетін екі басты себеп болуы мүмкін. Оның біріншісі – ешкімге керек болмай қалуы да,  екіншісі – өзін қор санауы.   Міне, осындай көңіл күйде жүрген балаға тағы бір күйзеліс қосылса, ол бала оны көтере алмай өмірден түңіліп кетеді. Енді оған ештеңе де қызық еместей көрінеді. Сөйтіп ол кез келген нәрседен жағымсыз әсер алып, сенімі жоғалады. Ештеңеге зауқы соқпайды. Егер осы кезде бір жанашыр табылмаса, жылы-жылы сөздер айтып, оның ішкі жан-дүниесін түсінуге тырыспаса, мәселенің қайғылы аяқталуы сөзсіз.

Ең бастысы, бала томаға тұйықтыққа ұрынса, бұрын айтпайтын сөздерді қолданып, «маған ештеңе де қызық емес», «адамдардың бәрі қатыгез, қайы­рымсыз» деген сияқты әңгімелер айтатын болса, дос­тары болсын, араласатын ортасы болсын, ата-анасы мен ағайын-туыстары болсын дереу дабыл қағуы керек, – дейді психосарапшы.

Қазір елордада оқу жылы басталғалы барлық мектепте 8-10 сынып оқушылары мен колледждердің бірінші курс студенттері үшін «Денсаулық пен өмір дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында суицидтік ахуалдың алдын алу» кешенді бағдарламасы жүзеге асырыла бастапты.

2023 жылдың қыркүйек айы­нан бері 40 білім ордасы мен төрт колледж суицидтің алдын алу бағытында компьютерлік диагностика жүргізетін «Амалтея» деп аталатын құралмен жабдықталған. Бұған қоса, «Татуластыру мектебі: «тең-теңімен» атты мектеп медиациясын дамыту бағдарламасы мен 1-11 сынып оқушыларына арналған «Психология – өзін-өзі жетілдіру» элективтік курсы оқытылуда.

Жан жылулығына зәру

Айту керек, суицид кейінгі кезде қоғамды дендеп алаңдата бастады. Осы мәселеге қала әкімдігі мен мәслихат та баса назар аударып келеді. Зерттеу көрсетіп отырғандай, осы кезге дейін өмірмен қоштасуға әрекет жасаған жасөспірімдердің тек 15 пайызы ғана толық емес отбасынан шыққан болып отыр. Қалғандарының ата-аналары бар. Тіпті кейбірінің әке-шешесі ауқатты адамдар болып келеді. Сонда оларға не жетпейді? «Жан жылулығы» дейді психологтар.

Осыған байланысты қазір шаһарда «Балаларды зорлық-зомбылықтан, өзін-өзі өлтіруден қорғау мен олардың құқықтары мен алаңсыз балалығын қамтамасыз ету  жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жоспар әзірленді. Осы күз айында қаланың төрт ауданында  ата-аналар мен оқушыларға тегін кеңес беретін кабинеттер ашылды. Міне, осындай жұмыстардың негізінде жасөспірімдер суицидіне қарсы, әрі оның алдын алуға бағытталған жүйелі іс-шаралар атқарылуда.

«Суицид – био-психо-әлеу­меттік проблема. Онымен кешенді айналысу керек. Егер бала оқуда қиналып, сыныптас­тарынан қорлық көріп жатса, бірақ отбасынан мықты қолдау болса, ол бұл күйзелісті жеңеді. Сондықтан отбасыларыңызда, балаларыңызбен ішкі түйткілді мәселелерді ашық талқылауға тырысқан жөн.

Өз балаларыңызға өмірде мақсатқа қалай жету қажет екенін түсіндіріп, аңсаған арманына қол жетізуіне ықпал етіңіз.

Қиын жағдайда үнемі бірге болыңыздар.

Балаңыздың әр бастаған жұмысын, сөзбен де, іспен де қолдап отырыңыз.

Ешқашан балаға қол жұмсамаңыз.

Перзенттеріңізді жақсы көріңіз және оның бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді сіңіру мен қатар намыс­ты болуына баулыңыз» деген маманның кеңесін әр ата-ана есте ұстаса дейміз.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button