Құқық

Жастар нашақорлыққа қарсы

Елордада нашақорлықтың таралуына қарсы «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы өтті. Іс-шара Сарыарқа ауданы әкімдігінің, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Акция аясында елордалық спортшылар қала тұрғындарына электронды темекіні спорттық құрал-жабдықтарға айырбастауды ұсынды.

«Кезекті акция аясында біз темекі және вейп шегетін жастарға қолдарындағы зиянды заттарды бокс қолғабына, допқа, өзге де жабдықтарға айырбастауды ұсынамыз. Осылайша, біз елордалықтарды салауатты өмір салтына шақыра отырып, дені сау ұрпақ қалыптастыруға атсалысамыз» деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Елордалық киокушинкай-кан каратэші Әлихан Асубаев та мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтіп, жастарды спортпен айналысуға шақырды.

«Осы акция арқылы біз жастарға спортпен шұғылданып, денсаулықтарын күту керектігін көрсетіп, дұрыс жолға салғымыз келеді. Біздің әрекетіміз көпшілікке мотивация болады деп сенеміз» деді Әлихан Асубаев.
Елорда мәслихатының депутаты, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Арсланбек Мағзұмның айтуынша, акция барысында жиналған электронды құрылғылар мамандандырылған зауытта жойылатынын айтты.

– Қазір біз теріс тенденцияны байқап жүрміз. 25 жасқа дейінгі жастар арасында электронды темекінің кең таралуы байқалады. Бұл мәселе өте өзекті. Сондықтан бүгінгі мақсатымыз – жаман әдеттерден арылу үшін бірігіп жұмыс істеу, – дейді Арсланбек Мағзұм.

«Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы бір ай бұрын белгілі қазақстандық спортшы Василий Тахтаймен бірге жүргізілді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, акция алдағы уақытта да жалғасады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button