Мәдениет

Жастар театры – Түркияда



Астанадағы Жастар театрының талантты ұжымы 2024 жылдың 1-10 мамыр аралығында Түркия мемлекетінің Трабзон қаласында өтетін XXIV Халықаралық Қара теңіз жағалауы театрлар фестиваліне қатысты. Жастар театры Түркияның төрінде махаббат жайында тамаша мюзиклді көрермен назарына ұсынды.

16 жылдық тарихында 16 Гран-при жүлдесін иеленген Жастар театрының өнерпаздары 3-4 мамыр күні
Т.Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклін сахналады.

Көл жағасына демалуға келген жас жігіт жағалаудан өзінің қиялындағы аруын жолықтырады. Алайда махаббат бар жерде қарсылықтың да қатар жүретін аксиомасы бұл оқиғадан да айналып өтпейді, сұлудың некелі жары бар екен.

Иә, махаббат бар жерде қарсылық қатар жүреді. Қайшылықпен бетпе-бет келгенде, сезімнің де, өнердің де ішкі қарсылық қалыптастырары сөзсіз. Махаббат қолжетімсіз болған сайын, оған деген ессіз құштарлықтың өрши түсері – өмір заңдылығы. Міне, осы шарасыздықтың шыңында ұлы сезім – махаббат тұр.

Сөзбен айтып жеткізгісіз сезімдердің әсері музыка тілінде үн қатқанда тіпті күшейе түспек. Жүрек қылын шертер мұңлы да сырлы әуен тербеген ғашықтардың махаббат хикаясы көрерменін де бей-жай қалдырмасы анық.

Қазақ тілінде қойылған спектакльдердің түрікше нұсқасы арнайы экран арқылы көрсетіліп отырды.

Жастар театрының ұжымы табиғаты тамаша Түркия елінің ауасымен тыныстап, өз өнерлерін көрсетіп, өнер сапарынан тәжірибе жинақтап, жақсы әсермен қайтты.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button