Денсаулық

Жатыр мойны обыры «жасарып» барады

Елімізде жыл сайын екі мыңға жуық әйелден жатыр мойны обыры анықталса, 600 әйел көз жұмады екен. Бұл дерт әйелдерде көп кездесетін онкология ауруларының үштігіне кіреді. Мамандар соңғы кезде аурудың «жасарып» бара жатқанын айтады. Қатерлі ауру қайдан пайда болады? Алдын алу үшін не істеу керек? Әйел өз денсаулығына қаншалықты жауапты? Осы жөнінде елордалық жоғары санатты гинеколог-дәрігер Әсел Нұрғалиевамен әңгімелескен едік.

– Бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер деп жатады. Жалпы жатыр мойны обырының алғашқы белгілері қандай?

– Жатыр мойны обыры – кең та­ралған ауру. Көбіне оған 45-50 жастағы әйелдер шалдығады. Бірақ соңғы кезде тұрмысқа шықпаған қыздарда да кездесетіні анықталып жатыр. Алғашқы белгілерінен бұрын пайда болу себептеріне назар аударған жөн. Темекі шегу, бей-­берекет төсек қатынасы, иммундық жүйенің төмендеуі, жыныстық жолмен жұғатын түрлі инфекция, жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті көп уақыт қабылдау, ерте жастан бала көтеру және тағы басқа себептері бар. Егер әйелдерде менструалды кезеңнен тыс уақытта қан кетсе, жатыр мойны обырының негізгі белгісі болуы мүмкін. Сонымен қатар іштің төменгі жағының ауыруы, салмақ жоғалту, шаршаңқылық және кейде зәрде қанның пайда болуы да кездеседі. Егер осы белгілердің бірі байқалса, тез арада дәрігерге көрінген жөн. Өйткені ауру төрт сатыда жылдам дамиды. Бастапқыда жатырға жақын орналасқан лимфа түйіндеріне қарай таралуы мүмкін. Екінші сатысында қынаптың жоғарғы жағына қарай өседі. Одан кейін жамбас қабырғаларын зақымдап, зәр шығару жолын бұғаттауы мүмкін. Ал төртінші сатыда тік ішекке немесе қуыққа алыс орналасқан органдарға жетеді.

– Аурудың алдын алу үшін ­не істеу керек?

– Әрине, ең алдымен, гинеколог дәрігердің профилактикалық тексеруі маңызды дер едім. Егер әйел тұрақты тексерілуге барып тұрса, ауруды ерте сатысында анықтауға болады. Үнемі бақылау патологиялық аурулардың алдын алады. Жылына бір рет түгілі, бала туғаннан кейін мүлдем көрінбейтін, денсаулығына салғырт қарайтындар бар. Одан кейін жыныстық серіктестерді ауыстыра беруге болмайды.

Қазір көптеген елде ауруды ерте анықтауға мүмкіндік беретін цитология әдісі қолданылады. Жылына бір рет осындай тексеруден өтетін әйелдер өзгерістің алдын алады. Сонымен қатар әйелдердің барлығы АПВ-тест тапсыруы керек. Бұл – ең тиімді диагностика.

– Қазіргі кезде мұндай ауруға шалдыққан науқастарды қалай емдейді?

– Жатыр мойны обыры ауруына шалдыққандарды үш әдіспен емдейді. Хирургиялық, сәулелік терапия және химиотерапия. Біріншісі – кең таралған әдіс. Химиотерапиялық әдісте обырды азайту немесе көзін жоюға арналған арнайы дәрі-дәрмек қолданылады. Ал сәулелік терапияда обыр жасушаларын жоқ қылу үшін жоғары энергетикалық сәулелер қолданылады.

– Вакцинация туралы не айтасыз?

– Жаңа профилактикалық процедураларға адамның папиллома вирусына қарсы вакцинация кіреді. Әлемде мұның тиімділігі дәлелденіп отыр. Вакцина Қазақстанға да келді. Оны 11 жастан 26 жасқа дейінгі барлық әйел ала алады. Биыл жаңа оқу жылынан бастап ата-ана келісімі бойынша 11 жастағы жасөспірім қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцинациялау жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар төрт жыл сайын жүргізілетін ерте анықтауға арналған міндетті онкоскринингтен 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер өте алады.

Гүлмира Аймағанбет

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button