Басты ақпаратМәселе

Жазда ұшқындаған ақ ұлпа

немесе мақталы теректермен мақтана аламыз ба?

Ықылым заманнан бері қарай баспанасы ағаштан болған қазақтың, бүгінгі таңда Астанасы да ағашпен көмкеріліп, көркін көріп күн батпай, ажарын көріп ай батпай қалатындай күннен күнге сұлуланып келеді. Алайда сол сұлулықтың да сыны бүлініп, шыры қашатын кезі болады екен. Оған себеп көктемде теректерден шығатын ұлпалар мен күзде түсетін жапырақтар болып отыр.

Мезгіл ауысқанда жапырақтың түсуі заңды. Дейтұрғанмен де жаздың күні жұлынған қойдың жүні құсап көшені ақ ұлпалардың қаптауы елорда тұрғындарының бір мезет мазасын алады. Оған наразы болған халық қақ екіге жарылып, бірі аллергиялық ауруының қозғанын айтса, енді бірі бұл ұлпалы теректердің қалаға түкке де керегі жоқ деген пікірде. Біз осы пікірлердің ауанына назар аударып, теректердің пайдасы мен зияны турасында және оны қалаға отырғызу керек пе, жоқ па деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Теректер туралы деректер

Қарағайды отынға жаруға, қайыңды отқа салуға қимайтын қазақтың экологиялық ортаны қорғауға келгенде басқалардан көш ілгері екенін «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылынан-ақ білуге болады. Алайда табиғаттың тылсым сырын аялап, оның әрбір жанды- жансызын қорғауға келгенде қазақ ғана емес, жалпы адамзат баласы бір ортақтыққа ие. Мысалы, әлемде осы күнге дейін тарихи тамырын жоғалтпай сақтап, көктеп тұрған ағаштар бар. Олар жалпы жер бетінің құндылықтары болып саналады десек де артық айтпаған болар едік. Мысалы, Канадада өсіп тұрған 130 жылдан астам тарихы бар әлпеншек ағашын осы қатарға жатқызуға болады. Немесе ғасырдан аса уақытта өзегіне құрт түспеген Жапон үйеңкілері, Оңтүстік Каролиндағы емен саяжолы, Бразилияда өсетін раушан ағашы болсын, бәрі де – адамдардың мәпелеп қорғауының арқасында өсіп келе жатқан әлемнің әдемі ағаштары.

Елордаға жыл сайын 40 мыңнан астам ірі ағаш отыр­ғызылса,
соның тек 700-800-ге жуығы ғана теректер

Ал енді астаналықтарды әлекке салған теректің жайына оралсақ, жалпы бұл ағаш турасында ғалымдар да бір ортақ түсінік жоқ. Өйткені әр елдің ғалымдары әртүрлі топшылап өз ойларын айтады. Оның үстіне жер бетінде терек тұқымдасына жататын 110-ға тарта ағаш кездеседі. Олардың көбі –­ бірінші және екінші өлшемдегі ағаштар болып саналса, сирек кездесетіні үшінші өлшемдегі ағаштар. Олардың биіктігі 30-40 метрге дейін, диаметрі 150 сантиметрге дейін жетеді. Ал ақ және сұр теректер 45 метрге дейін өсе алады. Сонымен қатар, теректердің бөлінуіне қарай өсу қарқыны да әртүрлі болады. Кейбіреулері өмірінің алғашқы жылдарында тез өссе, кейін олардың өсуі баяулайды, ал енді бірі керісінше, алғашқы жылдары өсу қарқыны төмен болады да, содан кейін өсуін айтарлықтай жылдамдатады. Сондай-ақ теректер егу арқылы және тұқымы арқылы екі түрлі жағдайда көбейе алады. Тағы бір ерекшелігі – аталық және аналық болып бөлінеді. Аналық өсімдіктердің бүршігі жасыл, аталықтың бүршігі қоңырлау болып келеді.

Біз Астанадағы ұлпалы теректердің қай түрге жататынын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Жұмағұл Боранбайдан сұрап білдік.

– Астана қаласын көгалдандыруда қолданылған терек ағашының бірнеше түрі бар: олар ақ терек, қара терек және көктерек ағаштары, осы аталған ағаштардың барлығынан да ұлпалар ұшады.

Бұл терек ағашының биологиялық ерекшеліктерінің біріне жататын гүлдеуінен кейін (климатқа байланысты наурыз-сәуір айында гүлдейді) 2 айдан соң белең алатын құбылыс, яғни аналық теректердің жемістері пісіп жетілген кезде ұлпаларға айналып тұқымдары желге ұша бастайды. Демек, ұлпасы ұшатын теректер ол аналық болып саналады. Бірақ бұл аналық теректерден ұлпа ұшады дегенді білдірмейді. Өйткені ғалымдардың зерттеулері бойынша ағашты жасарту мақсатында кесу жүргізсе, стресске шалдыққан аталық теректердің өзі аналық терекке ауысып кетуі мүмкін екен, – дейді Ж.Боранбай.

Басқа ағаштан артықшылығы не?

Иә, ғылыми тұрғыда, қай ағаштың түрі болса да зиянынан гөрі пайдасы көп екендігін бәріміз білеміз. Бірақ ауаның тазалығын сақтауда дүниедегі жалғыз ағаш терек ғана емес. Одан басқа да ағаш түрлері көп. Алайда ғалымның айтуынша, қалаға керекті ағаштардың қатарында теректің орнын басатын ағаш түрі жоқ екен.

– Әрине, жергілікті климаттық жағдайларға төтеп берсе, басқа географиялық аймақтардың интродуцент өсімдіктерін де отырғызуға болады. Бірақ бұл тұрғыда қарағай, сібір шыршасы, көгілдір шырша (америкалық) түрлерін алып қарасақ, мұндай қылқан жапырақты ағаштар газға төзімсіз келеді. Ал қайың ағашының тозаңы – ең күшті аллергендердің бірі. Үйеңкіні отырғызғанмен ол жергілікті экожүйелерді бұзады, кейін олармен арамшөп сияқты күресуге тура келеді. Сондықтан қаламызға осы теректерден артық пайда алып келетін ағаш түрі бар дегенге өз басым сене алмаймын, әрі оны басқа ағаш түрлерімен ауыстырудың қажеті жоқ деп есептеймін, – дейді Жұмағұл Таңатқанұлы.

Ал бағбандар болса қалаға жаздың күні сая болатын, қыс­тың күні бұтақтарына қонған қар ұшқындары арқылы әдемі көрініс қалыптастыратын жеміс ағаштарын немесе теректің басқа түрлерін отырғызуға болатынын айтады.

– Мен қаншама жыл бағбандықпен айналысып келе жатыр­мын. Сонда бір байқағаным, терек өте тез өсетін ағаштың қатарына жатады. Алайда мен оны қалаға отырғызудың қаншалықты қажеттіліктен екенін түсінбеймін. Қаланың ауа сапасын жақсарту мақсатында отырғызылатын одан да басқа ағаш түрлері бар. Оның үстіне терек түзу өсетіндіктен, оның бір көлеңкелеуге де пайдасы шамалы. Сондықтан терек егіп айналаның бәрін оның ұлпасымен толтырғанан гөрі, жайылып өсетін және қалаға көрік беріп, сән қосатын ағаштар отырғызу керек шығар деп ойлаймын. Жалпы біздің қалаға теректің: пирамидальды, бальзамды, будан түрлерін қалаға өсіруге болады. Жеміс ағаштарының ішінен алма, алмұрт, шие жақсы жерсінеді, жасыл қоршау ретінде ұсақ жапырақты шегіршін, қараағаш, сияқты жергілікті топыраққа төзімді ағаштар болуы керек, – дейді бағбан Мұхаммед Сейдахметов.

Ақ ұлпаның әуресі

Жалпы бұл пікірді жақтау­шылар көп. Тіпті Астана көшелерінің тазалығын сақтау үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген қызметкерлердің де уәжі дәл қазіргі сәттегі теректерден ұшқан ұлпалардың әурешілігі турасында болды.

– Әрине, тазалық жасайтын адам ретінде көше тазалығын сақтау – менің күнделікті жұмысым. Алайда осы ақ ұлпалардың кесірінен біздің қаншалықты тазалық жұмыстарын істеп жатқанымыз білінбеуі де мүмкін. Себебі жол бойын сағат сайын тазаласаңыз, артынша қайтадан сол теректердің ұлпасы арқылы таз қалпына келіп тұрады. Бұл, әрине, біз үшін әурешілік те ауыртпашылық да емес. Алайда жол бойынан өтіп бара жатқан адамдар үшін, серуендеп жүрушілер үшін қолайсыздық тудыратыны анық. Оның үстіне бұл күн ыстық күндері ұлпа болып ұшады да, күн жауып суға тисе, бірден түйіршікке айналып, құмалақ тәрізді болып қалады. Сондық­тан мұны жаңбыр да, ыстық да кетіре алмайды. Тек қана тазалау керек, – дейді «Астана тазалық» компаниясының қыз­­меткері Кәуен Қабылашат.

Қаладағы ұлпалы теректердің әлегін бір ғана тазалықшылар көріп жүрген жоқ. Оның азабын аллергиялық аурулары барлар да бір кісідей тартып келеді.

– «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» деп атам қазақ бекер айтпаған. Жаздың күні ел құсап серуендеп, емін-еркін ауа жұта алмасаң, оның өзі бір қорлық. Ал менің шаңнан, шөп тозаңдарынан аллергиям қозады. Осы теректердің ұлпасы қалай ұшады, мен де солай әлекке түсем де қаламын. Кейде серуендеуге шықсам, маска тағып шығамын. Алайда күн ыстық күндері бетпердемен жүрудің өзі ауыр. Теректерден ұшқан ұлпалардың кесірінен танауым қышып, мұрнымнан су ағып, түшкіріп, пысқырып тыныс алудың өзі қиындайды. Сондықтан қалаға мұндай теректерден гөрі басқа да сая болатын ағаштарды отырғызса дұрыс болар еді, – дейді қала тұрғыны Жасұлан Әбдіраманов.

Ал дәрігерлердің айтуынша, аллергиялық ауруларға тікелей теректердің ғана зияны бар деп түсіну – жаңсақ пікір. Өйткені аллергиялық аурулар жаз мезгілінде неше түрлі шөптердің тозаңдануынан да қозуы мүмкін. Шындығында, терек мамығының тіке өзі аллергенді емес. Бірақ олардан ұшқан ұлпа ауадағы шаң мен тозаңдарды өзіне жинап алатындықтан, адамдардың аллергиясына жанама әсер береді. Дейтұрғанмен бұл ұлпалардың бір ғана жағымсыз тұсы осы емес. Олар мақта сияқты тез жанғыштық қасиетке ие болғандықтан, оның қала қауіпсіздігіне де қатерлі екенін ескерген жөн. Тіпті жыл басынан бері қала да терек мамығының өртену оқиғасы бірнеше рет тіркелген.

– Жыл сайын жаз айларының басында қаладағы өрттердің саны бірнеше есе артады, бұған көбінесе терек мамығы себеп болады. 2024 жыл басталғалы 8 рет терек мамығының жану оқиғалары орын алды. Әсіресе осы уақытта көшелер мен аулалар қар секілді терек мамығымен көмкеріліп қалады, бұл өрт ошағының пайда болуына себепкер болады. Кейде балалар терек мамығынан жолдар жасап, кейін оларды өртеп жіберіп жатады. Өйткені балалар оның қаншалықты қауіпті екенін толықтай сезіне бермейді. Тіпті кейде ересектер де темекі тұқылын немесе сіріңкесін сөндірмеген күйі лақтыру арқылы өрт қаупін тудырады. Мұндайда терек мамығына тиген от үйлер мен басқа ғимараттардың жанғыш материалдарына көшеді. Ал оның алып келетін зардабы ауыр болуы мүмкін, – дейді Сарыарқа ауданы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Жанболат Тұрсынбайұлы.

Ал қала әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше алдағы уақытта біртіндеп теректердің орнын басатын басқа да ағаштар отырғызылмақ. Әрі елордаға жыл сайын 40 мыңнан астам ірі ағаш отырғызылса, соның тек 700-800-ге жуығы ғана теректер. Сондықтан бір мамыққа бола оны мүлдем керексіз ағаштардың қатарына жатқызу немесе қаламызда одан басқа ағаштар егілмей жатқан сияқты көру ақылға қонымсыз.

Терек бәрібір керек

Мейлі, қалай болмасын «битке өкпелеп тоныңды итке тас­таудың қажеті жоқ» деген «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Дәулет Досқулов да теректің жалғыз кемшілігі сол түтігі шығатындығында болмаса, одан тұрғындарға келетін залал аз екенін алға тартады.

– Ірі қалалардың экологиялық жағдайын жақсарту үшін тиімді көгалдандыру маңызды. Терек ағаштардың басқа түрлеріне қарағанда, климаттың кез келген сыртқы әсеріне төзімді, әрі көмірқышқыл газын көбірек сіңіреді және оттегін көбірек бөледі. Сонымен қатар, теректің жапырақтарының беті жабысқақ болғандықтан, ол өзіне қаладағы шаң, газдан шыққан күйелерді жабыстырып алады. Тек терек ағашы ғана шлактармен және тұздармен ластанған топырақта, газдалған ауада тез өсетін қасиетке ие. Олар көшедегі шаңның, кірдің және түтіннің шамамен 70 пайызын бойына сіңіреді, ауаны фитонцидтермен сергітеді және байытады, ауру тудыратын микробтарды өлтіреді. Әрі қылқан жапырақты ағаштарға қарағанда бірнеше есе көп оттегін шығаратын да осы теректер, – дейді ол.

P.S: Иә, ағаш өсіру ол тек ауа тазалығы үшін болмау керек. Қайта қаланың көркін кіргізетін сәнді ағаштардың қатарын көбейткен жөн. Мүмкін алдағы уақытта арабты айтса құрма ағашы, сакураны айтса жапондар еске түсетіні сияқты қазақты айтса бірден ойға оралатын бір ағашты отырғзуымыз керек те шығар. Мысалы, қазақта бәйтерек, қарағай, тобылғы, жиде сияқты ағаш түрлері киелі және басқа ағаштардан өзгеше қасиетке ие. Соларды егіп әлемге өзіміздің эко жүйеміз арқылы танылсақ немесе күзде бірыңғай қоңыр түске боялатын болмаса көктемде әртүрлі түсті гүл ашатын, түрі бөлек ағаштар егілсе, оны шетелдіктер тамашалап көру үшін арнайы біздің елге келсе қандай ғажап болар еді. Бұл да бір өз кезегінде туристерді елге тартудың тартымды амалы болмақ.

Шапағат ӘБДІР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button