ӘлеуметБасты ақпарат

Жазғы лагерь көңілді

Жаз маусымы басталысымен арманына қанат байлаған оқушылардың де­малыс орны мен балалар лагері өз жұмысын жалғастырады. Астаналық бала­лар 29 тамызға дейін онкүндік жазғы демалысын осы лагерлерде өткізеді.

Кім қайда демалады?

Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, елордада 2024 жылы жазғы демалыстың барлық түрімен 1-10-сыныптың 200 мыңнан астам оқушысы (96 пайыз) қамтылады.

Қалалық білім беру ұйымдарының базасында 97 мектеп жанындағы лагерь, оқушылар қызыққан әртүрлі бағыт бойынша 75 бейіндік лагерь ашылған.

№43 қосымша білім беру мектеп-орталығында 3 маусымнан 23 тамызға дейін 720 баланы қамтитын «Ақ желкен» спорт лагері жұмыс істейді.

Аз қамтылған отбасынан шық­қан балалардың жазғы демалысын тегін негізде ұйымдастыру үшін жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен 7326 бала тегін демалады.

1-4-сынып оқушылары «Бөбек», 5-9-сынып оқушылары «Балдәурен-Щучинск», «Балдәурен-Қапшағай», «Балдәурен-Балқаш» республикалық сауықтыру лагерлерінде сауық­тырудан өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің берілген квотасына сәйкес, мұнда аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 458 бала жаз бойы демалады.

Жалпы алғанда, балалардың жаз­ғы демалысын ұйымдастыру сауықтыру және жұмыспен қамту секілді екі бағыт бойынша жүреді. Бірінші бағыт бойынша 97 мектеп жанындағы лагерь және оқушылардың мүддесі бойынша 75 бейіндік лагерь жұмыс істейді.

2025 жылға дейін ұлттық құндылыққа бейімделген тәрбие жұмысы лагерде ғана емес, қала мектептеріне де енгізілген. Қанатқақты жоба іске қосылған 2022 жылдан бері мектептерде оң өзгеріс байқадық: балалар сабаққа кешігуді қойды, оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылық нөл деңгейіне төмендеді. Әрине, педагогтармен жүргізілген үздіксіз тәрбие жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.

– Биыл 20 мектепте киіз үй орнатылған этнолагерь, 21 мектепте спорт лагері жұмыс істейді. Жаттықтырушылар балаларға арнайы алаңдарда спорт түрлерін үйретеді. Одан бөлек, танымал спортшылармен кездесу өтеді, – деді Астана қаласы Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Мәдина Сүлейменова.

Ерекше этнолагерь

Астанадағы Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейінде «Ақбота» жазғы сауықтыру лагері ашылды. Ашылу салтанатына қалалық Білім басқармасының өкілдері, мұғалімдер, мектептің бастауыш және 5-8-сынып оқушылары, арнайы шақырылған қонақтар мен ата-аналар қатысты.

– Біздің тобымыз «Жұлдыз» деп аталады. Маған лагерь өте қатты ұнап жатыр. Ұсыныс айтқан Клара Сапарқызына алғысым шексіз. Деніміз сау болу үшін Жанар Әлимұратқызымен күн сайын таңғы жаттығу жасаймыз. Әртүрлі ойын ойнап, уақытымызды өте қызықты әрі тиімді өткіземіз. Аспазшылар бізге дәмді түскі ас әзірлеп береді, – дейді №88 мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы Ержігіт Хақназар.

– Достарымызбен қызықты киноға бардық. Барлық баланың тілін тауып, ерекше мейірімге бөлеген ұстаздарымызға, лагерге баруға кеңес берген сынып жетекшіміз Салтанат Тұрсынбайқызына рақмет! – дейді Ержігіт Айсұлтан.

Балаларының жазғы каникулды мазмұнды, қызықты өткізіп жатқанына ата-аналар да дән риза.

– Мектеп жанындағы жазғы лагерь тәрбиешілеріне рақмет айтамыз. Балаларымыз неше түрлі қызық ойын ойнап, киноға, цирк­ке барып үлгерді. Алғашқы бес күні балама ұнап жатыр, – дейді ата-ана Әсемгүл Жұмағалиева.

– Жазғы лагерь аясында қызым өзіне жаңа достар тапты, танымдық ойындарды қызықтады. Күн сайын мектептен жақсы көңіл күймен келгеніне қуанамын, – дейді ата-ана Махаббат Нұрахметова.

№88 мектеп-лицей директоры Жанат Айтова этнолагерде жас өркенге ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлеріміз, ана тіліміз бен әдебиетіміз дәріптелетінін айтты. Мысалы, жүн сабап, ұршық иіру, құрақ құру, ши, кесте тоқу және т. б.

– Мектебімізде «Елорда – бақытты балалық мекені» атты лагерь ашылды. Мақсатымыз – этнолагерь арқылы ұлттық құндылықты дәріптеу. Этнолагерде қыздар жағы ұлттық тағамдарды әзірлеу­ді, қамыр илеу мен нан жаюды, бауырсақ пісіруді үйренсе, ұлдар жағы бата беруді үйреніп, оның мән-мағынасын зерделейді. Осы аптадан бастап сүттен қатық-айран ұйытып, шілде айында ұршықпен жүн иіріп, кәдімгі текемет жасаймыз. Осыған 5 қойдың жүнін күтіп отырмыз, келген бойда оқушылармен бірге жуып, кептіріп, жүн иіріп, басқан киізімізді, ұйытқан қатығымызды, балалар қолынан шыққан дүниелерді лагерь қорытындысы бойынша ел-жұртқа көрсетіп, нәтижесін, бала еңбегінің жемісін паш етсек дейміз. Өйткені біздің мақсат – ұлтын, өз құндылығын сүйетін, ел болашағына қызмет ететін адал, еңбекқор, парасатты ұрпақ тәрбиелеу. Үйде, я көшеде ұялы телефонға телміріп отырғанша, балалардың осындай игі іске араласқанын дұрыс деп есептедік, сондықтан осы бағыттағы тәрбие жұмысын жалғастыра береміз. Бала жазда сиыр сауу, атпен серуендеу, қымызды баптауды үйренеді, – дейді мектеп директоры Жанат Тұрысбекқызы.

Лагерде әрі тыныққан, әрі шыныққан балалар өз денсаулығын нығайтып, жазда толыққанды демалып, жаңа оқу жылын тың күшпен бастамақ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button