Басты ақпаратЕлорда тынысыЖаңалықтар

Жазғы лагерь көңілді бола ма?

Жазғы каникул кезінде астаналық жеткіншектер мектептер жанында ашылған лагерьлерге барып демалуды ұнатады. Сондай көңілді каникул Астанадағы Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінің «Alpha Camp» атты бейіндік лагерінде басталды. Сонымен қатар, елордадағы Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейінде «Ақбота» жазғы сауықтыру лагері балаларға есігін айқара ашса, «WEB CAMP» жаздық маусымдық лагері Астанадағы кәсіптік-техникалық колледжінде 10-14 жас аралығындағы балаларға арналған сауықтыру лагері қызмет етеді. Бұл лагерьдің  ерекшелігі сол – «WEB CAMP», яғни балаларға қосымша компьютерлік графикалық дизайндарды меңгеруге көмегін тигізеді.

4600 бала оқитын мектептің тең жартысы – ана тіліндегі сыныптар, жартысында орыс тілінде балалар білім алады. Кезінде үш ауысымда жұмыс істеген мектеп осы оқу жылында жаңа ғимаратқа ие болып, білім алушылар екі ауысыммен оқи бастады.

«Alpha Camp» жазғы лагерінің ашылу салтанаты мектептің бастауыш ғимаратының аумағында, ашық аспан астында өткізілді. 4 мыңнан астам бала оқитын аралас мектептің 1-4, 5-8-сынып оқушылары үшін жұмыс істейтін жазғы лагерьдің ашылу салтанатына педагог-тәлімгерлер, оқушылар, ата-аналар қатысты. Қолдарына түрлі түсті шар ұстап, жалаумен, түрлі киініп, іс-шараны әрлеген музыкамен флешмоб жасаған тәлімгерлер мен оқушылардың көңілді билері келгендерге қуа­ныш сыйлады, балаларды қызықты демалысқа жетеледі.

– Бізде профильді лагерь 4 маусым бойы жұмыс істейді. Таңғы 9-дан 3-ке дейін арнайы жасалған кесте бойынша балалар арасында тамақтанып, күш жинап алып, түрлі қызықты іс-шараларға қатысады. Мектеп жанындағы жазғы лагерьде IT сыныптары, ғажайыптар әлеміне саяхаттау үшін Гарри Поттер стилінде жасалған сыныптар бар. Дарынды балалар, техникаға бейім, зейінді балаларға арналған қолөнер бұйымдарын жасайтын, іс тігіп, бисер тоқитын ұқыпты оқушыларға, сондай-ақ спортпен айналысқысы келетін шымыр жеткіншектерді тәрбие ісіне баулу мақсатында 60 тәлімгер арнайы даярланған. Бұл сыныптардың барлығы биылғы оқу жылында ғана жаңадан пайдалануға берілген бастауыш сыныптарына арналған жаңа ғимараттарда орналасқан, балалар үшін барлық жағдай жасалған, – дейді мектеп-лицейінің директоры Алма Жұмабекова.

Концерттік бағдарламада оқушылар ең жақсы көретін ғажайыптар мен сиқырлар әлеміне саяхаттап, Хогвартс игі істер аккадемиясымен танысты.

– Осы жазғы лагерьге биыл үшінші жыл қатысып жүрмін. Маған тәлімгерлердің оқушылармен қарым-қатынасы, дос­тарыммен бірге уақыт өткізу өте ұнайды, мұнда қызықты бағдарламалар көп, биыл да солай болатын шығар, – дейді 5-сынып оқушысы Ғалым
Бижанов.

– Мен жазғы лагерьге бірінші рет келдім, мұнда қызықты боларына сенемін, ашылу салтанатының өзі өте қызықты болды, бұйырса, екі аптадай уақыт осында боламын, – дейді 3-сынып оқушысы Ерғазы Әбдірахманов.

Оқушылар мектеп ауласында тігілген киіз үйдегі «Жас казақ» этнолагерінде еліміздің тарихымен, мәдениетімен сусындайды, халқымыздың салт-дәстүрі, әдебиеті, этнографиясымен терең танысып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайды. Тәлімгер педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәмзәгүл Кенжеахметқызы – оқушыларға қазіргі таңда тілімізде сирек қолданылып жүрген атауларды, бұйым түрлерін, киіз үй, музыка аспаптарының атаулары туралы айтып, тарихын тарқатады, балалардың бай, керемет ана тілімізде сөйлеуіне септігін тигізіп жүрген тәжірибелі педагог. Өзі қаймағы бұзылмаған Торғай өңірінің тумасы, белгілі этнограф Сейіт Кенжеахметұлының перзенті екен. Ол кісімен алдағы уақытта этнография тақырыбында сұхбат жасайтын болып келістік.

– «Спорткамп» спорт лагерінде мықтырақ және ептірек бола түсесіздер, сонымен қатар бүлдіршіндердің қызығушылығын арттыру мақсатында «Диджитал камп» цифрлық лагерінде түрлі қызықты және ерекше ақпараттармен танысу жоспарлануда, – дейді жазғы лагерь жетекшісі Айжан Сақанова.

Мектеп жанындағы жазғы лагерьде балалар ұлттық салт-дәстүрлермен танысып, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды кеңінен біледі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button