Елорда тынысыСаясат

Жергілікті билік Президент бастамасын жалғастырса, БАҚ өкілдері баспаналы болар еді

Өткен апта соңында елімізде БАҚ өкілдері кәсіби мерекесін атап өтті. Қаламының ұшында қоғам дертін көзге шұқып көрсетіп, билік назарын соған аударту арқылы шешімін табуға ықпал ететін және елдегі барлық оң өзгерістерді ең алдымен жеткізетін мамандық иелерінің марапатқа бөленетін мерекесі Мемлекет басшысының назарынан да тыс қалмайды.

Осы жолы да Президент елдегі ең мықты деген журналистерді Ақордада жинаған кезінде: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйт­кені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Кез келген еңбек бағалануға тиіс. Өркениетті қоғам масс-медиа майталмандарын ерекше қадірлейді. Жыл сайын елімізде үздік журналистерге сыйлықтар табысталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Бұдан бөлек, былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырдық. Бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса береді» деген болатын.

Иә, расымен қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсынудың, азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол бермеудің маңызы зор. Осы жолда ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралдарында ондаған жылдар бойына еңбек етіп жүрген журналистер көп. Олардың көбі, әсіресе, аймақтағы журналистер аз ғана жалақымен жүрсе де, баспанасыз жалдамалы пәтерлерде күн кешсе де қаламын басқа кәсіптерге айырбастамай, өз қызметіне адал болып қалуда. Өз мамандығын шынайы жақсы көретін сондай журналистерге Президент бастамасымен соңғы екі жылда 132 пәтер беріліпті. Соның ішінде биыл да бірқатар БАҚ қызметкерлеріне 67 пәтер беріліп, журналистер қоныс тойын тойлауда.

Сол пәтерлер кілттерін тиісті журналистерге табыстаған Мемлекет басшысының кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастырумен мұндай шара осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанын жеткізді.

– Шыны керек, журналистер арасында «біз не мемлекеттік қызметшілердің, не бюджеттік мекеме қыз­меткерлерінің санатында жоқпыз, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмаймыз» деген мәселе жиі көтерілетін. Тіпті бұл мәселе Парламентте де айтылатын. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сол олқылықтың орны толып, жыл сайын журналистерге баспана беру дәстүрге айналды. Өткен жылы Мемлекет басшысының атынан БАҚ қызметкерлеріне 1 және 2 бөлмелі 65 пәтер, ал биыл 67 пәтер берілді. Оның ішінде, 13-і – 3 бөлмелі, 45-і – екі бөлмелі, 9-ы – бір бөлмелі пәтерлер. Ең бастысы, пәтер кілттері еліміздің дамуына, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформаларды халыққа жеткізуге елеулі үлес қосып келе жатқан БАҚ өкілдеріне, оның ішінде баспанаға шын мәнінде мұқтаж жандарға беріліп отыр. Атап айтқанда, 21 пәтер көпбалалы отбасыларға, 5 пәтер жалғызбасты аналарға берілді. Сонымен қатар отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы немесе жұбайы бар 11 азамат баспаналы болды. Пәтер алған БАҚ саласы қызметкерлерінің арасында 6 жанұя осы уақытқа дейін жатаханада тұрып келген. Бір отбасы баспаналы болса, қуанып, халықтан сүйінші сұрайтын журналистердің үйлі болуы – өте қуанышты жағдай. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді ол пәтер кілтін табыстау жиынында.

Расында қаламының қуаты күшті, айтары бар, елдің өзекті мәселелерін жетеріне жеткізіп айтып, журналис­тиканың дамуына үлес қосып жүрсе де көптеген журналистердің пәтер ала алмауына қызмет ететін мекемесінің бюджеттік сала болмағаны да кедергі келтіретіні рас. Мемлекеттен үй алуда мұғалім мен дәрігер, басқа да бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған түрлі бағдарламалар болса да, соның ішінен журналистерге үй алу тетіктері  қарастырылмағаны қынжылтатын. Бұл мәселе жақында қабылданған «Масс-медиа» туралы заңда да қамтылуы керек деген ұсыныстар да берілді. Осы ретте екі жылдан бері Мемлекет басшысының өзі көтерген бұл бастама біраз сала маманының пәтерлі болуға деген үміт отын оятты.

Тек ең бастысы – пәтерден пәтерге көшіп, бала-шаға қамымен жүріп, қоғамның жарасын жазамын деген БАҚ өкілдерінің арасынан лайықтысы, шын мұқтажы алса екен дейсің. Оларды іріктегенде және пәтер алуға ұсынғанда сол БАҚ-қа көп жылдық еңбегі сіңген, журналистік қызметімен түйінді мәселелердің шешімін табуына шын мәнінде атсалысып жүрген және баспанасы жоқ жандардың тізімі берілуі керек. Сонымен қатар Президенттің өзі көтеріп отырған бұл игі бастаманы жергілікті әкімдер қолдап, осыны үлгі етсе БАҚ саласындағы біраз замандас әріптестеріміз қоғамдағы басты мәселесін шешіп, әрі қарай ештеңеге алаңдамай, елдік мүдде жолындағы қызметіне қарқынмен кірісіп, саладағы сан тақырыпты жазуда еркін көсілер еді. Сондықтан алдағы уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы игі бастамасына жан-жақты үлес қосатындар қатары көбейіп, әсіресе, жергілікті билік тарапынан қолдау табады деген сенімдеміз.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button