Басты ақпаратҚала мен Сала

Жүйелі жұмыстар ­жетерлік

Бүгінде елордамен бірге есейіп, ел дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан Алматы ауданында тұрғындарға жайлы жағдай жасау бағытында игі істер атқарылуда. Аумақта жөндеу және қалпына келтіру, көгалдандыру, жарықтандыру жұмысы белсенді жүріп жатыр. Бұл ретте тұрғындардың өтініші мен ескертпесі есепке алынып келеді.

Айналаны абаттандыру – маңызды жұмыс

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Алматы ауданының әкімдігі қаланы көгалдандыруға және көк желекті шаһарға айналдыруға көп көңіл бөліп келеді. Аудан әкімі аппараты абаттандыру бөлімінің бас маманы Шаймардан Сұлтанның айтуынша, бұл ретте биыл үлкен жұмыс атқарылды.

– Осы жылы Алматы ауданы әкімінің аппаратымен 3 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Алдымен Тәуелсіздік даңғылының жаяу жүргіншілер бөлігін дамыту, яғни Ақбұлақ өзенінің жағасынан Б.Момышұлы даңғылына дейін жаяу жүргіншілер бөлігі жайластырылып, даңғыл көгалдандырылды және жарықтан­дырылды. Сонымен бірге Т.Жүргенов көшесі абаттандырылып жатыр. Бұл ретте Айнакөл көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аймағын жайластыра отырып, көшеге тас төсеу, көгалдандыру және жарықтандыруды ауыстыра отырып, жаяу жүргіншілер бөлігін абаттандыру жұмысы жүруде, – деді бас маман.

Бүгінгі таңда аудан аумағында қоқыс төгуге рұқсат етілмеген 7 орын анықталды. Өткен жылы 62 нүктенің 17 учаскесі 18,5 тонна қоқыс­тан тазарды

Сондай-ақ Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыру жұмысы жалғасуда. 2023 жылы Ш.Құдайбердіұлы даңғылынан Абылай хан даңғылына дейін жұмыс жүргізілді. Ағымдағы жылы Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейін абаттандырылуда.

Қоғамдық кеңістікті абаттандыру барысында аумақтар жарықтандырылуда және көгалдандырылуда. Биыл Әзірет Сұлтан мешітінде гүлзарларға арналған тіреу қабырғасы орнатылып, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының айналасы абаттандырылды.

Тәуелсіздік, Б.Момышұлы, Айнакөл, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Нәжімеденов көшелеріндегі жалпы көлемі 2500 шаршы метр аумаққа брусчатка жабынын қайта төсеу жүргізілді. А.Байтұрсынов, Ж.Нәжімеденов, Б.Момышұлы, Тәуелсіздік, Күйші Дина көшелеріндегі 30 көше жәшігі ауыстырылды. Ш.Құдайбердіұлы 36/2, Ғ.Мүсірепов 7/2, А.Бөлекпаев 9, Қажымұқан 20, Қ.Сәтбаев 22, Р.Қошқарбаев 46, 46 /1 мекенжайлары бойынша 27 орындық пен қоқыс жәшігі ауыстырылды және орнатылды.

Тазалық табалдырықтан басталады

Бүгінгі таңда аудан аумағында қоқыс төгуге рұқсат етілмеген 7 орын анықталды. Қазіргі уақытта аталған жерлерде, 5 учаскеде: «Нұрлы жол» вокзалы ауданында, Құлагер көшесінде, Астана-Қарағанды тасжолының бойы мен ЛРТ маңында тазалық жұмысы жүріп жатыр.

Осы жылы ­Алматы ­ауданы әкімінің ­аппаратымен 3 қоғамдық кеңістікті ­абаттандыру жұмысы жүріп жатыр

Бұдан басқа, қар үйіндісі ауданындағы жұмысты жүргізуге 10 өзі аударатын көлік және 2 тиегіш жұмылдырылды. Ма­мырдың 21-іне дейінгі көрсеткіш бойынша аудан аумағынан барлығы 8500 тоннадан астам (1214 рейс) қоқыс шығарылды. Өткен жылы 62 нүктенің 17 учаскесі 18,5 тонна қоқыстан тазарды.

Сонымен қатар ЛРТ бойын­да; Есіл өзенінің бетон бөгеті ауданындағы вокзалдың артында; эстакада бойында; А62 көшесі; индустриалды парк; айналма жол бойында; Ж.Жабаев көшесі; Қапал көшесі бойындағы карьер; Ұлы дала даңғылы; Отау шағын ауданы; Ж.Нәжімеденов көшесіндегі тазарту жұмысына 60-қа жуық арнайы техника (10 тиегіш, 50 өзі аударатын көлік) жұмылдырылды.

Стихиялық қоқыс үйінді­лерінің пайда болуына жол бермеу мақсатында белгіленбеген жерлерге қоқыс төгетін адамдарды анықтау бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта ауданның жол полиция қызметкерлері үнемі іс-шаралар мен түнгі рейдтер өткізеді.

Жыл басынан бері қоқыс тастағаны үшін 36 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 950 мың теңгеге айыппұл салынды. Қалған 3 учаскеде әктеу жұмысын бастау жоспарлануда.

Көшелер жарықтандырылды

Жұмыс жүргізу барысында 330 метр мөлшерінде тұрақты схема бойынша кабель тартылды. 16 тірек пен 6 шамды түзету бойынша жұмыс жүргізілді. Көше жарығының 50 шамына және саябақ жарығының 108 шамына тексеру жұмысы жүргізілді. Құлаған тіректер жөнделіп, қайта қалпына келтірілді.

Саябақтардағы жанбай тұр­ған шамдар жөнделіп, 176 жарықдиодты шам ауыстырылды. Көше тіректері сырланды. Аудан аумағындағы 288 люк жабылды. 10 спорт және мерекелік іс-шаралар алаңы электрмен жабдықталды. Тә­уелсіздік, И.Панфилов, Айнакөл, М.Төлебаев және А.Тоқпанов көшелерінің бойына 10 металл тірек орнатылды. Ж.Нәжімеденов, Қ.Сәтбаев, ­Б.Майлин, И.Панфилов көшелері мен Б.Момышұлы, Тәуелсіздік даңғылдарының бойындағы тіректі ауыстыру және сырлау жұмысы жүргізілді. Қоғамдық кеңістікті абаттандыру аясында Т.Жүргенов көшесі Айнакөл көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін 1730 метр кабель тартылып, 1550 метр полиэтилен құбырлар төселді.

Ақбұлақ өзенінің жағасында (Абылай хан даңғылынан ­Амман көшесіне дейін) қоғамдық кеңістікті абаттандыру аясында жұмыс жүргізілді. Тіректер мен шамдар ауыс­тырылды. Отан қорғаушылар монументіндегі саябақ тіректерінде 13 шам ауыстырылып, 27 жаңа шам орнатылды.

Көгалдандыру – көптің ісі

Тұрғындардың өтінішін ес­кере отырып, аудан аумағында абаттандыру, ағаш отырғызу, жөндеу жұмысы атқарылуда. Маусым айының басынан бері Алматы ауданы бойынша 1401-ден астам ағаш пен бұта отырғызылып, 2704807 шаршы метр аумақ тазартылды. 12000-нан астам ағаш әктелді. 701763 шаршы метр жердегі көгалдың шөбі шабылып, 147 ағаш пен бұта қиылды. Биіктігі 5 метрден жоғары 2 мыңға жуық ағаштың жарамсыз бұтасы кесіліп, 17200 ағаш пен бұтаға тыңайтқыш себілді.

Көпірлерді күтіп ұстау бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Алматы ауданының аумағында 7 көпір бар. Олар: Амман көпірі, Беласар көпірі, Р.Қошқарбаев көпірі, Абылай хан даңғылындағы 14-көпір, Тәуелсіздік даңғылындағы көпір, Абылай хан даңғылындағы көпір, Ш.Құдайбердіұлы даңғылындағы көпір. Қазіргі кезде оларды жуу жұмысы жалғасуда. Сонымен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ауданындағы жаяу жүргіншілерге арналған 2 көпір жөнделіп, қалпына келсе, Ш.Құдайбердіұлы, 2/7 үйінің ауданындағы жаяу жүргіншілер көпірі, Абылай хан даңғылындағы көпір, Ұлы дала даңғылындағы көпір сырланды.

Шаймардан Сұлтанның айтуынша, бүгінгі таңда елордадан сыртқары орналасқан тұрғын алаптарды дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Ондағы жолдар жөнделіп, абаттандыру, жарықтандыру, жолдар мен тротуарларды асфальттау, жолдарды жөндеу, нөсер кәрізін орнату, балалар мен спорт алаңдарын салу және т. б. жұмыстар жыл бойы жалғаса береді. Сонымен бірге экологияны жақсарту және қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орындарын құру мақсатында ауқымды көгалдандыру жұмысы жалғасуда.

Соңғы кездері тұрғын алаптарда жаңа жасыл аймақтар мен адамдар жиі жиналатын демалыс орындары, нақтырақ айтсақ, қоғамдық кеңістіктер көптеп пайда болды. Тұрғын алаптардың санитарлық жағ­дайына да баса назар аударылып келеді.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button