Басты ақпаратРуханият

Жүрекке қуат, көңілге шуақ сыйлады

Кіші бесінде Ескелдіден (Мәшһүр Жүсіп бабамыздың басынан) шығып, айтулы Алаш қаласын, Абай жатқан арда өлкені бетке алған біз сам жамыраған шақта Семей қаласына жеттік. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп ұйымдастырған «Ұлылар мекені…» ғылыми-танымдық экспедициясына бізді басқарма басшысы Сәкен Есіркептің өзі аттандырып салған болатын. «Біршама жылдан бері ұйым­дастырып келе жатқан ғылыми-танымдық экспедицияның түсіндірер тағылымы, берер білімі мол. Биылғы «Ұлылар мекені…» сапарынан сіздер де үлкен рухани олжамен оралады деп үміттенемін» деген еді. Айтып айтпай, қаламгерлерден, журналистерден, сапарға мұрындық болған мекеме қызметкерлерінен ұйымдасқан бұл сапарда Алаш қаласына жеткенше талай мақалаға жүк болатын әңгіме айтылды.

Алаштың астанасы

Біз бұл арада Алаш қаласы деген сөзді де текке айтып отыр­ған жоқпыз. «Алаш партиясы», «Алаш Орда», «Алаш арыстары» деген сөз бұл күнде жиі айтылғанмен, кәрі Семейде кезінде Алаш қаласының құрылғанын жұрттың кейбірі біле бермейді. Алаш арыстары кезінде Семей қаласының жанындағы Заречная слободканы Алаштың орталығы ретінде жариялап, оны «Алаш» қаласы деп атаған. 1918 жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін өмір сүрген Алаш Орда автономиясының ресми астанасы болған бұл қала 10 жыл «Алаш қаласы» атанды да, 1927 жылы «Жаңа Семей» болып өзгертілді.

2022 жылы Абай облысы құрылғаны көпке мәлім. Президенттің жарлығымен жасалған бұл шешім Абай жатқан абыз өлкеге жаңа леп сыйлады, отыз жылға жуық уақыт қараусыз қалғандай күй кешкен көне шаһардың тамырына қайта қан жүгірді. Құрылыстар жаңартылып, жаңа кешендер салынды, жолы жасалып, көшесіне көрік кірді. Мұны Семейдің келбетінен де, Семей жұртының «Облыс болғалы көзіміз ашылды» деп бастайтын сөзінен де аңғаруға болады. Осыған қарап, болашақта облыс орталығының іргесі кеңейіп, халқы көбейіп жатса, «Алаш» қаласы да қайта ашылар деген үмітіміз де жоқ емес.

Абай жүрген арда мекен

Рауандап атқан таңмен таласып біздің рухани сапардың екінші күні басталды. Алдын ала белгіленген жолсапар жоспары бойынша Жидебайға барып, қайтарда Бөріліге соқпақпыз. Тобымыздың жетекшісі Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тіл саясатын үйлестіру бөлімінің бас маманы Гауһар Арыстанқызы баратын жерімізбен алдын ала хабарласып, бәрін шып-шырғасын шығармай орналастырса, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жол бойы үлкендерден естіген тарихи әңгімелерін айтып, талай жайға қандырды. Әсіресе, Жидебайға бет алған күні Дәукең әңгімені түйдек-түйдегімен ағытты.

«Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, білген, түсінген, жанымен сезінген адамға тұтас Семей даласы ақтарыла сыр шертіп тұрады. Әсіресе, «Абай», «Абай жолын» оқыған адам Семей даласына аяғы тиген сәттен бастап Абай заманында жүргендей күй кешеді. Бұрын сол өлкеге келіп көрмесе де, Әуезовтің эпопеясын оқыған адам «Мынау Ералы жазығы ғой», «Қасқабұлақ қайда екен?», «Ақшоқы алдымызда шығар…» деп алып ұшып отырады. Біз де сондай сезімде отырып, Жидебайға жеттік.

Еуразияның кіндігінде орналасқан Жидебай – Қарауыл өзенінің жайылмасындағы шұрайлы жер. 1891 жылдан кейін Абайдың қыстауы болған бұл алқапта қазір ақынның музей үйі бар. Абай, Шәкәрім, Абайдың інісі Оспан, Шәкәрімнің ұлы Ахат марқұмдардан сырт, Абайдың анасы Ұлжан, ұлы шешесі Зере, Оспанның бәйбішесі Еркежан жерленген. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай салынған Абай, Шәкәрім кесенелері Сарыарқа төсімен жүзіп келе жатқан алып кеме тәрізді, ал Абай мен Шәкәрім қажының басындағы мұнара сол кеменің желкені сияқты жобаланған.

Семей қаласынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан «Абайдың Жидебайдағы мұражай үйі» ақын өмірі мен шығармашылық жолынан көп мағлұмат беріп тұр. Бес бөлмесі мен үш залдан құралған музей үйінде хакімнің Еркежанға сыйға тартқан күміс ертоқымы, генерал-губернатор сыйға тартқан үш ауызды берен мылтығы, Құнанбай қажының тақиясы мен кісе белбеуі, Ұлжан ананың балаларын қырқынан шығарғанда пайдаланған жез легені сияқты тарихи бұйымдар бар. 1970 жылы қайта жаңартудан өткен мұражайдың келген қонақтарға сыйлайтын әсері айрықша. Оның жанынан салынған Абайтану орталығы мен Шәкәрімнің саятқорасына да келген қонақтар мен туристер бас сұқпай кетпейді.

Өз несібесін өзінен аямайық

Турист демекші, аты әлемге әйгілі Абайдың жатқан жеріне жыл сайын неше миллиондап саяхатшы келеді деп айта алмаймыз. Өйткені Семейден қашықтау жерге орналасқан бұл алқапқа қыста келіп-кету қолайсыз. Қарлы боран соқса, жолы жабылып қалатын кезі де көп. Шетелдегі сияқты әйгілі тарихи орындарға күн құрғатпай жүріп тұратын пойыз бұл арада атымен жоқ. Сосын да шығар, жаздың үш айында болмаса, жылдың басқа мезгілінде қонақ аз келеді. 2024 жылды алып айтсақ, қаңтарда 61, ақпанда 26, наурызда 71, сәуірде 394, мамырда 3136 қонақ келген. Осы сандарға қарап-ақ тұсаулы аттай тыпырлап тұрған еліміздің туризм саласының Абай еліндегі жай-күйін де бағамдауға болатын секілді. Оның үстіне, Жидебайға «кеме» жасап, мұражай ашқанымызбен, оның да түгенделмеген тұрманы, істелмеген жұмыстары көп. Кесене төңірегін жасылдандыру жұмысының өте сылбырлығын былай қойғанда, сол төңіректің ауызсу мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Дәрет алатын суды қойып, сол арадағы жұмысшылардың өзі ішетін суын үйден әкеледі екен. Әрине, алыс жолдан аңсап барған, Абай басына зиярат етуге келген кісінің алдымен дәрет алып, содан соң марқұмдарға құран бағыштағысы келетіні анық. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Оның үстіне, ауызсу мен дәретхана мәселесінің шешілмеуі – бұл орынның туристерді қабылдауға дайын емес екенін, шарт-жағдайының жетерсіздігінің де көрінісі. Музей үйінің жанындағы тақтайдан шегелей салған, қара шыбын үймелеген, ішіне кірсең, артың айналмайтын дәретхана өте лас, кәрі адамдар мен балалардың дәрет сындыруына ыңғайсыз, ішіне түсіп кете ме деп қорқасың. Абайдың 175 жылдығында сатып әкелген бағасы неше миллион теңгелік дәретхана істемей тұр. Қаңқасы сау болғанымен, ішкі жабдықтары жыл өтпей жатып, шағылып біткен-мыс. Оның үстіне, интернет те ұстамайды. Билет алу үшін қолма-қол ақшасы жоқтар телефонын көтеріп, сигнал аулап әлекке түседі. Жылдың төрт маусымында келген жұртты қарық қылады деген абайтану орталығы мен қызмет көрсету орталығы да жаздың үш-ақ айында үзіп-жұлып жұмыс істейтін көрінеді. Қыс кезінде оны ашқанмен, шығынын да өтемейді.

Келген қонақтарды қарсы алу, таныстыру жұмыстары да толық жүйеге түспеген тәрізді. Біз барған кезде кесенені таныс­тыратын қызметкерлер де жоқ, өзіміз аралап, әншейін далада жатқан бір кешенді аралап шыққандай күй кештік. Соның өзінде кесененің де келіспеген тұстарын көзіміз шалды. Жобалаушылар кешеннің су ағарын ойласпағандықтан, кешеннің төменгі қабаттарына су өтіп кетеді. Су өткен кешен ішіндегі мешіт көк сасып тұр. «Жылда ағартып біз де жалықтық. Жыл сайын құдағи қайтқанша қып істеп қояды, келесі жылы тағы су ағады. Мәселені түбегейлі шешуді ойлап жүрген ешкім жоқ» дейді «атымызды айтпаңызшы» деп өтінген азаматтар.

Абайдың 175 жылдық мерейтойында істелген жұмыстардың да асығыс, қолдың ұшымен істелгені көрініп тұр. Пирамида сияқты тас тақтайшаларға жазылған жазулар әлден өшіп, әріп үлкейткішпен көрсең де оқи алмайтын дәрежеге жеткен. Сосын ғой ақын Серікбайдың «Қазақша жазылған жазуды келген қонақтар көп оқып тоздырып жіберген екен, ә» деп мысқылдап жүргені. Әрине, мұның бәрін біз сынап, мінеу үшін емес, Абайға деген жанашырлықпен, қазаққа деген кіршіксіз сезіммен айтып отырмыз. Абаймен мақтанғанда аспандағы айды кеудемен соққанымызбен, отыз жыл бойы «дамыған елу елдің қатарына қосыламыз» деп емешегімізді үзіліп, ентіккенімізбен Абай және Абайға қатысты жұмыстарымыз ақсап тұрса, ол елдігімізге сын, аруақтан да ұят. Сондықтан Абайдан түскен қаржыны Абайдың өзінен аямай, жыл сайын бір мәселені түбегейлі шешіп отыру керек. Өз басым, бұл жұмысқа мемлекеттік деңгейде назар аударылуы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ тұтас Жидебай бойының саяхат шаруашылығын жандандыру үшін сол төңірекке жоспарлы түрде ел қоныстандырып, сауда орындарын, әртүрлі кешендер салу жұмысын да ертерек ойласқан жөн секілді. Өйткені дәл қазіргідей тәсілмен, Абай жатқан алқаптың танымдық туризмін өркендету өте қиын.

Кітапханаға ұлттық мәртебе берсек...

Жидебайда Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы орталыққа астаналық ақын-жазушылардың кітаптарын ұсынып, кәделі сыйлық жасаған соң, түс қайта жолға шығып, жолда «Еңлік-Кебек» кесенесіне, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйіне зиярат жасап, Күшікбай бұлағына аялдап, қас қарайған сәтте Семейге қайтып келдік. Кеште Семей қаласындағы жас қаламгерлер дастарқан жайып, үлкен ілтипат көрсетті.

Семей жеріндегі сапарымыз­дың соңғы күні де аса мағыналы болды. Түстен бұрын Абай атындағы кітапханада жергілікті мәдениет қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездестік. Кездесуді ұйымдастырып, жүргізген Абай атындағы кітапхананың директоры Мерей Қарт кітапханада қазір 5500-нан артық сирек қордың барлығын тілге тиек етіп, олардың арасында ғылыми айналымға түспеген, әлі шалғы тимеген еңбектердің де барлығын атап өтті. Осыдан кейін баяндамашылар дерекқордағы Абай туралы, Шәкәрімнің фотосуреттері қалай табылғаны туралы қызықты деректер айтты. Әсіресе, қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Шәкәрімнің Шыңғыстау баурайында түскен фотосын қалай тапқанын егжей-тегжейлі түсіндірген Лаура Қадыр бізге Шәкәрімнің 3 фотосы жайлы тамаша түсінік берді. Кездесу соңында сапарластар атынан сөз алған Дәулеткерей Кәпұлы керемет кездесу ұйымдастырған әріптестеріне алғыс айтып, кітапханаға арнайы ала барған кітаптарын сыйға тартты. Сондай-ақ ол кітапхананың ұлттық мәртебе алуға әбден лайық екенін айрықша атап өтті.

Кездесуден кейін Абай, Әлихан Бөкейханов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойған рухани сапардың мүшелері Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне барып, Абай дүниеден озғанына 120 жыл толуына орай ұйымдас­тырылған «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» көрмесіне қатысып, Абай жайлы сирек қордағы материалдармен таныс­ты. Сондай-ақ биыл аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының туғанына – 220 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмені де өзі ертіп жүріп таныстырған «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева Құнанбай қажыдан бірде-бір фотосурет сақталмағанын, кейбіреулер «Құнанбайдың фотосы» деп жүрген фотоның басқа адамның фотосы екенін де есімізге салды.

Жалпы Семей алқабы тарихи рухани туризмге сұранып тұр. Тек қаланың өзінде туристерді баурайтын көне нысандар да аз емес. Ал өлкетану тұрғысынан айтсақ, Шыңғыстаудың алқабындағы ескерткіш, кесенелер, тарихи жерлер өте көп. Ендігі мәселе жаңадан шаңырақ көтерген облыс осы бір артықшылығын ескеріп, өңірлік туризмді дамытуға ден қойып, туризмді ілгері бастыруға кедергі боп отырған үлкенді-кішілі мәселелерді түбегейлі шешім етіп, Семейді серпілтуінде тұр…

Осылайша 19 маусымнан 21 маусымға дейін жалғасқан сапардан үлкен рухани олжамен қайттық. Жалпы Астана қаласының бұл бастамасын бүкіл Қазақстанның облыс, аудан, қалалары да жалғастырып, ыңғайы келсе оқушыларды қамтуға дейін тырысса, бұл, бір жағынан, еліміздің өлкетану істерін жандандырып ғана қоймай, ішкі туризмнің дамуына да оң серпін берер еді. «Ұлылар мекені…» сапарынан біз осындай үмітпен оралдық…

Астана – Семей –
Жидебай – Астана

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button