Ел тынысы

Жұмыла көтерген жүк жеңіл



Ел тарихына көз салсақ, қазақ жеріне жүйелі түрде орыс шаруаларын орналастыру ХІХ ғасырдың 70-жылдарында басталыпты. Олар елдің құнарлы жерін жайлады. Олардың жағдайын жасауға бағытталған бекіністер салынып, шағын қалалардың іргетасы қаланды. Одан бері түрлі жағдайға байланысты қазақ даласына немістер, корейлер, гректер, кавказдар тұтасымен отырған жерінен қуғындалып, қазақ құшағын паналады. Тың көтеру кезінде де сырттан келген өзге ұлт өкілдері саны басым түсіп, қазақтар өз жерінде азшылыққа айналды.

90-жылдары бұрындары Кеңес Одағының құрамында болған республикалар тәуелсіздігін алып, алдымен еңсесін тіктемей, бұрында кеткен кегін қайтаруға асыққан елдер де болды. Осындай сындарлы сәтте қазақтың кеңдігі тағы сынға түсіп, ірілігін көрсетті. Ешкімге «кет» деген жоқ, кеткендері қайта оралса, «неге келдің?» демеді. Қазақтың өзінің даласындай кеңдік пен мейірімі өзге ұлт өкілдерінің таңдауына әсер етті. Олар өздерінің және ұрпағының болашағын қазақ жұртымен, қазақ елімен бірге өніп, бірге өсемін дегендердің қатарын көбейтіп, елдің келешегіне сенімін нығайтты.

Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы барлық этнос өкілдерінің, этникалық топтардың басын құрып, бір халыққа айналдыру мақсатында көп жұмыс атқаруда. Бәріміз бір халықтың өкілі ретінде бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқанымызды жақсы сезініп келеміз. Бұл сезім «кім болсаң да біз бір халықпыз, тарихымыз да бір, болашағымыз да бір» деген ұстанымды алға шығарды. Осы тұжырымды, көзқарасты жылдар бойында қалыптас­тырып келдік. Бұл да қоғам дамуындағы бір саты болатын. Әсіресе алғашқы жылдары бір жүйеден екіншісіне ауысқан кезде осы мәселеге басымдық берілмей, оның қажеттігін бірден сезініп, бірдей ойлауға мүмкін болмады. Жылдар өтіп, мемлекетіміздің мәртебесі асып, алға озған сайын үлкен елдің бір бөлшегі ретінде сезіну әркімге де жеңілірек. Жылдар белесінде қазақтың кең жүрегінің шуағын көріп, жақсылығын көргендер өтіп кетті. Олардың ұрпақтарының да жасы ұлғайды. Енді сыйластыққа сызат түсірмей, бабаларымыздың адам сүю қағидатын жанымызға жалау етіп, бейбіт өмір сүрудің амалын ұстанып, осы бірлігімізді сақтау керек.

Бабаларымыз үлкен жүрегімен, аялы алақанымен жалпыадамзатттық құндылықтың дәнін сеуіп кетті. Өркендеп жайған бәйтеректің саясында жайқалған біздің қандай жұмыс атқарып, бағытымыздың көкжиегін ассамблея құрамындағы барлық құрылым бірлесе белгілеп, сол жолда еңбек етуде. Расында да, осы жылдары ассамблея өз қазанында қайнады деуге болады. Алғашқы күндерден бастап әрбір этномәдени орталықтар өзінің тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін дәріптеп, өз ұлтының тарихын зерттеп білуге ден қойды. Бұл да этностар үшін аса қажет болатын, оған мемлекетіміз барлық мүмкіндікті жасады. Мемлекет құрушы қазақ халқы да этнос өкілдерінің қажеттілігін түсініп, қолынан да, жолынан да қаққан жоқ, түсінікпен қарады.

Ендігі жаңа кезеңде барлық этносты бір іске ұйытып, бір биікке жетелейтін, бірлігін баянды ететін, ортақ құндылықты дәріптейтін уақыт келді. Біз барша этнос өкілі бір шаңырақтың астында әрі қарай жасап, жаңаруға қажетті қазақ халқының ұлттық құндылықтарын таңдап отыр­мыз. Сонда ғана бірлігіміз баянды болады. Халқымыздың құндылығының құнарында өскен халыққа оны айтпаса да түсінікті. Қақаған қыста жер ауып келгендерге қалқа болған қазақтың қасиетін бәрі біледі, қазіргі жастар да естіп өсті. Енді сол құндылықтардың басында мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі тұр. Осы бағытта қазіргі күнде ҚХА тарапынан үлкен жұмыс жүзеге асуда. Қатарынан бірнеше мәрте өткізілген «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы мемлекеттік тілдің жанашыр­ларын қазақ тілін үйренуге қызығушылықты арттыруға арналған. Жасы келген азаматтарға қиындық көрсетіп, қысым жасамайық деп қажет жерінде орыс тілінде мәліметтер жеткізіп жатырмыз. Бірақ жастарымызға талап басқаша. Олардың арасынан мемлекеттік тілді жетік меңгергенін үлгі ретінде басқаларына көрсетіп жатырмыз. Негізі, тіл үйрену қиын емес. Өзім, мысалы, сегіз тілді меңгергенмін. Адам қаншама тіл білсе, соншалықты рухты, бай болады. Бөтен тілді игеру арқылы оның өткен тарихын, мәдениетін, әдебиетін оқисың. Сол арқылы өзің де кемелдене түсесің. Бүгінде кез келген тілді меңгеру үшін ешқандай қиындық жоқ. Ол үшін не болу керек? Жүректе махаббат болса, өзін елінің патриоты сезінсе жеткілікті. Патриоттық сезім қайдан келеді, қалай танимыз дегенде мемлекеттік тілді меңгергенін оның басты көрсеткіші дер едім. Тілін білгенге қазақ халқының құрметі асады, ризашылығы болады. Өйткені мемлекеттік тілді жоғары дәрежеге көтеру арқылы қазақ халқын сыйлап жатырсың, құрметің деп қабыл алады. Қазақ халқы сыйлағанды да сыйлауды біледі. Халықтың қанындағы, анасының сүтімен бітетін кеңпейілдік, сабырлылық, жанашырлық өзгенің қайғысын өзінікіндей көретін, қолындағысымен бөлісетінін талай мәрте дәлелдеді. Қазір ондай заман жоқ. Сонда да адамзатты өз биігінде ұлықтайтын құндылықтарымыз шегініп барады. Осы мәселелерде бір-біріне деген құрметті арттыру жолдарын іздестірген жөн. Қазақ халқына рақметіңді тілін меңгерумен, осы жерге елге қызметіңмен көрсет деген ойды жастарға айтып, бағыттап отырмыз. Сол кезде бірлігімізді сақтай аламыз. Бір тілде сөйлеп, бір тілде ойлай алсақ, жүрегіміз де сол тілде соғады. Шынайы бірлік тірлігімізді шырайландырады. Әрине, әртүрлі пікір айтылады. Қазақ тілін үйрен деп тым қатты айтудың қажеті жоқ, өздері осы шешімге келеді деген пікір бар. Әрине, біз сабырлы халықпыз. Сайып келгенде, қазақ тілін білу – өзге этностардың өздері үшін, осы халықты жақсы түсініп, оның қасиетін ұғыну үшін, халықтың өткен тарихын зерттеп білу үшін алдымен өздеріне керек. Байырғы тұрғындардың тіл білмегені ендігі жерде үлкен сын. Қаншама шетелдік келіп, аз уақыттың ішінде қазақша сөйлеп жатыр. Елде барлық мүмкіндік, орта бар, одан қалды тегін тіл үйрену курсы жұмыс істеп тұрғанда бұл мәселе неге кейінге қалу керек деген сұрақ туындайды.

Мен ҚХА айналасында атқарылып жатқан істерге тоқталдым. Және тағы бір айтатын нәрсе, осы мәселені насихаттап, дәріптеп жүрген басқа да қоғамдық ұйымдарды көрмедік. Бұл жұмыс тек ҚХА жұмысы емес, әрбір азаматтың, әрбір қазақстандықтың жұмысы ғой. Сондықтан осыған әрбір азамат жанашырлықпен қарау керек. Біз болашақта да осы жерде, осы елде балаларымыздың бірлікте, татулықта, ынтымақта өмір сүруін қалаймыз ба? Ендеше бүгіннен бастаңыздар. Барлығымыз осы ниетте болсақ, отбасы мүшелері, көрші-қолаң мен айналадағы дос-жаран – барлық адамға осы ойды жеткізу жеңіл. Оның жемісі де болады. Олардың ойларының түбегейлі өзгеруіне атсалысуымыз керек. Бәріміз бір ниетпен біріккенде, бірлесе кіріскенде жақсы нәтижеге жетеміз.

Біздің қоғам да адамның біртұтас тәні сияқты. Оның бір жері ауырса, жабылып сол жерді емдеу, кедергіні жоюға күш салуымыз керек.

Мейірім мен қайырым – бізге ата-бабаларымыздан қалған қасиет. Халықтың басына қандай да бір қиын іс түссе, сол қиындықты жеңілдетуге тырысамыз. Осындай бізді біріктіретін құндылықтардың айналасында ұйысатын болсақ, кем болмаймыз.

Қоғамда ассамблеяның қажеті не, керек емес деген пікірлер айтылып қалады. Әркім өз пікірін білдіруге құқылы, десек те барлық этномәдени бірлестіктің басын қосатын, жұмысын үйлестіретін қоғамдық ұйым ретінде ҚХА өз жұмысын дұрыс атқарып отыр. Ассамблеяның басты мақсаты – қоғамдық келісім мен бірлікті қалыптас­тыру және оны сақтау. Бізде үкіметтік емес ұйымдар, түрлі қоғамдық ұйымдар, әртүрлі бірлестіктер, қауымдастықтар, қорлар бар. Олар әртүрлі мақсатта құрылып, қолданыстағы заң шеңберінде қызметін жүргізеді. Осы ретте ел бірлігімен тікелей айналысатын басты ұйым ретінде неге жұмыс істемеуі керек?! Көбіне бұл пікірді ассамблея жұмысынан бейхабар, ұйымның қаншалықты маңызды екенін жете түсіне бермейтіндер айтады. Тағы бір ескеретін нәрсе, бұл ұйым жұмысын қоғамдық жұмыс ретінде ақысыз жүргізеді.

Меніңше, басқа да ұйымдардың ассамблея жұмысына, сонымен қатар, барша қазақ­стандықтың сырттан бақылау­шы емес, бірге жүріп белсене қызмет етуіне мүмкіндік беріп, қанатын кең жаюға ықпал еткен жөн болар. Негізінде, барлық этномәдени орталық жұмысына қатысып, келем деушілерге есік ашық. Түрлі жиынға, іс-шараға шақырып та жатамыз. Белсенділік танытып, жұмысымыздың басында бірге жүргенде көптеген кедергі өздігінен шешіледі деп ойлаймыз.

Шерзод ПУЛАТОВ,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай
мүшесі, Қазақстан
халқы ассамблеясы
республикалық медиация кеңесінің төрағасы,

Астана қаласы
өзбек этномәдени
орталығының төрағасы

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button