Басты ақпаратҚала мен Сала

Жұртшылықты не толғандырады?

Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия ғимаратында Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманбердінің тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Оған елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев, Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, қалалық басқармалардың басшылары мен жауапты мамандары қатысты.

Алдымен аудан дамуына белсенді атсалысып, әкімдік жұмысына зор ықыласын білдірген тұрғындарға алғысын жеткізген аудан әкімі одан әрі биылғы жартыжылдықта атқарылған игі істерге тоқтала келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Ел Президентінің Жол­дауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы біз үшін аудан тұрғындарымен жұмыс істеудегі негізгі қағиданың бірі деп білемін. Өздеріңіз білетіндей, Байқоңыр ауданының әкімдігі 2018 жылы 15 наурызда құрылды. Жалпы ауданы 18129 гектарды, халық саны 241221 адамды құрайды. Аудан құрылғаннан бері халық саны 32430-ға өсті. Жыл сайынғы өсім 5 мыңнан асып отыр, – деді Талғат Рахманберді.

Әлеуметтік көмек – басты назарда

Кез келген мемлекеттік орган секілді Байқоңыр ауданының әкімдігі де халықпен тығыз және сапалы жұмыс атқарып келеді. Аудан басшысы апта сайын азаматтарды қабылдап, жыл басынан бері 24 қабылдау және 48 аумақты аралау өткізгенін, жалпы алғанда, әртүрлі мәселе мен ұсынысын ортаға салған 374 адамды қабылдағанын атап өтті.

– Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Байқоңыр ауданы әкімдігінің аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 10891 өтініш келіп түсті. Бүгінде оның 92 пайызы орындалды. Қалған өтініштер бойынша жұмыс жүріп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде халықпен белсенді байланыс орнады. Жыл басынан бері барлығы 2 мыңнан астам сұрақ қабылданды және тұрғындардың абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық күтім және тұрғын үй-коммуналдық мәселелер бойынша өтініші қанағаттандырылды, – деді аудан әкімі.

Аудан жұртшылығымен жеке қабылдау барысында көтерілетін өзекті мәселенің бірі – әлеу­меттік көмек көрсету. Бұл бағытта 611 отбасына немесе 3049 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 388 млн теңге төленді. Міндетті мемлекеттік әлеуметтік төлемдерден басқа, 500-ге жуық әлеуметтік осал отбасына демеушілер есебінен түрлі материалдық көмек көрсетілді.

Аулалар жөнделіп, қалпына келді

Кез келген тұрғын үшін ең маңыздысы – үйі мен ауласы. Байқоңыр ауданындағы көп­қабатты қорда 249 аула болса, бүгінде оның 205-і абаттан­дырылған.

Аудан басшысының айтуынша, биыл 44 аула аумағын, оның ішінде 22 ауланы «Халық қатысатын бюджет» жобасымен абаттандыру жоспарлануда. Қазіргі таңда 3 аула абаттандырылды. Сондай-ақ 70 аула аумағында жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталды. Орамішілік жолдар мен аула аумақтарын асфальттау бо­йынша жұмыс жүруде. «Халық қатысатын бюджет» жобасы алдағы жылы да жалғасады.

Қоғамдық кеңістікті абаттандыру және жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Осы жылы аудан аумағында 7 қоғамдық кеңістік жайласты. Жұмыс маусымы басталғаннан бері мердігерлік ұйымдар орасан зор жөндеу-қалпына келтіру жұмысын жүргізді. Бұл жұмыстар – әкімдіктің тұрақты бақылауында.

Аудан аумағында 581 контейнерлік алаң бар, онда 1899 контейнер орналасқан. Бүгінгі таңда 80 контейнерлік алаңға жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді, сондай-ақ 4 жаңа алаң жабдықталды. Жыл соңына дейін 50-ге жуық алаңды жөндеу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау басқармасында қоқыс шығаруды жеткізуші бойынша конкурс жүруде.

Аудан аумағындағы 32 мердігер ұйым санитарлық тазалауды жүзеге асырады. Қысқы кезеңде 370 мамандандырылған техника мен 450 жол жұмысшысына қызмет көрсетеді. Санитарлық тазарту бойынша сапалы жұмыс жүргізу үшін мердігер ұйымдар биыл 28 мамандандырылған техника сатып алды. Ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 31 арнайы техника сатып алу жоспарланған. Осылайша, мамандандырылған техниканың жылжымалы құрамы 28 пайызға жаңарады.

Тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін ауданның жарықтандырылуына көп көңіл бөлінеді. Өткен жылы Қоянды саяжай алабында 62 көше жарықтандырылды, 9 көшеге жарықтандыру тірегі және 472 шам орнатылды. Жыл басынан бері және бүгінге дейін саябақ аймақтарында 15 саябақ тірегі орнатылып, 71 шам ауыстырылды. Көше жарығы бойынша 8 тірек орнатылып, 125-тен астам шам ауыстырылды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін 4 қоғамдық кеңістікте және 2 гүлзарда жарықтандыру жұмысын жүргізу көзделуде, оның барысында 118 саябақ жарықтандыру тірегін орнату және 250-ден астам көше және орамішілік жарықтандыру шамын ауыстыру жоспарланып отыр.

Көгалдандыруға көп көңіл бөлініп келеді. Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 657 ағаш және 106 бұта отырғызылды. 8747 шаршы метр аумаққа көпжылдық және біржылдық гүлдер, декоративті, гүлді бұталар мен бұталы қоршаулар отырғызылды.

Реновация мәселелері маңызды

Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау аясында аудан әкімдігі биыл жыл басынан бері алғаш рет жеке инвесторлар есебінен тұрғын үй қорын жаңарту жобасын іске асыруда. Қазіргі уақытта 6 инвестор бастама көтерді. Бұл – «BI Group», «Менің үйім MWC» компаниялар тобы, «Галамат групп» құрылыс фирмасы, «Стройкласс» құрылыс компаниясы, «Open development» ЖШС сияқты компаниялар. Жөндеуге бөлінген учаскелер­дің жалпы ауданы 21 гектар жерді құрайды, 24 гектар жер қосымша ресімдеу сатысында.

– Бас жоспарға сәйкес, жаңа және заманауи көпқабатты тұрғын үйлер салу жоспарлануда. Апатты, тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, қайта жаңарту аясында инвесторлар есебінен 614 учаскеде 705-тен астам нысанды бұзу жоспарлануда. Бұл бағытта халықпен түсіндіру жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар әлеуетті ин­­весторларды іздеу жалғасуда, – деді Талғат Рахманберді.

Айтуынша, «Астана қаласының 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңғырту» бюджеттік жобасын іске асыру шеңберінде аудан бойынша апатты деп танылған 103 үй бұзылуға жатады. Осы жылы Кирпичный тұрғын алабында – 3, Биші қайың көшесінде – 27, А.Янушкевич көшесінде – 1, Ш.Жиенқұлова көшесінде – 3, Асан қайғы көшесінде – 15, барлығы 49 үй бұзылды. Жыл соңына дейін тағы 9 үйді бұзу жоспарланып отыр.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан игі істерге тоқтала келе, аудан әкімі қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 7,4 км 10 көшені, оның ішінде ұзындығы 5,07 км 7 орталық көшені, ұзындығы 1,7 км Өндіріс тұрғын алабындағы 2 көшені және ұзындығы 0,65 км Кирпичный тұрғын алабындағы 1 көшені жөндеу жұмысы жүріп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ аудан аумағындағы ұзындығы 4,5 км пандусы бар жаяу жүргіншілер жолы жөнделуде. Бүгінгі таңда 54 көшеде жөндеу-қалпына келтіру жұмысы аяқталды.

Қоғамдық көлікте іркіліс жоқ

Байқоңыр ауданы тұрғындарына 52 маршруттық көлік қызмет көрсетеді, оның ішінде 1 саяжай маршруты, 49 қалалық және 2 қала маңындағы қатынас жүзеге асуда. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласының қоғамдық көліктерінде қозғалыс кестесін оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

– Жыл басынан бері Yutong маркалы 50 орындық 26 автобус сатып алынды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Жыл соңына дейін қоғамдық көліктер әлі де жаңарады. ІІІ тоқсанда жаңа қоғамдық көліктер сатып алынатынын ескере отырып, тасымалдаушылардың көлемі бойынша 18 маршрутта автобус санын 55-ке ұлғайту жоспар­лануда, – деді аудан әкімі.

Аудан аумағында 227 аялдама орны бар (оның ішінде ашық үлгідегісі – 150, жабық әрі жылысы – 39 аялдама). Жыл басынан бері 9 жылы аялдама кешені орнатылды, оның 7-еуі бюджет есебінен, 2-еуі инвестор есебінен жүзеге асты. Жыл соңына дейін тағы 4 жылы аялдама орнатылады. Сондай-ақ 11 ашық аялдама орнату жоспарлануда.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда аудан бойынша 2083 бейнебақылау камерасы орнатылды. Нәтижесінде аудан аумағында тіркелген қылмыс саны 4,5 пайызға, оның ішінде қоғамдық орындардағы қылмыс 11 пайызға және көшелердегі қылмыс 0,9 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 39,9 пайызға, тонау 25 пайызға төмендеген.

«Бұл – ағымдағы жылы халық алдындағы алғашқы есеп беру кездесуіміз. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Ауданымыздың игілігі үшін әлі де маңызды шешімдер қабылданып, іске асатынына сенімдімін. Тұрғындармен тығыз байланыста болып, туындаған кез келген мәселені өздеріңізбен бірлесе шешу үшін жұмыла еңбек етеміз» деді Талғат Рахманберді.

Төрт сағатқа созылған кездесуде әлеуметтік көмек, шет аймақтарды дамыту, қоғамдық көліктердің бағытын арттыру, көшелерді абаттандыру, қала ортасын жақсарту, әлеуметтік нысандардың құрылысы жөнінде 32 адам 78 сұрақ қо­йып, өтінішін жеткізді. Оларға жауап бере келе, аудан әкімі бұл мәселелердің бірде-біреуі ескерусіз қалмайтынын, барлық жағдай тексеріліп, бақылауға алынатынын айтты.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button