Басты ақпаратҚұқық

Жұрты үшін қызмет еткен жұп

Полиция қызметкерінің ішкі өмірлері тұңғиық та жұмбақ болып сезіледі. Алайда қызметтік формасын киіп, қашанда әр қадамын аңдып басатын бұл саланың мамандары сырт көзге қатыгез көрінгенімен, олар да – жылы жүрек пен нәзік сезімнің иесі. Сақшылардың да отбасы, бала-шағасы бар. Бір шаңырақ астында, бір қызмет саласында да бірге жүріп, «Отан отбасынан басталады» деген қағиданы қатаң ұстанып, жұп болып жұртқа қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларының қатарында Мұқұшевтар отбасын айрықша атап өтуге болады.

Аталған отбасының отағасы болып отырған Ринат Серікұлы, 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Бурабай ауылында дүниеге келген. Ол өзінің балалығы туралы айтқанда, ауыл туралы еске алмау мүмкін еместігін айтады. Сонымен қатар ол өзінің оқушы күннен алғыр болғанын да жасырмады.

– Мен 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Бурабай ауылында орналасқан Бурабай орта мектебіне 1-сыныпқа оқуға түсіп, 3 сыныпқа дейін сонда оқыдым. 1997 жылы отбасылық жағдайға байланысты Лениногорск қаласына көшіп, сол жердегі №15 орта мектебінде оқуымды жалғастырдым. 2003 жылы жоғарыда аталған мектепті бітіріп, сол жылы орта білім алу мақсатында Риддер қаласындағы кәсіптік-техникалық мектептің 7-бастауыш кәсіптік оқыту орталығына оқуға түстім. 2007 жылы Риддер қаласының қалалық әскери комиссариаты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне мерзімді қызметке шақырылып, Зайсан қаласында бір жыл әскери міндетімді өтедім. 2009 жылы аталған қаладағы Нұрғалиев атындағы Гуманитарлық колледжге оқуға түсіп, 2011 жылы осы колледжді Құқықтану мамандығы бойынша бітірдім. Сол жылы Қазақстан – Америка еркін университетіне, заң факультетіне сырттай оқуға қабылданып, 2014 жылы аталған университетті тәмамдап, 2008 жылдан бастап Риддер қаласының полиция департаментінде, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Астана қаласы ПД Полиция басқармасы Жедел-криминалистикалық бөлімінде қызмет атқарып келемін, – деп өз өмірін жіпке тізгендей қылып айтып берген ол қазіргі кезде халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқанын айтады.

– Негізі халық бізді басқаша ойлайды. Шын мәнінде біз де адамбыз. Мысалы, менің де туыс-туғандарым, көршілерім бар. Мен өзім соларға жақсы қарым-қатынас пен үлгі көрсету арқылы полицияның ел алдындағы абырой бет-беделін көтеруге жұмыс жасап жүрмін деп ойлаймын. Өйткені «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейхановтың сөзі бар. Полицейлер, ең бірінші, халыққа сол мінезі арқылы қызмет етіп бастай білуі керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Әрине, «мықты жігіттің артында жақсы әйел тұрады» демекші, Мұқұшевтар отбасының ошағының отын өшірмей, берекесін кіргізіп отырған Ринаттың аяулы жары Рабиға Еркебайқызы да полиция қызметкері болып жұмыс істейді.

Жалпы ерлі-зайыптылардың екеуі де құқық қорғау органдарында 18 жылдан астам қызмет етіп келеді. Олар 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қызметте жүріп танысқан. Алғашқы таныс­тықтарын есіне алған Рабиға Мұқұшева күйеуінің батылдығы мен сыпайылығына тәнті болғанын айтады.

– Қыз бала үшін ең әуелі өзіне қорған керек. Әрине, менде полиция қызметкері болғаныммен, табиғатым бәрібір нәзіктіктен жаралған. Сондықтан да мен Ринатты көргенде бірінші өзіме қорған, отбасыма тіреу болатын азамат екенін сезіндім. Бірақ біз де бірден қол ұстасып кеткен махаббат болған жоқ. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп аталарымыз айтпақшы, Ринат екеуміз болашақ тағдырымызды қосу жолында көп ойландық. Ақыры бір-бірімізге сүйеу бола алатынымызға сенген кезден бастап бас құрауға бел будық. Қазіргі таңда екі баламыз бар. Бақытты отбасымыз. Ер азамат өз мойнындағы отбасына деген жауапкершілігін толықтай сезінген кезде үйде береке болады деп есептеймін. Ал Ринат маған адал жар, балаларыма жақсы әке бола білді. Мен оның бойындағы қазақы қасиеті мен ер-жігітке тән мінезін құрметтеймін, – дейді Рабиға Еркебайқызы.

Иә, аққу мен қаздай, жұптарын жазбай жүрген қос полиция үшін әрбір күн махаббат, әрбір минут естелік. Рабиға өзінің отбасы
туралы ойын айта келе, шаңырақты шайқалтпай ұстау­дың сыры неде екендігіне де тоқталды.

– Берік отбасын құрып, оны ұстап тұрудың сыры – ыстық махаббат пен адал сенімде. Біз әдетте отбасының берекесі, сол үйдегі сүйіспеншілікке байланысты деп жатамыз. Меніңше, адамдар да сүйіспеншілік болмаса үйленбес еді. Сондықтан шаңырақ көтерген жастарға сүйіспеншіліктен басқа, төзімділік пен кешірімділік де ауадай қажет. Екі адам бірін-бірі тығырыққа тіремей түсінген кезде ғана ол отбасында бақыттың сәулесі жарқырай түседі, – дейді ол.

Шынында да бақыт қажыр­лықпен қайраты тоғысқан екі адамның есігінен ғана қарайтыны анық. Сондықтан да домбыраның қос ішегіндей, түйенің екі өркешіндей болып өмір мен тұрмысты, мамандық пен жұмысты бірге алып жүрген Ринат пен Рабиғадай жандар қашанда елдің елеулісі, халықтың қалаулысы бола бергей.

Шапағат ӘБДІР

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button