Қоғам

Зұлмат заман – ұрпаққа сабақ



Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің  бірі  – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық.

Кеңес билігінің солақай саясаты 1932-1937 жылдары қазақ даласында зұлмат заман тудырған еді. Анықталған деректерге сүйенсек,  бізде 100 мыңнан аса адам нақақтан жазаланып, қуғын-сүргінге ұшырады, соның 25 мыңы атылған екен. Оққа ұшқандардың дені қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық Алаштың арда ұлдары еді.

Тіпті халық саны көп емес Ақтоғай ауданында сол жылдары 235 адам жазықсыз жауапқа тартылған. Оған бірден-бір себеп – Алаш қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақбаевтың осы өңірдің тумалары болғаны.

Жантүршігерлік, әділетсіз оқиғалар қазақ ауылдарының талайында орын алғаны – тарихи шындық. Осыған қарсылық ретінде қазақ жерінде 370-тен аса бұқаралық көтерілістер мен наразылық акция­сы болған. Оның ішінде Абыралы, Созақ, Адай көтерілістері сияқты ірілерімен қоса, Балқаш-Ақтоғай өңірінде өткен Тоқырауын көтерілісі де бар. Қан жосамен басылған ­ереуілдер туралы деректер егемендікке дейін өте құпия сақталды.

2020 жылдың 24 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, жедел комиссия жұмысын бастап кеткен еді. Бүгінде комиссия жинаған әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық кітаптар Президентке таныстырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Зұлмат кезеңде аталған, қатыгез қуғын-сүргін жантүршігерлік жайттардың айқын көрінісін кішкене ғана, 500 адамнан асар-аспас тұрғыны болған Ортадересін ауылының сол жылдардағы тағдырынан байқаймыз. Архивтерден табылған ресми құжаттардан білгеніміз: бір қылмыстық іс бойынша  1937 жылы жалған жаламен ортадересіндік 14 адам сотталып, оның 6-уы өлім жазасына кесілген. Осыған орай кейбір жайттарға аса көңіл аударғанды жөн санадық. Ондағы мақсатымыз:

– Сол кездегі жазалаушы ­органдардың (Кеңес өкіметінің) қитұрқы саясатын, арам пиғылын, жымысқы істерін атап өту;

– Құрбан болған, кейін толық ақталған, кінәсіз әкелеріміздің адал атын ардақтау;

– Сол зымиян, қатыгез кезеңде де қарапайым ауыл адамдарының ішінен жеке басына төнер қауіптен қаймықпай, нақақтан жазаланған ауылдастарының еш кінәсіз болғанын көрсетіп, ақтауға жанын салғанын көрсету. Ол әкелерімен ұрпақтары мақтана алатынын нақтылау;

– Жазықсыз құрбан болған әкелеріміздің жұбайларының 20 жылдай таймай сұрау салып, ерлерінің ақталып, тірі келетініне сеніммен өткеніне иіліп тағзым ету;

Жауапқа тартып, іс жүргізгендер, ауылдастарымыздың тағдырын шешкен НКВД-ның жендеттері көбіне басқа ұлттың өкілдері болған (Духович, Зайнулин, Никитин және ­т. ­б.),  қылмыстық іс тек орыс тілінде жүргізілген.

Біз әңгіме қылып отырған қылмыстық іс бойынша жалған жаламен жазаланып, сотталған 14 азаматты атап айтсақ, олар (құжаттар бойын­ша): Қасанхан ­Жаңабергенов, Ахмет Исин, ­Қалай Айтжанов, Қасым Әбілдинов, ­Амарғали Байжұманов, Қапас ­Иманбаев, ­Бағорай ­Байжанов, Жәсембек Шәйкенов, Қабжан ­Молдаханов, Садық ­Махажанов, Әбдірахман Ибраев, Ахметжан Давлетпаков, Шахабай Ілиясов, Ілияс Рахимов. Оның 12-сі Ортадересіннің тумалары да, соңғы әкелі-балалы екеуі осы ауылдағы қосалқы шаруашылықтың қатардағы жұмыскерлері, Егіншілдік ауданының тумалары екен.

Бәрі де 1937 жылдың 20 желтоқсанында РСФСР-дің Қылмыстық кодексінің 58-бабының 9, 10 және 11-тармақтары бойынша жауапқа тартылған. Тергеуді жаңа ғана бой көтеріп келе жатқан Балқаш қаласының ІІХК (НКВД) бөлімшесі қозғаған. 7 күннен кейін қылмыс­тық іс Қарағанды қаласының ІІХК (НКВД) бөлімшесіне түсіп, ондағы «Үштік» жауапқа тартылғандардың алдыңғы 6-ын ату жазасына кесуге үкім шығарған. Бұл үкім  11 күннен кейін орындалған. Қалған 8-не 10 жылдан бас бостандығынан айырып,  «концлагерьге» түрмеде отыруды кескен.  Тергеу, сот құжаттарынан  көріп, оқып, «концлагерь» деген ұғымның неміс фашистерінде ғана емес, советтік мемлекетте де болған шындығын жанын түршіге еріксіз мойындайсыз.

Жоғарыда аталған 6 азамат 1937 жылы іс қозғалғаннан кейін 18 күннің ішінде атылып кеткеніне қарамай, олардың іс-қағаздарында «для родственников – умер в 1942 году от гипертонии» деп жазылған. Сол кездегі Кеңес өкіметінің өкілдері 1957 жылға дейін шындықты жақындарына айтпай, жасырып келген. Жиырма  жыл бойы Ахмет Исиннің зайыбы Ұлбөбек Исаева және Қапас Иманбаевтың зайыбы Қамила  Иманбаева шешелеріміз үміттерін үзбей, бармаған жері қалмай, барлық инстанцияларға сұрау салумен болған.

Айта кететін жайт, аталған адамдарды жауапқа тартқан кезде Ортадересін шаруашылығына қастандық жасады деген бастапқы жаламен қоса, 5 жыл бұрын өткен Тоқырауын көтерілісіне («байское восстание» делінген) қатысқандарын  теліп, алдыңғы 6-ын ату жазасына кескен.

Құжаттарды тереңірек зерттеу барысында сол кезеңнің әлі де болса «сталиндік режимнің» қаһарының азаймай тұрғанына қарамай, ауылдастар  арасынан нақаққа кеткендердің кінәсіз, таза екенін дәлелдеп, жиналыс жасап, онда жазаланғандарды ақтап ­сөйлеген қарапайым ауыл азаматтары Сағат Ақаев, Мәулен Бәкіров, Қабан ­Үмбетовтерді және «тергеуші менің айтпағанымды өтірік жазыпты» деген Мырзали Мұқановты (кейінде елге сыйлы ақсақал болғандар, ол кезде қылшылдаған жас жігіттер) жүрек жұтқан батырлар екен десек қателеспейміз.

Әрине, адамдардың бәрі бірдей емес, өкінішке қарай, ел ішінде ­жауапқа тартылғандарды көрсетіп, жала жапқандар да бар еді. Ондай рөлді кейбіреуі өз ынтасымен ­атқарса, енді бірі  ІІХК (НКВД) жендеттерінің зорлау, қинау қимылдарына шыдай алмағаны байқалады. Аттарын атамай-ақ қояйық. Жамандық ойлап,  жала жапқандардың жазасы қайтсе де, Алладан қайтатыны белгілі. Солай болды да. Жоғарыда аттары аталған, жазаланған азаматтардың ісі 1957 жылы қайта қаралып, олар толығымен ақталды. Осындай қуғын-сүргін кезеңінде жазаланып, шейіт болған немесе ұзақ жылдар түрмеге қамалған әкелерімізді ақтау, ардақтау, тағдырынан сабақ алу – азаматтық борышымыз.

Нақақтан  жазаланып, құрбан болған ауыл азаматтарына ­Ортадересін ауылының бүгінгі тұрғындары, марқұмдардың ұрпақтары арнайы, ортақ құлпытас орнатып, кейінгі жеткіншектер біліп, тағзым ететін жағдай жасаса деген тілек білдіріп, оның орындалатынына үміттенеміз. Жазықсыз жазаланғандардың тағдыры – кейінгі ұрпаққа сабақ. Мұндай іс-шара өлгендерге емес, тірілерге қажет.

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,

Орталық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары,

Қуат ӘБДІКЕШҰЛЫ,

доғарыстағы полиция

полковнигі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button