Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Зұлмат жылдар ұмытылмайды



Астана қаласы мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Зұлмат жылдар ұмытылмайды» атты дөңгелек үстел өтті. Аталмыш іс-шараға тарихшы ғалымдар, Астана халықаралық университетінің тарих факультетінің студенттері, архив ­қызметкерлері қатысты.

Іс-шараға қатысушылар 1920-1930 жылдардағы зұлмат заман қасіретін айғақтайтын архив құжаттарының көрмесімен танысты.

Сонымен қатар, Астана қаласы мемлекеттік архивінің кітапхана қорына түскен, 2023 жылы жарық көрген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары (XX ғасырдың 20–50 жылдары)» көптомдығының 34-52 томдарының таныстырылымы болды. Бұл жинақтың 48 томы Астана қаласы мемлекеттік архивінің құжаттары бойынша дайындалған.

Алғашқы сөз кезегін алған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Астана қаласындағы филиалының директоры, PhD докторы Махаббат  Қозыбаева 2020 жылы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің 2021-2023 жылдардағы атқарған жұмысы туралы жан-жақты баяндап өтті. Жобалық кеңсе жетекшісі, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымовтың жетекшілігімен өңірлік комиссиялар құру, олардың жұмыс топтарымен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру тәжірибесіне тоқталды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің аймақтану кафедрасының профессоры Құрманғали Ғазезұлының 1920-1930-шы жылдардағы қазақ ауылының ахуалы, сол жылдардағы ашаршылықтың себебі туралы шетелдік ғалымдардың пікірі және қазақ зиялыларының тағдыры туралы баяндамасы қызығушылық тудырды.

Тарихшы ғалым қазақ жерінде аштықтың тууына, халықтың тоз-тоз болып, босып кетуіне ет және астық дайындау науқанымен қатар бірнеше субъективті факторлар, 1925-1933 жылдары Қазақстанда қызмет істеген Голощекиннің саясаты, Голощекинмен бірге билікте болған қазақ большевиктері, ұлт мүддесін ойлайтын қазақ зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырауы әсер еткенін атап өтті.

Президенттің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 қаулысымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия және осы комиссия аясында құрылған өңірлік комиссиялар кешенді зерттеулер жүргізіп, өзекті мәселенің қайта көтерілуіне ықпал еткенін, қазақ жеріндегі аштықты шынайы бағалау, таразылау маңыз­дылығына назар аудартты.

Астана халықаралық университетінің педагогика кафедрасының профессоры Қанат Өскембаев:

«Өткен ғасырдың 20-жылдары басталған «Қызыл қудалау» науқаны 1950-ші жылдардың басына дейін жалғасты. Кеңес үкіметінің жүгенсіздігі миллиондаған адамдардың жанын қиды, көз жасын төккізіп, қасірет шеккізді. Аштық – қазақтың тең жартысын жалмаған ұлттың ұлы қасіреті. ХХ ғ. болған ашаршылықтарға жеке-жеке тоқталып өтсек, олар: бірінші, 1918-1919 жылдары, қазақ ауылы ақ пен қызылдардың тонауына ұшырап, салдарынан 1 млн 214 мың қазақ аштан қырылуы; екіншіден, Азамат соғысы және одан кейінгі 1920-1922 жылдары шыққан «азық-түлік салғырты (продразверстка) кезіндегі аштықтан, аштықпен күрес комиссиясын басқарған Мұхтар Әуезов баяндамасы бойынша, 1922 жылы аяғында 1 млн 700 мың қазақ қырылған; ең сорақысы, үшіншіден, Қазақстанда сол 1931-1933 жылдардағы аштықтан 2 млн 300 мың қазақ, 200 мың орыс шаруасы қырылды.

1897 жылы Ресей империясы тұңғыш халық санағын өткізді. Осы санақ қорытындысы бойынша қырғыздар – 200 мың, тәжіктер – 350 мың, түрікпендер – 280 мың, өзбектер – 726 мың, сарттар – 968 мың, қарақалпақтар – 104 мың, қазақтар 4 млн 84 мың адам деп көрсетілді. Осында көрсетілген Орталық Азия халықтары, яғни біздің көршілеріміз, арадан 120 жыл өткенде өз табиғи өсімімен, бүгіндері, бірі 26 есе, бірі 28 есе, бірі 30 есе көбейіпті» деп фактілерді алға тарта отырып, ұлттың келбетін түбегейлі өзгерткен тарихи кезеңді әлі де тереңірек зерттеу қажеттігіне назар аудартты.

Бұдан кейін тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері Дәметкен  Сүлейменова, Еуразия гуманитарлық институтының профессоры Самат Есқалиев, ҚР Ұлттық Қорғаныс университетінің аға оқытушысы, философия (PhD) ғылымының докторы, полковник Ербол Спатаев тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Архив ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жангүл Құдабайқызы қазақ еліне орны толмас шығындар әкелген өткен ғасырдың қаралы беттерін зерттеу, зерделеу ісіндегі архивтердің орны туралы сөз қозғады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, ұлттық жадыны жаңғырту және тарихи тәжірибені болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен іс-шараға астаналық студенттер қатысты.

Ғазиза ИСАХАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button