Елорда тынысы

Абай өмірі – ағылшын тілінде



Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» және «Абай Құнанбайұлы: сипат­тамалы библиографиялық көрсеткіш» атты қос ғылыми еңбектің ­таныстырылымы өтті.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырған бұл шараға абайтанушылар, шетелдік дипломатия өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу орындарының басшылары қатысты.

Түркияның астанасы Анкарада ағылшын тілінде жарық көрген «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» ұжымдық монографиясы – шетелдік қауымға қазақтың бас ақыны Абай мен оның мұрасын жан-жақты танытуды мақсат еткен ғылыми басылым. Кітапта отандық және шетелдік ғалымдардың ұлы ойшыл ақынның заманы, туып өскен ортасы мен өмірі, ұлт зиялыларына жасаған ықпалы, әдеби мұрасы мен мектебі, шығармаларының қолжазбасы мен тілдік ерекшеліктері, діни көзқарасы мен тарихи дүниетанымы, философиясы мен данышпандығы, абайтану саласындағы өзге де өзекті мәселелерді жазған еңбектері қамтылған.

Екітомдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы биб­лиографиялық көрсеткіші» 1889 жылы баспасөзде Абай туралы шыққан алғашқы мақаладан бастап 175 жылдық мерейтойы өткен 2020 жылға дейінгі барлық жарияланымдарды қамтиды. Аталмыш библиографиялық көрсеткішке Абай шығармалары мен абайтану саласындағы кітаптар, монографиялар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, библиографиялық материалдар, диссертациялар (кандидаттық, докторлық және PhD), газет пен журнал мақалалары, тағы да басқа жарияланымдарды қамтыған ұзын саны 12 мыңнан астам дерек енгізілді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button