Басты ақпаратБілім

Абайтануды дәріптейді



Елордадағы №87 мектеп-гимназиясының ұстаздары тәлімгерінің зердесін оятып, рухани таным-түсінігін тереңдетуде Абай іліміне сүйенеді. Дұрысы, ғұламаның дүниетанымы мен көзқарасын дәріптеу арқылы саналы білім, тәлімді тәрбие беруге мән береді. Ал рухани-танымдық жұмыста мектеп қабырғасындағы Абай музейі септеседі.

Бізді қарсы алған білім ордасының директоры Айгүл Оңдағанқызы:

– Біздің гимназия Абай атымен аталатындықтан, ақын мұрасымен тығыз байланыс­ты. Мақсат – білімді, тәрбиелі «толық адам» қалыптастыру. Құндылықтарымыз Абайдың талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым концепциясымен үндеседі. Қысқасы, бала Абай, ақын Абай, хакім Абай бойынша білім беретін елдегі бірегей мектеппіз. Мұны мектеп музейі, «Абай» дебат клубы, «Абай нұры» газеті және тағы басқа рухани-танымдық қозғалыстар арқылы дамытамыз, – деп мән-жайды түсіндірді.

Мектептегі музейді жабдықтап, ақын шығармашылығы мен мұрасын насихаттауға абайтанушы Алмахан Ғабдуллина жауапты екен.

Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайында ұзақ жылдарда мәдени-ағарту қызметін істеген маманды әңгімеге тартып, мектеп музейінің ерекшелігін сұрадық.

– Бала Абайды білмей, ақын Абайды, ақын Абайды білмей, дана Абайды тану мүмкін емес. Сондықтан хакім Абайды сатылап оқыту маңызды. Музейдегі жәдігерлер Абайдың болмыс-бітімін үш бөлімге бөліп, қарастырып, соған сай жәдігерлерді құрдық. Міне, біздің рухани-мәдени орталығымыздың басты ерекшелігі осы, – деп  сөзін бастады музейші.

Елорда төріндегі мектеп музейі Семейдегі Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейімен тікелей байланысты дамуда. Көп жәдігердің көшірмесін сол жақтан алған-ды. Олардың арасында тек мектеп музейінде кездесетін құнды жәдігері де бар. Ол – Шәкәрім қажының келіні Фатиманың жібектен жасалған бөртпе шәлісі. 1945 жылы шыққан газеттің көшірмесін де көруге болады. Бұл тігіндіде Абайдың 100 жылдығы қалай өткені туралы жазылыпты. Абайдың өзі жасаған тұмар домбыра да музейдің төрінде тұр. Ақынның бейнелеу әлемі, музыкалық мұралары және аудармалары туралы да құнды ақпараттарды музейден табуға болады.

– Біздің оқушылар музей ісіне белсенді араласып, Абайдың таным-түсінігі мен болмыс-бітімін тану үшін музейге жиі келеді. Мұндағы жәдігерлерді мектеп қонақтарына өздері таныстырады. Сөйтіп, абайтануға өздерінше үлес қосып жүр. Мектептегі музейдің негізгі мақсаты да осы емес пе?! – дейді ол.

Абай желілік мектептерінің қатарына кіретін білім ордасының әр қабырғасында Абайдың тағылымын тануға әбден болады. Әрі оқушылары да ақынның өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерінің мән-мағынасын тарқатуға тырысты. Қысқасы, мектеп қабырғалары Абайды дәріптесе, оқушылары Абайша ойлауға дағдыланады екен.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button