Басты ақпаратМәдениет

Астанада – дельфий ойындары



Елордада «Silk Way Creative Games» XIV Ұлттық Дельфий ойындары ашылды. Астана қаласының әкімдігі мен Ұлттық Дельфий комитеті бірлесіп ұйымдас­тырған ауқымды шара 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Ашылу салтанатына қоғам және мәдениет қайраткерлері, Парламент депутаттары қатысты.

– Ұлттық Дельфий ойындары – мәдени мұраны сақтаудың, жас таланттарды іздеудің және қолдаудың, жас ұрпақты эстетикалық тәрбиелеудің, жеке тұлғаның рухани қалыптасуына көмектесетін мәдениетаралық диалог пен мәдени дамудың тиімді құралы, жас өнерпаздардың кешенді жарыстары, – дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасының мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева.

Оның айтуынша, биылғы 30 сәуір мен 5 қыркүйек аралығында Ұлттық Дельфий комитеті өңірлік іріктеу турларын өткізді. Оның қорытындысында әр облыстың үздіктері анықталып, өңірлік құрамалар жасақталды. Осы жылы Ұлттық Дельфий ойындары елімізде 14-рет өтіп жатыр, ал Астана бұл ауқымды мәдени шараны 4-рет ұйымдастырды. Биыл оған еліміздің барлық облысы мен республикалық маңызы бар қалалардан 500 жас өнерпаз қатысып жатыр. Ойындар 10-15 және 16-25 жас аралығындағы өнерпаздар арасында 14 аталым бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, фортепиано, скрипка, академиялық ән айту, халық аспаптары, халық әні, халық биі, заманауи би, фотография, киім дизайны, көркем оқу, театр өнері, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, ым-­ишара тілінде ән айту. Көрнекті мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасының құрамында 50-ге тарта адам бар. Ойындар жеңімпаздары биылғы 6-10 қазанда Бішкек қаласында өтетін халықаралық Дельфий ойындарында еліміздің намысын қорғайды. Осындай халықаралық ойындар Астанада 2006 және 2012 жылдары өткен.

Ұлттық Дельфий ойындары  – мәдени шара ғана емес, әлеуметтік жоба. Мәселен, биылғы байқаудың бір ерекшелігі, ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдер үшін ым-ишара тілінде ән айту аталымы қосылды. Оған еліміздің жеті өңірінен 25 адам қатысып жатыр.

Өнерпаздардың сайыстарын жексенбі күніне дейін Жастар сарайынан, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залынан, М.Өтемісұлы атындағы және әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайынан тамашалауға болады.

Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекованың айтуынша, аталмыш ұйым әлеуметтік ортаға талдау жүргізіп, елдегі жаңа мәдени үрдістерді енгізумен айналысады. Сол үшін ойындар қарсаңында конференция өткізіліп, онда жоспарлар талқыланып, жетістіктер айтылады. Биыл стратегиялық сессия ұйымдас­тырылып, онда «Адал Азамат» идеясы талқыланды.

– Президенттің бұл тамаша бастамасының қоғамда қабылданып, жүзеге асуын қалар едік. Бұл үшін нақты қадамдар жасау­ға тырысамыз. Стратегиялық сессияның міндеті – мәдениет қайраткерлері мен мемлекеттік органдармен бірлескен күш-жігердің арқасында «Адал Азамат» қасиеттеріне ие қазақстандықты көре алатындай бірлескен ұсыныстар әзірлеу, – деді Құралай Түспекова.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button