Мәдениет

Астаналық жасөспірімдер – Қазақстан чемпионы



Астанада 12 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Еліміздің 12 өңірінен жиналған футболшылар жарысында «Астана қаласының №8 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» командасы жеңімпаз атанды.

«Жас батыр» стадионында өткен жарыстың іріктеу ойындарынан кейін Астана қаласының, Жамбыл және Қостанай облысы командалары чемпионат жүлделерін сарап­қа салды. Бұл сында Астана қаласының «№8 БЖМОРСМ» командасы (жаттықтырушылары: Ернар Тілеуқұлов, Жамбыл Молдашбаев) ұпай санымен қарсыластырынан басым түсіп, республика чемпионы атағын жеңіп алды. Күміс жүлдені Жамбыл облыстық БЖМСМ тәрбиеленушілері ие болса, үздік үштікті Қостанай облысының жасөспірімдері түйіндеді.

Чемпионат жеңімпаздарын Астана қаласы мәслихатының депутаты, қалалық футбол федерациясының президенті, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лория құттықтап, үздік ойыншыларға арнайы жүлделерді тапсырды.

– Осындай жарыстар үлкен спортқа жол ашады. Чемпионаттың жоғары деңгейде ұйым­дастырылғаны байқалды. Жеңімпаздар бүгінгі жүлделерін құтты болсын! Алдағы уақытта да аянбай жаттығып, мақсаттарына жетулеріне тілектеспін. Сендердің араларыңнан келешекте ұлттық құраманың сапында Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар шығатынына сеніммен қараймын, – деді атақты футболшы жасөспірім футболшыларды марапаттау кезінде.

Астана қаласының №8 БЖМОРСМ мекемесінің директоры Дінмұхамед Құрамаев республика чемпионы атанған балалар мен жарыста жанкүйер болған ата-аналарды, жаттықтырушыларды жеңісімен құттықтап, ризашылығын білдірді.

– Бұл жеңіс үлкен еңбек пен тәртіптің нәтижесі.  Чемпион болғандарын құтты болсын! Әрине, қарсыластар да осал болмады, бірақ сендер жеңіске деген орасан жігерді көрсеттіңдер, – деді футбол мектебінің директоры Д.Құрамаев.

Ал жарыстың үздік ойыншылары болып мына футболшылар танылды:

«Үздік қақпашы» – Әлімжан Қамалиев (Жамбыл облысы);

«Үздік қорғаушы» – Арнұр Мұрат (Астана);

«Үздік жартылай қорғаушы» ­–­ Нұрай Әділхан (Жамбыл облысы);

«Үздік шабуылшы» – Эльдар Жармағанбетов (Қостанай облысы);

«Үздік сұрмерген» – Әділбек Атабай (Астана);

«Үздік ойыншы» – Сүлеймен Халмұрат (Жамбыл облысы).


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button