Басты ақпаратЕл тынысы

Асқақ арман адастырған жоқ



Хасаин Қуанышқалиевтің туған жері Ресейде, Саратов облысының Наливная станциясы. Бұл – шағын ғана елді мекен. Ұл-қыздарының болашағын ойлаған ата-­анасы бала Хасаин бес жасқа толғанда Урбах станциясына қоныс аударады. Бұл да Саратов облысында, халқы он мыңнан асып жығылатын, негізінен, теміржолшылар тұратын елді мекен. Осы жерде Хасаин мектеп табалдырығын аттайды.

Хасаин Қуаныш­қалиев өткен күн­дерді са­ғыныш­пен былай деп еске алады:

«Жасырмаймын, мектепте оқып жүргенде қиқар оқушы болдым. Мұғалімдерге «тәртібім» ұнамайтын. Сабақ үлгерімім де жақсы бола қойған жоқ. Бұл жағдай ата-анама да жететін. Сондай кезде әкемнің қатты ашуланғаны қас-қабағында тұратын. Бірақ қол көтерген емес. Ашуы қайтқан соң, бәрін ақылмен түсіндіруге тырысатын. «Жақсы оқысаң, ертең мықты директор боласың» дейтін еді. Ондағы ойы – ауыл шаруашылығы академиясына түсіріп, келешекте үлкен кеңшарды басқарғанымды көру әкемнің басты арманы болатын. Оның да өзіндік себебі бар еді. Әкем Құспан – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер-танкист. Қан майданнан аман-есен оралған қаруластар әр жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні міндетті түрде бас қосып, арқа-жарқа болып қалатын. Сондай сәтте менің болашағым туралы да әңгіме болады. Әкем мектептегі оқу үлгерімім мен тәртібім жайлы да жасырмай айтады. Соны естіген майдангер досы, ол кісі Мәскеудегі Ауыл шаруашылығы академиясының ректоры болатын, «Құспан дос, Хасаин 10-сыныпты қандай бағаға бітірсе де, еш алаңдамай маған жіберші, академияға міндетті түрде түседі, балам директор болады деген арманыңа да жетесің» деп сенімді сөз айтқаны есімде. Осыны естіген әкемнің көңілі шат болып, бір серпіліп қалғанмен, мен соншалықты қуана қоймадым. Себебі менің арманым – ұшқыш болу. Бірақ әкем «Егер сен сабақ үлгеріміңді түземесең, ұшқыштар даярлайтын оқу орнына түсу мүмкін емес» деп ауыл шаруашылығы академиясына баруым керек екенін тағы да бір есіме салатын».

Бала Хасаин 5-сыныпта оқып жүрген кездің өзінде «Болашақта міндетті түрде ұшқыш боламын» деп бел байлайды. Оның да өзіндік себебі бар.

– Он жастан енді асқан кезім. Бір күні қолыма Александр Покрышкиннің «Чистое небо» деген кітабы түсті. Автордың өзі Ұлы Отан соғысы кезінде ұшқыш болып, аспан төсіндегі талай шайқасқа куә болған екен. Осы сұрапыл соғыс жылдарында өзі де ерлігімен көзге түседі. Оның бұл кітабы патриотизмге, батырлыққа, ерлікке үндейді. Маған да ерекше әсер етті. Ұшқыш болуды қалағанымның мәнісі – сол, – дейді Хасаин Құспанұлы.

Иә, оны арманы адас­тырған жоқ. Училищеде төрт жыл оқыды. Алғашқы екі жыл теория түрінде білім алса, соңғы екі жыл – практика. 1973 жылы «Е-29» самолетімен аспанға бірінші рет көтерілді. Одан кейін «Миг-17»-ні «бағындырды»

1969 жылы орта мектепті бітірген Хасаин бала күнгі арманынан айнымай, Армавир жоғары авиация училищесіне барады. Бұл оқу орнына құжаттарды қабылдамас бұрын қатаң медициналық тексеруден өту керек екен. Бала күнінен спортты серік еткен Хасаин бұл сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді болған. Бірақ өкінішке қарай, олай болмады. Аяғындағы сынықтың орнын байқап қалған хирург «Училищеде оқуға денсаулығың жарамайды» деп кесіп айтады.

– Бала күнімде аяғымды оңдырмай сындырып алған едім. Сол уақытта төрт-бес ай қиналғаным болмаса, одан кейін спортпен шұғылданып жүргенде ауырсынуды байқағаным жоқ. Соны айтып едім, хирург құлағына да қыстырмады. «Мен космосқа алғаш ұшқан Юрий Гагариннің дәрігері болған адаммын. Талабым сол – ұшқыш боламын деген адамның денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы керек» деп айтқанынан қайтпайтынын аңғартты. Аяғымды оңды-солды сермеп, тіземді бүгіп, жаттығулар жасап, денсаулығымның жақсы екенін дәлелдеуге тырысқанымнан түк шықпады. Бірақ еңсем түскен жоқ. «Қайткен күнде де осы училищеге түсемін, бір жолы бар шығар» деп түпкі ойымнан күдер үзбедім. Училищенің маңында айналшықтап бес-алты сағат жүрдім. Өткен-кеткен адамдардан кеңес сұрадым. Жүзі жылы бір кісі «Басқа жоғары оқу орнына түссең, егер қабылдау емтихандары сәйкес келіп жатса, онда училищеге ауысуға мүмкіндік бар» дегенді айтып қалды. Осыны естігенде қуанышым қойныма сыймай, алып-ұшып, құжаттарымды Саратов қаласындағы политехника институтының энергетика факультетіне тапсырдым. Жатпай-тұрмай дайындалдым. Мақсат – емтихандарды жақсы тапсыру. Сол ниетіме жетіп, студент атандым. Бірақ бар ойым авиация училищесі жаққа ауды да тұрды. Қолым қалт босай қалғанда осы оқу орнына барамын. «Ауысатын күн тезірек болса екен» деп армандаймын. Бір барғанымда, басқа оқу орнынан ауысқан күннің өзінде, училищеде бәрін басынан бастау керек екенімді білдім. Оның үстіне қайтадан медициналық тексеруден өту керек. «Гагариннің дәрігері» өткізбейтінін де ішім сезді. Сол себепті политехника институтындағы оқуымды бір семестрден кейін үздім де, әскери комиссариатқа барып, Отан алдындағы борышымды өтеуге өтініш жаздым.

Сонымен 1970 жылы әскер қатарына алынады. Отан алдындағы азаматтық борышын Германияда өтейді. Алғашқы күннен-ақ алдыңғы қатарлы жауынгердің бірі болып, әскери бөлім басшылығы оған жауапты жұмыстарды сеніп тапсыра бастайды. Соның бәрін мүлтіксіз орындаған солдат Хасаин бір күні полк командирі Абрамянның көзіне түседі де, екеуара ашық әңгіме өрбиді. Сөз арасында Хасаин әскери ұшқыш болғысы келетінін, Армавир жоғары авиация училищесінде білім алуға құштар екенін жеткізеді. «Гагариннің дәрігері» медициналық тексеруден өткізбей қойғанын да жасырмайды. Сөзден-сөз шығып, сол дәрігердің полк командирі Абрамянмен бірге оқығанын, екеуі арасынан қыл өтпестей дос екенін біледі. Әскери қызметтік борышы аяқталар сәтте полк командирі бір жапырақ хат жазып, Хасаинның қолына ұстатады. Ол әскери бөлімнің мақтаулы мінездемесімен бірге хатты Армавир училищесіндегі «Гагариннің дәрігеріне» жеткізеді ғой. Алыс Германиядағы досынан келген хатты алып, мерейі өскен дәрігер-хирург бұл жолы Хасаинды медициналық тексеруден өткізбей-ақ, анықтамаға «жарамды» деп қол қойып береді.

– Сол сәт маған айрықша көңіл күй сыйлады. Естен кетпес ерекше сәт болды. Әлі оқу басталмаса да, өзімді ұшқыш ретінде, аспан төсінде қалықтап жүргендей сезіндім. Қуанышымды жасыра алмай, үйдегілерге хабарластым. Олар да мәре-сәре. «Бір-екі жылда станция үстінен самолетпен ұшып өтетін боламын» деп мақтанып та қоямын. Бірақ өкінішке қарай, әкем сол күнді көре алмай кетті. Анам Әсия менің арманымның орындалғанын көрді, – деп бүгінде жетпістің екеуіне қадам басқан Хасаин ағаның көзіне мөлтілдеп жас үйірілді. Әңгімесін үзіп, бір нүктеге қадалып бес минуттай отырып қалды. Не ойлады екен? «Әке, шаруашылық директоры болмасам да, өзіңізді жерге қаратқаным жоқ, арман-мақсатыма жеттім, қалаған оқуымды бітіріп, ұшқыш болып, Ресейде де, тәуелсіз Қазақстанда да мамандығым бойынша ақ-адал еңбек еттім, абырой-беделге бөлендім» деді ме екен іштей?!

Иә, оны арманы адастырған жоқ. Училищеде төрт жыл оқыды. Алғашқы екі жыл теория түрінде білім алса, соңғы екі жыл – практика. 1973 жылы «Е-29» самолетімен аспанға бірінші рет көтерілді. Одан кейін «Миг-17»-ні «бағындырды». Тәжірибелі ұшқыштардан тәлім алды. Соның бірі – полктың бас инженері болған Сәкен Қайыров­тың қазір Ақтөбеде тұратынын да айтып қалды.

Жуков атындағы жоғары әскери академияда Қазақстанның Қорғаныс министрі болған Мұхтар Алтынбаевпен қатар оқығанын мақтаныш етеді. Осы академияда қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен кездесіп, әңгімелескенін де жасырмайды.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов авиация саласында тәжірибелі, білімді мамандарды қызметке шақыруға тапсырма береді. Өйткені маман тапшы кез. Осы уақытта Хасаин Құспанұлы ­Луговойдағы, Семей мен Талдықорғандағы авиация полктарынан шақырту алады. Таңдау Талдықорғанға түседі. Осы орында полк командирі болып 7 жыл тапжылмай еңбек етеді. Одан кейін авиация полковнигі Қорғаныс министрлігінде жауапты қызметтер атқарып, құрметті еңбек демалысына шығады. Қазір елордада тұрады, немерелеріне «Отан қорғау – қасиетті парыз» екенін айтудан жалыққан емес…

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button