Басты ақпаратЕлорда тынысы

Ақмолада жасақталған

әскери дивизиялар (құрамалар) қай өңірде ұрыс салды?



Екінші дүниежүзілік соғыстың дауылды дабылы – таусылмас дастан. Бұл соғысты көзімен көріп, мойнымен көтерген ерлеріміздің ерлігі, сол сұрапыл кезеңнің қырлары мен бар сыр-сипаты тарих төрінде, жыл сайын айтылып, жазылып, көрсетіліп келеді.

1939 жылы қыркүйекте басталған Екінші дүниежүзілік соғысқа әлем халықтарының 80 пайызы қатысқан, соғысқа 60-тан аса мемлекет тартылып, 40-тан аса мемлекеттің жері соғыс өртіне оралған. Аталмыш соғыс тарихын зерттеуші ғалымдар зерттеулерінде Кеңес Одағы Қарулы күштерінің құрамында 35 млн адам, оның 1 млн 366,2 мыңы – қазақстандықтар, еңбек армиясындағы 700 мыңнан аса адамның 200 мыңнан астамы қазақтар екені айтылады.

Ұлы Жеңіске қол жеткізуде Ақмола өңірінің халқы да өз үлестерін қосты.

Ақмола қаласы соғыстың бастапқы күнінен-ақ жауынгерлік бөлімдерді жасақтау орталығының біріне айнал­ды. Аса қысқа мерзімде 310-387-атқыштар дивизиясы, 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 106-атты әскер дивизиясы Ақмола жерінен майдан даласына аттанды. Ақмолада жасақталған әскери бөлімшелер мен дивизиялардың құжаттары, әскери операциялар, жан алып, жан беріскен қиян-кескі соғыс оқиғаларының толық хронологиясы, жеке жауынгерлер туралы мәліметтері, тарихи формулярлар мен соғыс әрекетіндегі журналдар, әскери әрекеттердің карталары, майдандар бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқандардың тізімдері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигельдинов, Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы  Мәлік Ғабдуллин, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров туралы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде (ЦАМО) сақталған архив деректерінің көшірмелері Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақтаулы.

Орта Азия әскери округінің Әскери кеңесі 1941 жылы 15 шілдеде Ақмолада әскери уақыт талабымен 310-атқыштар дивизиясын жасақтау туралы №1 бұйрыққа қол қойды. Жауынгерлер мен офицерлер құрамын жасақтау және жауынгерлерге тез арада оқу-жаттығу жүргізуге бір ай уақыт берілді. Жауынгерлер Ақмола облысының дихандары мен малшыларынан, завод, фабрика жұмысшылары мен интеллигенцияларынан, Қарағанды шахтерларынан жасақталды.

Офицерлер құрамының 15-17% кадрлық бөлімнен, көпшілігі Алматы әскери училищесінің түлектері болатын.

Алғашқы дивизия командирі Никифор Матвеевич Замировский болды.

30 шілдеде дивизияның алғашқы бөлімдері әскери ант қабылдады. 1941 жылы 17 тамыз­да дивизия толық жасақталып, киім-кешек, қару-жарақ 80% беріліп, 17 эшелон майданға аттанды. Жетіспеген материалдық бөлігі жолда және Тихвин станциясында толықтырылды.

310-атқыштар дивизиясының құрамында 40%-і – қазақтар, 30%-і – орыстар,  25%-і – украиндар, 5%-і басқа ұлттардың өкілдері болды.

310-атқыштар дивизиясы Ленинград, Волхов, Карел, 2-Белорусь майдандары құрамында фашист басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысты. 1944 жылы Новгород қаласы үшін сәтті шабуылдаған шайқастарды жүргізгені үшін Жоғарғы Бас қолбасшы Кеңес Одағының маршалы Сталиннің бұйрығымен дивизияға «Новгород» атауы берілді. Бұл дивизия Карелияны, Польшаны азат етуге, Шығыс Помераниядағы жау тобын талқандауға және Берлин операциясына қатысты. Дивизия Қызыл Ту және Ленин ордендерімен марапатталды.

310-атқыштар дивизиясы майданға аттандырған соң, 1941 ж. тамызда Ақмола қаласында 387-атқыштар дивизиясын құру туралы бұйрық (11.08.1941 ж. №2/539008) келеді. Бұл жолы әскери жауынгерлік дайындыққа 2,5 ай уақыт беріледі, 1941 ж. 20 тамыздан 6 қарашаға дейін  дивизия толық жасақталып, 6, 7 және 8  қарашада Ақмола қаласынан 15 эшелон, соңынан 14 қарашада тағы 14 эшелон Пенза темір жолымен Батыс майдан құрамындағы Мичуринск қаласының аудандарына қорғаныс шебін құруға аттанады. Дивизия Новочеркасск, Севастополь, Қырым қалалары үшін болған ұрыстарға қатысады. 1944 жылы 24 сәуірде Перекоп шетіндегі шабуыл операциясындағы ерлігі үшін Жоғарғы Бас қолбасшының №0102 бұйрығымен оған «Перекоп 387-атқыштар дивизиясы» деген атақ беріледі.

1941 ж. 4 желтоқсандағы Орта Азия әскери округінің №00121 бұйрығымен 25 желтоқсанда Ақмола қаласында 459-атқыштар дивизиясы құрыла бастайды. Бірақ 1942 жылғы 18 қаңтардағы №004 бұйрықпен 29 нөмір беріледі.

29-атқыштар дивизиясын құруға және жауынгерлерді әскери дайындықтан өткізуге төрт айға жуық уақыт беріледі. Бұл, әрине, жауынгерлік құрамның сапасына айтарлықтай әсер етеді, оқу-жаттығу кезінде жауынгерлер шабуыл, қорғаныс, қарсы ұрыс, т.б. әдіс-тәсілдерді меңгеріп шығады. 1942 жылы сәуірдің басында Ақмола мен Қарағанды теміржол станцияларынан 29-дивизияның құрамалары эшелондарға отырып, Тула облысына бағыт алды. Дивизия 1942 жылы шілдеде Сталинград бағытына ауыстырылады, жауынгерлер Сталинград шайқасына оқ пен оттың ортасына түседі.

Дивизия фашистерге адам күшімен де, техникасы жағынан да орасан зор зиян келтіре алды. 1943 жылдың 10-31 қаңтары аралығындағы фельдмаршал Паулюс жауынгерлерімен көшедегі ұрыс кезінде 5200-ге жуық адам жойылды, 13 мыңнан астам неміс және румын солдаты мен офицері тұтқынға алынды, оның ішінде екі генерал бар. Қазақ жауынгерлерінің Сталинградты қорғау кезінде көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы 1 наурызда КСРО Халық комиссариатының №104 бұйрығымен 72-гвардиялық дивизия деген атақ беріледі. 1943 жылдың жазында дивизия Белгород түбіндегі Курск доғасындағы ұрыстарға қатысып, Харьков, Мерефа, Красноград, Кировоград қалалары үшін ауыр шайқастарды бастан өткерді. 1943 жылы 19 қыркүйекте Красноград қаласын азат етудегі ерлігін есте сақтау мақсатында Красноградская құрметті атағы беріледі. Кировоградты азат еткені үшін 1944 жылы  қаңтарда Қызыл Ту орденімен марапатталады.

Бұл дивизия Румыния, Трансильвания, Венгрия, Австрия және Чехословакияны фашис­терден азат етуге қатысты.

1942 жылы наурыз-сәуір айларында жасақталған 106- Кавалериялық дивизия 28 сәуірде Ақмола қаласынан шығып, Харьков түбіндегі Савинцы теміржол стансасына 12 мамыр­да жеткен. 106-Кавалериялық дивизия туралы нақты деректер болмағандықтан, күні кешеге дейін ресми мойындалмай, ұрысқа қатысқаны жоққа шығарылып келген еді.

Кейін табылған архив деректері бойынша, дивизияда аттылы 4092 адам, қару-жарағы 102 винтовка, 68 миномет, 3100 қылыш болған екен.

Жауынгерлер Ақмола, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан жиналған. Қазақ сарбаздары атпен неміс танкілеріне және пулеметтерге шабуылдаған. Жау оларды төбесі биік сайға қарай ықтырып, сайдың түбінде жиналған салт атты қазақ сарбаздарына оқ жаудырған.

Харьков облысының Красноград ауданының елді мекендеріндегі ұрыс алаңдарын және бауырластар зираттарын зерттегеннен кейін, 200-ден астам кавалерист сарбаздың есімі жаңғыртылды.

Аңызға бергісіз ерлік жасаған Ақмола құрамаларының тарихы терең, айтылмаған ақиқат әлі де бар.

Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-
зерттеу және ақпараттық қызметінің басшысы 




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button