Ел тынысы

Басымдықтарды айқындады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы қатынастарды дамытуға баса мән берді.

«Қазақстанда тәжік халқына ерекше құрметпен қарайды, сондай-ақ достық, бауырластық және өзара қолдау рухындағы ынтымақ­тастығымызды нығайтуға айрықша мән береді. Сондықтан бұл сапар өте маңызды. Жаңа ғана сіздің сапарыңызды тарихи сапар деп атап өттік. Өйткені ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады. Екі ел арасында одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойылады. Бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Себебі одақтастық қарым-қатынас аясында жаңа стратегиялық жобалар жүзеге асырылады. Біз жаңа ғана екі-үш ірі стратегиялық жоба әзірлеу қажет екенін айттық. Екі ел үкіметтеріне осы міндетті жүзеге асыру жөнінде тапсырма бердік. Жақын арада екіжақты қарым-­қатынас жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз Орталық Азияның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше халықаралық құрылым аясында өзара іс-әрекет жүргіземіз. Екі ел арасында түрлі сала бойынша 100-ден аса келісімшарттан тұратын маңызды келісімшарттық-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім жаңа келісімдермен толығады» деді Президент.

Мемлекет басшысының ай­туынша, қазақ-тәжік қатынасының ерекше саласы саналатын мәдени-­гуманитарлық байланыстар дәйекті түрде нығайып келеді.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанмен арадағы өз­ара тиімді ынтымақтастыққа баса мән береміз. Стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген тәжік-қазақ қатынастарының барлық бағытын дәйекті түрде дамытуға ниеттіміз. Бүгін біз тарихи құжатты – Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияны қабылдаймыз. Бұл құжат екіжақты байланыстардың іргетасын айтарлықтай нығайта түседі. Дипломатиялық қатынастар орнаған отыз жылда біз ынтымақ­тастықтың барлық саласында елеулі табысқа қол жеткіздік. Жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог бұл үдеріске ықпал ететіні сөзсіз. Осы уақыт аралығында мемлекет­аралық ынтымақтастықтың қажетті тетіктері жасалды және ауқымды құқықтық база қалыптас­ты. Біз оны бүгін жаңа құжаттар топтамасымен толықтырамыз. Сауда-­экономикалық байланыстар біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бөлігі саналады. Қазақстан бірнеше жылдан бері Тәжікстанның ­сыртқы сауда құрылымында жетекші орынға ие. Құрметті Қасым-­Жомарт Кемелұлы, Сіздің Тәжікстанға ресми сапарыңыз барысында жыл сайынғы тауар айналымын алдағы уақытта 2 миллиард долларға жеткізу жөнінде уағдаластық. Бұл міндеттің жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны қуантады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1,5 миллиард долларға жетіп, 20 пайызға артты. Бүгінде Қазақстан Тәжікстанның сауда серіктестерінің арасында екінші орында тұр» деді Тәжікстан Президенті.

Келіссөздердің нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button