Қала мен Сала

Депутаттар нысандарды аралады



Астана қаласы мәслихатының депутаттары бірқатар әлеу­меттік нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Соның барысында тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда кедергі келтіретін мәселелер анықталды.

Мәслихат депутаттарының қатарында Кендебай Адамбеков, Мәдина Әжікенова, Жанаргүл Күлмағамбетова, Бауыржан Қасымбергебаев, Арсланбек Мағзұм, Бауыржан ­Смайылов болды. Олар «Астана қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асыру нәтижелері» тақырыбында жария тыңдауға дайындалу аясында әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен депутаттар қаладағы Т.Бигелдинов пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан ақылы тұрақтарға барды. Қазіргі уақытта қала бойынша 7300-ге жуық ақылы тұрақ бар. Мұнда әр көлік күніне шамамен 40 минуттай тұрады. Алдағы уақытта ақылы тұрақтар ЭКСПО аумағында пайда болмақ. Жоба іске қосылғалы бері ақылы тұрақтардан 300 миллионнан аса қаржы түскен. Аурухана, балабақша, мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді әлеуметтік нысандарда ақылы тұрақтың болуы көлік қозғалысын азайтуға септеседі. Бұл туралы Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев айтты.

Одан кейін депутаттар қала сыртында орналасқан қауіпті қалдықтарды, оның ішінде құрамында сынап бар және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату, қайта өңдеу бойынша қызмет көрсететін өндіріс орталығына барды. Мұнда «Kazecotech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Владимир Андреев атқарылған жұмыстар жайында әңгімеледі.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асыру кезінде соңғы 3 жылда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде жеке серіктес өтеусіз негізде тұрғын үйлердің жанынан бес сынап құюды жойып, 4 кг-нан астам сынап жинады. 13 млн текше метрден астам ауаның ластануына жол берілмеді» деді В.Андреев.

Оған қоса, депутаттар қаладағы гуманитарлық колледждің жұмысымен танысты. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев те қатысып, қалада педагог кадрларды даярлау жұмысына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Педагогикалық білім елорданың 4 оқу орнында беріледі. Олар: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев университеті, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты және Астана халықаралық университеті. Оның ішінде оқу грантының 65 пайызы Астана халықаралық университетіне тиесілі. 2026-2027 жылға дейін 100 мың балаға 3500 педагог қажет болады.

Сондай-ақ халық қалаулылары қаладағы паралимпиадалық жаттығу орталығына барды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Бүгінгі таңда мұнда спорттың әр түрінен жаттығу өтеді.

«Біз әріптестерімізбен бірнеше нысанға барып қайттық. Мұндағы басты мақсат – мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатқанын көру. Мәселен, біз ең соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтарда болдық. Мұнда келушілер үшін барлық жағдай жасалған» деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button