Басты ақпаратЕл тынысы

Елдің сенімді қалқаны



Отанды қорғау қашан да әр азаматтың негізгі мұраты мен қасиетті парызы болып саналған. Отыз бір жыл ішінде Қазақстан Қарулы күштері ел тәуелсіздігінің берік тірегі болып қалыптасты. Әрине, ол оңай болған жоқ, әскери құрылыс барысында талай күрделі кезеңдер де болды. Бірақ соның бәрін еліміз еңсере білді.

Жыл сайын Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметін өтеу­ге мыңдаған сарбаз аттанады. Жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен басқармалардың басты мақсаты – әскерге шақыру ісін сапалы жүзеге асыру.

Биылғы көктем науқанында Астана қаласынан 1024 адам әскер сапына аттанбақ. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік ­комитеті Шекара қызметіне – 199 адам, Қарулы күштерге – 457 адам, Ұлттық ұланға – 360 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 8 адам шақырылады.

Өткен жылғы күзде Астана қаласы бойынша әскерге шақыруға 800 адам жіберу көзделіп, бұл межені 1040 адамға жеткізіп, асыра орындадық. Нәтижесінде республика бойынша әскерге жөнелту жұмысының қорытындысы бойынша алдыңғы қатарлы үштіктен табылдық. Көктемгі әскерге шақыру науқанын елордада жаңа мекенжай бойынша жүргізіп отырмыз.

Астана дамыған сайын аудандардың да, халықтың да саны көбейіп келеді. Қалалық әкімдіктің шешімімен Республика даңғылы, 54 мекенжайындағы алты қабатты зәулім ғимарат беріліп, Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа аудандарының шақыру пункттері мен қалалық жиын пунктін бір жерге шоғырландыру мүмкіндігі оңтайлы шешілді. Бұл әскерге шақырылушыларды тасымалдауға кететін шығынды қысқартуға және уақыт үнемдеуге тиімді болып отыр.

Қазір әскерге шақырылуға тиісті ер-азаматтарды хабардар ету жұмысы дербес шақыр­ту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекен­жайына немесе жұмыс орындарына жеткізіледі. Осы процесті автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап әскерге шақырылушыларды SMS-хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету жүргізілуде.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада он әскерге шақырылушыны хабарландыру үшін қызметтік автокөлікпен екі-үш қызметкер он-он екі литр жанармай жұмсап, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша іздеуші еді. Соның өзінде он әскерге шақыру жасындағы азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша 2-3 адам ғана табылатын. Оның өзінде сол 2-3 адамның бір-екеуі – студент не әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығына ие болғандар. Енді шақыруды кейінге қалдыруға болатын баптардың бесеуі автоматты түрде шешіледі.

Мерзімді қызметке әскерге шақыруды жүргізу кезінде біз жұмысты барынша ашық форматта жүргізуді жалғастырамыз. Бұл ретте әрбір азамат қажетті ақпаратты алу үшін бізге жүгіне алады және оның сұрақтарына толық жауап беріледі. Ол үшін әрбір Қорғаныс істері департаментінде «Қарулы күштер – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе жұмыс істейді. Әлеуметтік желіде де электронды пошталар мен ресми аккаунттар ашылды.

Биылғы үлкен жаңалықтың бірі – мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге кредиттік каникулдар беру жөніндегі іс-шараларды іске асыру аяқталды. Республика бойынша бүгінде 3,4 мың әскери қызметшіге 4,9 мың қарыз бойынша негізгі борыш пен сыйақыға қатысты төлемдер кейінге қалдырылды.

Айта кету керек, Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікпен бірлесіп, мерзімді әскери қызметтен өтудің беделін арттыру мақсатында 2022 жылғы 5 желтоқсанда мерзімді әскери қызметке шақырылған, банк қызметі бойынша қарыз алушылар (қосалқы қарыз алушылар, кепілгерлер, кепіл берушілер) ретінде саналатын әскери қызметшілердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екінші деңгейлі банктер, банк операция­ларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым­дар, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардағы қарыздар мен микрокредиттерге қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, байқауға қатыспай түсу мүмкіндігі (ақылы негізде) қарастырылған.

Сондай-ақ еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орындарымен мерзімді әскери қызметтен өткен 3000 орынды білім беру секторында үздіктерге беруді көздейтін келісімге қол қо­йылды. Әскери кафедраларға конкурстан тыс түсу мүмкіндігі де қарастырылады. Оқу орталықтары арқылы мерзімді әскери қызметшілерді мемлекеттік үлгідегі тиісті куәліктер бере отырып, әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жүзеге асырылады.

Осындай жаңашылдықтар мемлекеттік органдармен, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйе­сімен өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырудың арқасында мүмкін болды.

Бұдан бөлек, жақын арада міндетті әскери есепке қоюды және одан шығаруды жою іске асырылады. Яғни тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери міндетті мен әскерге шақырылушыны есепке қою және одан шығаруды тұрғылықты жері бойынша тіркеп, автоматты түрде іске асырылады. Тағы бір жайт, әскерге шақырылушыларға тіркеу туралы куәлік және әскери қызмет өткермеген адамдарға әскери билет беру тоқтылады. Яғни әскери билет тек әскери қызмет өткерген азаматтарға ғана беріледі.

Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, отбасына оралған сарбаздарды салтанатпен қарсы алу дәстүрге айналды деуге болады. Ондағы мақсат – жастардың бойында отансүйгіштік рухты сіңіру, әскери қызметтің оң беделін одан әрі арттыра түсу.

Күні кеше 2 мамырда ­«Астана-1» теміржол вокзалының перронында мерзімді әскери қызметін аяқтаған ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің 40 матросын салтанатты қарсы алу шарасы өткізілді.

Медет ТҰРЫСКЕЛДИЕВ,

Астана қаласы ­Қорғаныс істері департаментінің ­бастығы, подполковник




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button