Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елорданы дамыту міндетін жүктеді



Президент Қ.Тоқаевтың тарапынан елорданың дамуы мен өркендеуіне қатысты бірқатар міндеттер мен тапсырмалар берілді. Осы міндеттер мен тапсырмалар жүзеге асырылса, елорда тұрғындарының өмір сүру сапасы арта түседі. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте бас қаланы дамытудағы негізгі бағыттар туралы баян­дадым. Солардың кейбіріне қысқаша тоқталып өтейін.

Бірінші. Тіршілікті қам­тамасыз ету нысандары туралы.

Биыл бірқатар маңыз­ды инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын аяқтап, іске қосуды жоспарлап отыр­мыз. Олар: №3 су сорғыш станция, №3 жылу-электр орталығы, екі газ жылу станциясы. Олар қаланы қосымша көлемде сумен және жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сумен тұ­рақты қамтамасыз ету үшін Нұра жерасты су құбырының құрылысы мен Тельман сорғы станциясын кеңейту бойынша жобаларды жүзеге асыруды бастаймыз. Сонымен қатар Сәтбаев атындағы каналдан су алуды көздейтін төртінші сорғы-сүзгі станциясын жобалауды жоспарлап отырмыз.

Екінші. Әлеуметтік нысандар құрылысы туралы.

Екі жылда 40 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде қазіргі күні жергілікті бюджет есебінен – 16,5 мың орынға арналған 11 мектеп, жеке инвестиция есебінен 4 мектеп салынады. Сондай-ақ биыл «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың орынға арналған (екі ауысымды) 24 мектептің құрылысын бастаймыз. Бұл оқушы орындары тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.

Екі жыл ішінде мемлекеттік-жеке әріптестік қағидатына сәйкес жеке инвестициялар есебінен 30 балабақша салынады. Сондай-ақ жыл сайын жеке балабақшаларға орналас­тыру үшін мемлекеттік тапсырыс бөлеміз.

Сапалы медициналық көмек көрсетуге қатысты бірқатар іс-шара атқарылуда. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 12 жобаны жүзеге асырып жатырмыз: 2 перинаталды орталық пен тұрғындарға қолжетімді 8 амбулаторлық кешен, медициналық және оңалту орталықтары.

Үшінші. Апатты үйлерді бұзу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау туралы.

Осы жылдың наурызында қалалық жаңғырту бағдарламасының мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылды. Соның нәтижесінде 206 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік пәтер салуды, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды (30-дан астам тұрғын үй кешені) аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Төртінші. Жұмыс орындарын ашу

Биыл бизнестің, әкімдіктің және білім беру институттарының тығыз ынтымақтастығы арқылы 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Негізгі жұмыс орындары шағын және орта бизнес саласында құрылып жатыр, онда қазір елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының 70%-ы еңбек етеді.

Сонымен бірге ШОБ үшін жағдай жасауды, қала экономикасына жеке инвестициялар тартуды әрі қарай да жалғастырамыз. Елордада 154 инвестиция­лық жоба пулы құрылды. Биыл 25 кәсіпорын іске қосылады деп күтіліп отыр.

Бесінші. Абаттандыру

Биыл бір миллионға жуық жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаланы жаппай көгалдандыруға; қаладағы саябақтар мен гүлзарларды қайта құруға және жөндеуге, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыруға, 70-тен астам көшені жөндеуге және т. б. мүмкіндік береді.

 Жеңіс ҚАСЫМБЕК,

Астана
қаласының әкімі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button