Ел тынысы

Жаңа бағыттағы Жолдау



Елдік қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтаған ұлттық мереке – ­Республика күні қарсаңында елордадағы «Нұр-Сәулет» бизнес орталығында Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты конференция өтті.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаевпен бірге, еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, денсаулық, білім беру, әлеуметтік сала қызметкерлері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.

Отырысқа арқау болған ортақ мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жолдауында аталған басты бағыттарды талқылау және оны Астана қаласының даму призмасы тұрғысынан қарас­тыру.

– Әділетті мемлекет құру кезеңіндегі Қазақстанның бүгінгі жағдайында бұл Жолдаудың маңызы өзгеше. Оны Жолдаудың атауы да анықтап тұр. Осы үштаған секілді үш киелі ұғым – күллі халықтың көкейіндегі ойы және оның іске асырылуынң көкжиегі. Президент кезекті Жолдауында экономика, халық әлеуеті, жер байлығы, саяси реформа және әділ сот жүйесін одан әрі жетілдіру бағыты бойынша қомақты мәселелерді қозғап, нақты бағыт-бағдарды айқындап берді. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы – демократияның даңғыл жолына жасалған тарихи қадам. Сондықтан біз бәріміз әділетті мемлекет құру жолында қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, – деді Е.Жаулыбаев.

Одан әрі елордалық қоғам белсендісі, білім саласының үздігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Астана қаласындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, Еуразиялық медицина ассоциациясының вице-президенті Надежда ­Петухова ел болашағына қатыс­ты мәселелер туралы кеңінен сөз қозғады.

Жолдауда аталған нақты 5 бағдарға тоқтала келе, ­Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы әділетті Қазақстан құру туралы пікірін білдірді.

Жолдау жүктеген міндеттің бірі – жастарды жұмыспен қамту, оларды кәсібилік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Бұл туралы пікір білдірген «Qazaqstan Тeam» жастар ұйымы­ның басшысы, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңесінің мүшесі Олжас Сүлейменов ел болашағына арналған стратегия­лық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту жөнінде баяндады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлының айтуынша, Президент Жолдауында да, Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда да әділеттілік пен еңбек туралы ерекше атап өтті.

– Осы екеуінің байланысы біздің бүгінгі деңгейімізді көрсетеді. Астана – елдің айнасы. Ал мұнда өткізіліп жатқан барлық шаралар басқа аймақтарға, ауылдарға дейін жетеді. Біз соны ескеруіміз керек. Бүгінгі басқосуға зиялы қауым өкілдері көбірек қатысып отырғандықтан, жиында білім саласына қатысты мәселелер кеңінен қозғалды. Қазір Астанада жүзден астам білім беру мекемелері жұмыс істейді. Меніңше, мектеп мәдениеттің, зиялылықтың ордасы болуы керек. Өйткені бұл – қоғам өкілдерінің билікпен арасындағы алтын көпірі. Бұл ретте ата-ананың, қоғамның және қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру керек, – деді Д.Қамза­бекұлы.

Елордамыздың негізін қалау­шылардың бірі, бүгінде Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов болса «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы елімізді ізгі мақсаттарға жұмылдыратынын жеткізді.

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button