Мәдениет

Жұбановтардың ән әлемі



Астанадағы Қарулы күштердің ұлттық әскери-патриоттық орталығында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов) «Жыр жазамын жүрегімнен» атты концерті өтті.

Кеш қазақ кәсіби музыка өнері мен музыкатануының негізін қалаушы, академик, көрнекті композитор, әйгілі дирижер, Қаз КСР халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ахмет Жұбанов пен Қаз КСР мен КСРО халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғазиза Жұбанованың шығармашылығына арналды. Ал концертке Ғазиза Ахметқызының дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың өлеңіне жазылған ән атауы берілді.

Аттары аталған музыка майталмандарының кез келген шығармаларының шоқтығы биік. Қос тұлға қазақ музыка өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқаны әмбеге аян. Кеш барысында Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасынан I, II-бөлімдер, «Абай» операсынан Абайдың ариясы, «Би күйі», «Қайдасың?», «Романс», «Көктем», «Ақ көгершін», «Жезкиік», «Қарлығаш», Ғазиза Жұбанованың «Ақсәуле», «Таутүрген таңы», «№1 квартет» (I-бөлім), «Жыр жазамын жүрегімнен», т.б. шығармалары орындалды.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілдә, қобызшы Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Тәшімова, «Bala time» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық студиясы балалар хорының солистері Әмина Ауданғали және Жанұзақ Сұпығалиев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Алтынбек Арыс­танбек, Шолпан Мағұлова, Талғат Аллабиринов, Феруза Рахметова, Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті қатысты.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button